Home » Page 323
Posted in

СӨЗ ЕМЕСТІ (СӨЗ ЕМЕС СӨЗДІ) АЙТТЫ

Әңгіме қылуға тұрмайтын нәрсені әңгіме қылды. * Зейнеп. Әй қойшы, сен дағы сөз еместі айтады екенсің. Соларға айналып қарайды дейсің бе… Бұл молданың өзі қыз мінезді – ұялшақ жігіт. Б.Майл. * «Бердібек шалдың баласы досым еді» дейді сөз емес сөзді айтып. Дос болса неге соттатпай алып қалмайды; үш жыл аз саған, екі есе ғып беру керек еді. Қ.Түм. * — Әй, Айғанша! Сөз емес сөзді қалай айтып отырсың? Қобланды мынау Балтамнан кем бе еді маған. Сен айқайлап жылағанда, мен іштей егілмей ме екем. С.См.

Posted in

СӨЗ ЕМЕС

Түк емес, мән берерлік нәрсе емес. * Қадыр бәйбішеге атының басын да ұстатпады. О да сөз емес қой…Үйиесін ренжітіп жуырда үйге де кірген жоқ. О да тұрсын. Ж.Айм. * Ақ үкінің көзі мынадай, оған тұманың да, түнің де сөз емес, күндізгідей көре береді. Үкінің аты — үкі. Ш.Айт. * — Арғы жағаға жүзіп өте аласың ба? — деген Бөкен. — Бұл өзенің маған сөз емес,— деді Көкбай үстінің құмын қаққылай тұрып. С.Мұр. * Құлағым шалса бітті, кешіңіздің қай жерде өтетіні сөз емес, жұмыстың бәрін жиып тастаймын да Қиыр Шығыста болса да жетіп барамын. Қ.Жиен. Бос сөз, түкке тұрғысы пікір. * — Сөз емес,—деп Эгенсон жаңағы тізімді қалтасына сала бастады,— соқыртауыққа көзіңізді шоқытатын болсаңыз тау қыранымыз деп жүрген большевиктермен қалай алыспақсыз? Ә.Әб. * – Шырақ, біз елге барысымен көңіл айтушылар көбейеді. Жерге қарағанша жылы орнымызды суытпай отыра берейік, біз! – Жоқ, бұл сөз емес, елге алып кетемін! – деді Назарқұл. Т.Әлімқ.

Posted in

СӨЗ ДЕМЕУ ЖАСАДЫ

Құрғақ сөзбен қолдады. ~ — Сөйтіуге, көрдік қой, қаумалаған қалмақ қолай бермеді, әйтпесе сілтеуіңде мін жоқ,деді Елтінді сөз демеу жасап. Б.Нұрж.

Posted in

СӨЗ ДАРЫМАДЫ

Айтқан сөзден нәтиже болмады, түйсігіне жетпеді. ~ Көлбай басын төмен салып, атының шашасына қараған кісі сияқтанып келе жатып, екі танауы ақырын желбір етті де: — Жота дейім, әшейін… Тегі іргені аулақ салған-мақұл дегенім ғой! — деді. Талпаққа ол сөз дарымады. М.Әу. ~ "Абайға айтқан сөз дарымаса да, саған айтылған ақыл сөз, үлкен сөзі далада қала алмайды" деп отырып, Байшораның, кедейдің қызы екені де, қолы жеткені де айтылған. М.Әу. ~ Олар оқып, сауат ашып алса, өзімізге сор деген қисынсымақ бос былшыл! Оқымаған қас наданға сөз дарымайды. Ә.Кек. ~ Алайда, қайсар Нұрбай дегенінен қайтпапты. Қызын қайтарудан бас тартып, сөз дарытпапты. Б.Мом.

Posted in

СӨЗ БҰЛДАДЫ

Айтқан сөзіне құн дәметті, сөзін міндетсінді, сөзін сатты. ~ Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға Ғажайып хикмәттің кілтін ашқан. Бұлардан басқа ақын көп сөз бұлдаған, бергенді мақтап, сараңды жамандаған. М.Дул. ~ Түк те саспастан отырып, анық жайды ұғындыра сөйледі. – Шатақ сол, мынау Көкеннің Уағы мен қырық руы құралып алып, егеске шығыпты. Арасында қаладағы ұлыққа арыз айтқыш, сөзін бұлдағыш Серке деген бір пысығы бар дейді. М.Әу. ~ Саудагер бар шықпай жүрген шайтаны, Бітті әкімнің талтаңы мен тойтаңы. Жылтыр сөзін, жылтың сөзін бұлдаған Күнәсы ауыр пенделердің сойқаны. Б.Раис. ~ Рас, Байсұлтан бұл жасына дейін біреуге сөз сатып, сөз бұлдатып көрмеген жан еді, амалың таусылса ондай кіріптарлыққа да баруға мәжбүр болады екенсің… Ә.Асқ.

Posted in

СӨЗ БҰЙДАҒА САЛМАЙ

Мәселені ұзаққа созбай, әр нәрсені сылтау қылып, кейін ысыра бермей уақытында шешіп беру туралы. ~ Партияның не мәселеге де айқын, анық кесіммен келіп, сөз бұйдаға салмай тез, әділ шешетін, бойын жасырмай, биікте бар мінез-құлқымен құлпырып тұратын ескі көз кадрларының орны ерекше бөлек екенін біраз уәлі ауыздан естіп еді. М.Қаб. ~ Әкімнің дене бітімі төртбақ, қимыл- қозғалысы ширақ. Сөзге де шешен. Қолдан келетін мәселені сөз бұйдаға салмай тез шешеді. Қ.Жиен.

Posted in

СӨЗ БОЛЫП ПА!

Айтуға да тұрмайды д.м. * Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік — ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал мен… жә қойшы, менің қай факультетте оқығаным сөз болып па екен! С.Шайм. * – Жо-оқ, мен үшін қам жемей-ақ. Ел бар емес пе, күн көру деген де сөз болып па, – деп өтірік күлген болды. С.Жүн. * Сонымен, атты қайдан табамын? Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы — менің малым. Б.Соқп. * – Мұның барып тұрған ақымақтық. Ранчоға бармақ өзінше. Сен тіпті атқа да міне алмайсың ғой. – Сол да сөз болып па?! Ат дегенің пәлендей қиын шаруа емес, оп-оңай үйренесің. Ф.Сэл. * – Сексен сегізінші жылы бес жүз мың киік қырылған! – деді Арпабаич, «тәйір-ай, сол да сөз болып па» дегендей нәумез үнмен. Т.Сәу. * Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғынсүргін, қамау-қапас —күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ БОЛДЫ

Әңгіме, жиналыс тақырыбына айналды.~ Жақсыбала қайнысынікінде отырғанда Қапез Қаратайды есіне алып, содан үйренген әнім еді деп, Шаншардың «Сырғалы еркем» әнін салды. Ән Қаратайды жоқтатты. Қаратайды жұтқан аштық сөз болды. Б.Нұрж. ~ Алматыда қор мүшелерінің бас қосқан үлкен жиналысы өтті. Келесі жылы болатын батырдың 300 жылдығына дайындық мәселесі сөз болды. Ж.Шәк.

Posted in

СӨЗ БЕРМЕДІ

Даурығып, дауласып, ешкімді сөйлетпей қойды. ~ Әсіресе Жантас бастаған топ самогон ауыздарына тиген соң тіпті елеуреп, ешкімге сөз бермей қойған. Б.Тоғ. ~ Өрекпіген топтың қарқыны оңаша екендіктерін білгендіктен бе, үдей өршиді. Әбден жінігіп алған, біріне-бірі сөз бермей, даурығады. Ә.Ыб. ~ «Бұл неге түспейді, неге әңгімесін айтпайды? Әншейінде елге сөз бермейтін тентек Бестайға не көрінген?» деп, әзіл-қалжыңы бар бір-екі жігіт ат тұрған жаққа жүрді де, жақындай берген-ді. З.Нұрт.

Posted in

СӨЗ БЕРДІ

Уәде берді. ~ Ол ойланып: — Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Менқасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. С.Бег. ~ Осылайша төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз. Сезбейсіз. Өзгерейін, енді сізден ұялмауға сөз берейін деп шештім бірде. М.Байғ. Сөз ұсынды. ~ Бәкенге таяу, терезенің алдында отырған Өмірбай: — Маған сөз берші, Сәкен! — деп ұшыптүрегелді. Сөз бердім. Молдалар қалш-қалш етеді. Иін тірескен жұртта үн жоқ. О-ой, сөкті-ай кеп Өмірбай молдаларды! С.Сей. ~ Өзгереді, бәрі де өзгереді, Құлағың естігенді – көз көреді. Кеше ғана күндеген көп пысықтар Маған да бір мінбедеп сөз береді. С.Им. ~ Алдымен жол бастығы баяндама жасады, сонан соң Әлішке сөз берді. Б.Қыд.