Home » Page 326
Posted in

СӨГІС ЖАРИЯЛАДЫ

Ресми түрде ескерту айтты. ~ Ротаны сапқа тұрғызып қойып генерал Нерченко (бұрынғы Кремльдің әскери училищесінің начальнигі) полковник Андреевке сөгіс жариялады, біздің майорға ескерту жасады. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС ЕСТІДІ

Әлдебір айыбы үшін жазғыру естіді, ескерту алды. ~ Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба әпкемнен сөгіс естісем – зор жаза. Ш.Мұр. ~ Мұрны, екі бетінің ұшы күрең қызыл боп бөртіп кеткен. Әнеугі, Қодарстан басында ұйықтаған күні, арақ ішкені үшін жолдастарынан сөгіс еститін осы сабаз екен ғой. Ә.Тар. ~ Сөгісті Сафуан ағамыз естігенмен, құйрығын ыстық таба қарып бара жатқандай Амантай қипақтап отыра алмады. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС БЕРДІ

Қатаң ескерту жасады, жер-жебіріне жетіп ұрысты. ~ Аз да болса біздің қарнымыздың тоқ болғанын, ауылдың аяғынан тұрғанын ойлады ғой. Сол үшін сөгіс берді, басқа ауылға ауыстырып отыр… Ә.Әл. ~ Жеті ай бойы Отырарды қамап, көп шығынға ұшырағаны үшін Жошыға қатаң сөгіс беріп, қолбасылыққа оның орнына Угедейді тағайындау себебі де осыдан. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС АЛДЫ

Қатты кінәланып, айыптау сөз, ескерту естіді. ~ Оның үстіне газетке қажетті материалды уағында дайындап бере алмағаным үшін сөгіс алдым. Бұл жолы ауызша. Бірақ сөгістің аты сөгіс. М.Мағ. ~ Ол тосылды. Мен қатаң сөгіс алып, комсомол қатарында қалдым. Н.Сер. ~ Қуат рульге отырғанда еліріп кетеді, машинасын жын қуғандай безілдете жөнеледі, сол мінезінің "арқасында" талай рет сөгіс те алғаны бар. Ә.Тар.

Posted in

СӨГЕ ЖАМАНДАМА

Тым қатты сынама, сөкпе д.м. * Сырықтай әйелдің қалтасын ақшаға сықита толтырды, астына ат мінгізді, «сөге жамандама, хайыр қош, шырағым», – деп жонға дейін шығарып салды. Д.Дос. * Ақыры, не керек, пышаққа ілінді жануар. Еті де көк бақа екен, сорпа-суға зорға жарады… Әлгі ала ешкіміз туып еді. Т.Берд. * – Еліміздің көкейін көлдей көлкітіп, көңілін жаздай жайнатып едіңіз, Әсаға. Біздің тілегіміз – әніңіз аспандай берсін!.. – деп Қоңыр ағыл-тегіл ықыласын білдірді. – Тек сөге жамандамаңыз… Қ.Тол.

Posted in

СОРЫ СОРПАДАЙ ҚАЙНАДЫ

Соры бес елі, қиындыққа белшеден батты. ~ Сосын амалсыз ыржиған боламын, түрім де жетісіп тұрмағанын сеземін. Аяғымды алшыдан тастап ұзағырақ отыра түскім келеді. Сорымды сорпадай қайнатқан осы сапарға несіне елп ете қалғаныма өкінемін… Ә.Асқ. ~ Қате кетіпті… Бірінші беттің ресми материалынан… Түнде кеш түскен мақала. Тақырыптан… Сауда бітті. Теңселе басып, кете барды. Расында да, сорлары сорпадай қайнапты. М.Қаб. ~ Ондағы қатындардың соры сорпадай қайнайтыны жайлы гу-гу әңгіме басталып кетті. В.Шук.

Posted in

СОРЫ СОПАҚ АСТАУДАЙ

Жолы ауыр, кесапат-кесірге көп ұрынатын адам туралы. ~ Дастарқанға телміріп тырс етпей қалған жігіттер, жұтынып қойып қылғынып отырған Мешелге бұрылды. Бәрінің көзінде, енең осы болса — сорың сопақ астаудай екен деген күлкі бар еді. Қ.Ысқ.

Posted in

СОРЫ ҚАЛЫҢ

Бақытсыз, басынан сор арылмайтын адам хақында. ~ Соры қалың соққы жеген пышанамыз Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз. Құр дәрімен атқанға өлмейді, Өмірі мақтаншаққа нысанамыз. Абай. ~ Текті (ақырын жылап). Сорлы, шын-ақ сорың қалың, сор маңдай екенсің ғой. Маңайыңда жыламаған жан қалдырмағаның не? Я, құдай, әлде осының қарғысына ұшырадым ба? М.Әу.

Posted in

СОРЫ ҚАЙНАП, СОРПАСЫ ТӨГІЛДІ

Кесірге ұрынды, қасырет иектеді. ~ Не істеу керек? Соры қайнап, сорпасы төгілген қазаққа тағы бір зауал келіпті. Қ.Жұм. ~ – Сен енді бұл жерде отырма. Не көрсең де, сол соры қайнап, сорпасы төгілген елмен бірге көр. Қ.Жұм.