Home » Page 324
Posted in

СӨЗ БАР МА!

Солайы солай ғой, несін айтарсың д.м. ~ Үн-түнсіз жоғалып кету тағы ыңғайсыз. Оның үстіне Қарасай кеудесін сүйретіп, соңғы курске әрең тұяқ іліктірген көптің бірі болса сөз бар ма! Оқу озаты. Қ.Жиен. ~ — Мына тізімді алып кете берсем ғой, Текежан сені айдатып жібереді, ә? — Оған сөз бар ма? Тіпті дарға астыруы да мүмкін. Ә.Әб. ~ «Келін, ешқайда шықпа, отыр» дегеніңізге қарап айтқаным. Әрине, қолға түсемін деп сескенсеңіз прокуратура мен ГПУ-дың маңына жуымайсыз ғой… — Сөз бар ма! Х.Ес.

Posted in

СӨЗ БАҚТЫ

Жел сөзге құлақ түрді, өсек-аяң аңдыды. ~ Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылыпбір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа? Абай. ~ Соры қалың әкенің — кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі. Мақалмәтел. Сөз қадірін білу, жөн сөзді айыр білу мағынасында. ~ Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. А.Байт. ~ Қазақ сөз баққан ел дей-міз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. А.Өм.

Posted in

СӨЗ БАЙЛАСТЫ (БАЙЛАДЫ)

Уәделесті, келісімге келді. ~ Түнеугүні Әбен ауылына барғанда, Ақбілекті басқа жерге бермек боп, сөз байласып қайтқан еді. Ж.Айм. * Шағала көлге ел жиі қонғанның бір пайдасын Қартқожа көріп, осы жігіттен бір мезгіл орысша сабақ алып жүрген. Күз осы жігітпен еріп, қалаға баруға сөз байласқан. Ж.Айм. * Шешіліп сөйлесе қойғанда оның ендігі жақтары ба-ла шақта сүйіскен, сөз байласқан Сұлтанбек болмауы әбден мүмкін. Қ.Ерг. * Естуім, сол біз сөз байлап қайтқаннан кейін Смайылды Әбен болыс шақырып алып ұрсыпты. С.Бег. ~ Қыран бүркіт адасты мекенінен, Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан. Ж.Молд.

Posted in

СӨЗ АЯЛҒЫСЫ

Сөздің қисыны, орайы, жөн-жоралғысы. ~ Пәле салу, өтірік шағым дегеніңіз құдай сақтасын, …айтпақшы «Құдай» деген сөзді не қылмаңдаршы, сөздің аялғысы ғой…— деп тағы бір сасқалақтап қалды. Ж.Айм. ~ – Жақсы, өздеріңнің халдерің қалай? – Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай міңгірлеуден басқа шарасы қалмады. Ә.Ыб. ~ Мынау әңгіменің әлпеті шым еткізіп жігіттің жүрегіне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзінің ісін жасыру үшін сөз аялғысы ретінде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Ә.Ыб.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫН (СОҢЫН) ЖҰТЫП ҚОЙДЫ

Айтар ойын түгел айтпай, тежеліп қалды. ~ Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да. — Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен… М.Қаб. ~ Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. С.См.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ТАМАМ БОЛДЫ (БАСЫЛДЫ)

Әңгіме бітті, сөз доғарылды. ~ Әзірше сөз аяғы болсын тамам, Осындай үркін-қорқын өткен заман. Санақтың қырық алтыншы жыл күзі бопты, Қағазда Сейітқаннан аз сөз қалған. БС. "Үркін — Қорқын". ~ Осымен сөз аяғы болсын тамам, Жазуға бұдан артық болмай шамам. Бір мұра арт жағымда қалу үшін Қиссаны жазды осылай Құрбан ағаң. БС. "Кезбе шал". ~ Сабыр ет, балам, сөз тыңда, Батамды саған берейін. Сөз аяғы басылсын, Содан кейін барарсың, Болсын құтты мерейің. "Қыз Жібек".

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИДІ

Бәтуаға келді. ~ Ақырында пароход компаниясы жігіттердің айтқанын қылмауға лажы қалмай, амалсыз жүктің мың пұтына сексен сом беретін болды. Столовой, пәтер беруді бай «ойланайын» — деді. Сөз аяғы жерге тиіп, байға дегенін істеткен соң Орлов бастатқан екі артель келіп жұмысқа түсті. І.Жанс.

Posted in

СӨЗ АТАСЫ ӨЛЕДІ

Сөздің қасиет-құны кетеді, мән-мағынасы жойылады. ~ Бірте-бірте екпіндетіп, сөзінің аяғы өз-өзінен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенін өзі де сезген жоқ. Тас түйілген жұдырығын аспандата сермеп: – Осындайда айтпаған Сөз атасы өледі. Бабалардың дабысы, Дүлдүлдердің шабысы Құлағыма келеді. Жасығың неткен көп еді, Асылың неткен кем еді. Т.Сәу. ~ Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. И.Сап.

Posted in

СӨЗ АТАСЫ

Әлдебір сөздің шығу тегі, түпкі мәні. ~ Қазақта «су атасы — бұлақ, сөз атасы — құлақ, жол атасы — тұяқ» деген мақал бар. Франциядан жеті есе үлкен қазақ даласында, Россияға бағынғанға дейін, малдың тұяғынан түсетін жолдан басқа жол болған жоқ. С.Мұқ. ~ Жылдар бойы құлқы құлыпталып, ырқы тұйықталып, рухани еңсесі құныс тартқан ұрпақ-буынның арқасына аманат арту аса қауіпті — кез келген жерде аунатып кете барары хақ. Олай болмас үшін ендігі келер жас буын, уыз ұрпақты Ана тілімен сусындатып, сөз атасы — Өлеңмен асырауымыз керек. И.Сап. ~ Кешіріңіз, ата, мен сізбен келіспеймін. Сөз атасын танымайды дейді емес пе халық. Ә.Әл.

Posted in

СӨЗ АСТАРЫ

Айтылған сөздің жасырын мағынасы, түпкі ойы. ~ Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды. І.Ес. * Даналардың ойы қашанда жұмбақ. Олар өздерінің емеуіріні мен сөз астары арқылы адамзаттың ойына мәңгілік ақыл азығын қалдырады. Т.Жұрт. ~ Сөз астарынан оның алымдылығы мен ақылдылығы аңғарылып тұрады. Айта да біледі, айтқанын орындай да біледі. Есім оған сондықтан сенеді. Б.Нұрж.