Қазақтың қол өнеріндегі қолданылатын оюдың бір түрі. ~ Сынық мүйіз – өмірдің өзгерістері мен сабақтастығын бейнелейді. Б.Боп.~ Шығыс Қазақстанда барқыт, мақта матаның бетіне кестелеп өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген. Көкшетау өңірінде тұскиіздің бетіне шибарқыт матадан ойып арқар мүйіз, ал шеттеріне сынық мүйіз ою-өрнегі түсірілген. А.Жұм.
СЫНЫҚ МІНЕЗ
1. Ойлы, байыпты, сыпайы, әдепті, инабатты. ~ Сыпайы адам сынық мінезді, көпке жұғымды сүйкімді атанады. М.Әлімб. ~ Баласы Қаумен ағам Қауынбайсың, Иісті, пісіп тұрған қауындайсың. Тұрғанда бақ басыңда, халық қолында, Бұлт шөгер Алматының тауындайсың. Шырын тіл, шырайлы жүз, сынық мінез, Көктемде көк шығарған жауындайсың. Т.Ізт. ~ Сәкен жинағындағы кеп өлеңдер де нақ осы сипатта. "Жарға арналған жырлардан", "Хаттар сыры" топтамаларында да таза жанды, ыстық қанды, сынық мінез, шок сезімді бейнелер бедерлі көрінген. Ә.Жәм. ~ Сыпайы-лықтан аспайтын сынық мінезде де жасандылық жоқ. Сырты нұрлы, іші сырлы Тәрбие күн өткен сайын Талапты өзіне қуатты магниттей тарта берді. С.Дос. ~ Хорының қызы ма деп көрген кісі Тамсанып кете алмайды таңырқанып. Сөйлессең бір жасайсың көңлің шат боп, Сөзіне ләззатты мейірің қанып. Биіктеу денесі бар талма бойлы, ылайық мінезіне әзіл-ойыны. Салмақты, байсалқалы, сынық мінез, Алыстан болжайтұғын терең ойлы. БС "Ақбөпе-Сауытбек". 2. Мұңды, уайымшыл, қабағы ашылмайтын адам туралы. ~ Үбиан мұңайып жүрді. Кім білсін, атастырған қыздың аяғына тұсау түскендей болатыным сезіп қынжылатын шығар. Көз алдында елі енші бөліскендей алыс-беріске түскені де қинай ма, әйтеуір әпкем сынық мінез боп алды. Б.Мом.
СЫНЫҚ КӨҢІЛ
Жабырқау, уайымшыл. ~ Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң. Көңілге түрлі ой түсер, Әр тереңге нұсқасаң. Абай. ~ Бірақ менен кінә жоқ деп, өзімді өзім жұбаттым. Жағдай, тұрмыс, ең бастысы — сынық көңіл аяғымды тұсап, артықша мүмкіндік қалдырмағаны рас. М.Мағ. * «Осынікі де жөн-ау», – деді ішінен. Бұдан соң ол аптыққан, әлденеге қысастанып, орынсыз шаптыға берген сынық көңілін сап-сап басып, ақылға жеңдірген. О.Бөк. * Атағына дақ түсіп, сынық көңіл болып, кеуделі ауылдың әлпештеулі бойжеткені — ол отыр. Керімбектің жаңағы сөзін үндемей құп алған Абдолла бүгін өзге топ тағы бір талай әңгіменің басын шалса да сөйлемей қалды. Ж.Ахм.
СЫНЫҚ ИНЕ, ТҰТАМ ЖІП
Титтей нәрсе д.м. ~ Күлмира бұл үйдің сынық ине, тұтам жібін сетінеткен емес. Д.Әб.
СЫНЫҚ ИНЕ, СЫДЫРЫМ ТАСПА (АЛМАДЫ)
Болмашы нәрсе (алмады). ~ Екеуі және жүрді зыр жүгіріп, Кез болды бір өзенге талай жүріп. Жарлы бала өзеннен балық алды, Таспаны бау, инені қармақ қылып. От жақты, балық пісті, тойып алды. Байбатша қуанғаннан әнге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа» деген, Мирас боп кейінгіге сонан қалды. Шәк. ~ Бас қалқа — хан Абылай қой-қойлады, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа алман» деп, Түйесін өрістегі жия барды. Ағадан осылайша көңілі қалды, Түйенің үйге барар қомын салды. Жеті күн, жеті түнде үрдіс көшіп, Бойына Ащысудың жетіп барды. БС. "Қисса Ер Қабанбай".
СЫНЫҚ ИНЕ ҚАЛДЫРМАДЫ
Түк қалдырмады. ~ Дүниесін бере берсін Хұршым танып, Бастырып екі арбаға тиеп салып. Сол үйден (ыстық) сынық ине, түк қалдырмай: Келіндер! — дейді — түгел жинап алып! М.Ж.Көп.
СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ
Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".
СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)
Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.
СЫНЫҚ ЖЕТІМ
Мұңды, шерлі, бишара. ~ Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Ә.Асқ.
СЫНЫҚ БҰРАУ ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚАЛМАДЫ, ТАСТАМАДЫ)
Түк қалдырмады, түгел алып кетті. ~ Таңертең үйіне оралса, ұрылар керек-жарағын алып кеткен болып шығады. Көп өтпей әлгі адал адам тақыр кедейге айнала бастайды. Ұрылар оның үйінде сынық бұрау қалдырмай тонап кетеді. И.Калвино. ~ Атан түйелерге бастыра жүк артып, қыл арқанның бір ұшын белдеріне шалып алған жігіттер, бір-біріне «алдысың ба, артысың ба?» деп алып, шірене тартқанда, қимылдарына көз ілеспейді. Ал әйелдер жағы сабақты жібін, сынық бұрауын жұртқа тастамайды. Қ.Жұм. Жігіттердің жүздері жайраң, көңілдері мейрам. Әрқайсысы емен-жарқын тіл қатып, күш-көліктің жеткілікті болғанын, көшкен жұртта сынық бұрау да қалмай, тегіс жолға түскенін баян етті. Қ.Жұм.
