Home » Page 274
Posted in

СЫНЫҚ БҰРАУ АЛМАДЫ

Бірдеңе алмақ түгіл, қолын да тигізген жоқ д.м. ~ Марқұм енесінің аманатын келіндері қаперіне алмады Өз қалауымен жат жұртқа ұзатыларда сынық бұрау да алмады.Төл атымен түйешіге ілесіп кете барған. Ө.Кәр. ~ Арлы әйел жарамды сыртқа білдірмесем дегенмен, маңдай терімен толған бір үйлік жасаудан сынық бұрауда ала алмай қорланды. Ғ. Қан.

Posted in

СЫНЫ КЕТТІ

Бұрынғы сәні сақталмаған, сиқы бұзылған д.м. * Қарашұға шалбары да (ескінің жұрнағы ғой), қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. Ж.Айм. ~ Ана тілім ғажап деп айта аламын, Жәннаттай жан балқыта жай табарым. Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім — Келеді толас таппай қайталағым. Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып, Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып… Қазағы қадырына жеткен сайын Жайнайды, Ертеңге де нұрын шашып. М.Әлімб. ~ Өзің еккен алма ағаш мұңаяды, Өмір ай, Олар дағы қартайыпты. Жапырақты тыңдадым сыбыр еткен. Өзіңсіз бұл өмірдің сыны кеткен. Көрдім де көз жасымды тия алмадым, Сол баудағы ізіңді жүріп өткен. А.Пош.

Posted in

СЫННАН ӨТКЕН

Талай қиындықты бастан өткізіп, шыныққан, сыналған. ~ Атажан бай елінде болатын үлкен той, ат бәйгеге қос тұлпарын қосу үшін атбегілігі сыннан өткен қарт қазаққа баптауды бұйырған екен. А.Кем. ~ «Иә, иә, — дейді ол, — бұдан басқа жол жоқ. Менің қолымнан осылай істеу ғана келеді. Бұл — әбден сыннан өткен әдіс. Көрейін содан кейін қолжазбаны қайтып бермегенін». І.Ес.

Posted in

СЫНДЫРҒАН НАНДАЙ (СЫПАЙЫ, БИЯЗЫ)

Көргенді, сыпайы, бипаз. ~ Неге екенін қайдам, әлгі профессор көз алдымда тұрады да қояды. Артық сөзі жоқ, сындырған нандай сыпайы жан. Көзқарасында әйел затына ұнайтын бір сипаттар жалт беріп тұрған. Р.Рай. ер. ~ — Иә, көрдім. — деді Шайым жымыңдап, — сындырған нандай биязы бала. Ажары да ешкімнен кем емес. Майысып шай құйып қызмет қылғанын айтсай шіркіннің? Н.С~ – Қыз маған ұнайды. Шіркін-ай, сындырған нандай боп өскен екен. Кейде түн бойы аңдып жатамын. Тырп етпейді-ау, тырп етпейді. Р.Рай. ~ Мінезін айтсайшы, баяғы дәлдуінің бірі жоқ. Сындырған нандай. Ұшырасқан сайын «апалап» ызылып тұрғаны. Н.Сер.

Posted in

СЫНАСЫН ТАПТЫ

Қиюын келтірді; ретін тапты. ~ Келіншек сынасын тауып, ақ патшаны түйреп өтті де, оның оң қолы губернаторды қатты шымшыды. М.Дүз.

Posted in

СЫНАПТАЙ ТОЛҚЫДЫ

Неше түрлі түрге түсіп, өзгерді, бұлғақ қақты. ~ Сынаптай толқып, Түлкідей жортып, Кетеді көңіл әр жаққа. Қырандай қағып, Алмастай ағып, Мұратын түгел алмаққа. Ер талабы бос қалмас, Толқынды көңіл тоқталмас. Шәк. * 16-жылдың оқиғасы ойламаған жерден кездескендей болды. Ауыл өмірі сынаптай толқыды. Әлдеқайда, әлдекімдерді хан көтеріп, патша әміріне қарсы шапқандардың даңқы жер сілкіндірді. Б.Майл. * Шәукен: «Шамасы қорғасын кенінің жылқысы-ау?» – деп топшылады. Таң толықсып атты. Дүние сынаптай толқиды. Жыл тәулігінің көркі көктем таңы Шәукенді нұрға шомылдырды. Т.Әл. * … жас Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ суын ішкен алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір көйлектің тарлау тігілісі балғын дененің әр мүшесін айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен жыртылардай болады. О.Бөк. * Тастың жүрегі тайдай тулап, кеудесін тепкілей бастады. Өңі ме, түсі ме? Бұл неғылған қыз? атыраудың астынан шыққан су иесі Сүлейменнің сұлуы сияқты, байыппен басып, сынаптай толқып маңып барады. О.Бөк.

Posted in

СЫНАПТАЙ СУСЫДЫ

Қолда тұрмады, уысынан шыға берді. * Әмірі екі болмай, табанда орындалатынына дағдыланған командир шынында да қатты ашуланды. Өзге жұрт болса бірден орындар еді, ал мынау сынаптай сусып, уысында тұрмай, әбден зықысын шығарды. Т.Ахт. * Шоқыға шыққан жігіттер ентіге күлісіп, қалжың айтысты. – Немене, уысыңнан шығарып алдың ба?! – Сынаптай сусып, уыста тұрушы ма еді!? Т.Ахт. ~ Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай, Ұстатпай жүр уақыт сусып сынаптай. Құлар жерде саған деген бір сезім Сүйеп келді мені жерге құлатпай… Қ.Бұғ.

Posted in

СЫНАПТАЙ ОЙНАҚШЫДЫ

Сан құбылды, сиқырланды. * Сұлу әйел дегенің электр шамына ұқсайтынына Белланың көзі сол арада жеткен: сынаптай ойнақшып, күміс сазандай бұлтылдап, ашылған гүлдей албырап тұрған қыз кенет қап-қара болып түтігіп шыға келсін. Ә.Тар.

Posted in

СЫНАПТАЙ ҚҰБЫЛДЫ

Оқтын-оқтын түр-түсін өзгертіп, қылмың қақты. ~ Бәлсінуін мұның, құртың қозып байсыраған күні мен болмасам да, өзге біреуге өзі-ақ соқтығарсың!» деп өкпелеп қалды, ойнап-күліп, әңгімелесіп жаймашуақ келе жатқан ханымның болымсыз іске бола қылт етіп сынаптай құбылып томсырая қалған мына түрін ұнатпай. Ш.Рах. ~ Құбылам сәт сайын сынаптай, Сезімім жатқан соң шыдатпай. Сағынышыма айналдың сен менің! Е.Өт.

Posted in

СЫНАПТАЙ БҰЗЫЛДЫ

Оқыс өзгерді, айнып қалды, қылт етті. ~ Қазір… бұл екі міндеттің қайсысының үдесінен шыққанын сараптау қиын. Мүмкін, Әлнұр Мұсаевтың сынаптай бұзылып, «Рахатты» сатып жіберуін, Австрия билігінің алдында кішкене болсын, Әлиев сүйкімділігінің кете бастауын — Сүлейменовтың көрінбейтін тірлігіне санауға болар. "Абай-информ". ~ Соңынан қарап тұрған Мұса бір сәт Балтабекпен жүрген жастық шағын еске алды. Ол бір дүние сынаптай бұзылып, теңіздей толқып тұрған кез еді. А.Алт.