Posted in

СӘУЛЕ ТӨКТІ (ТӨГІЛДІ)

Айналасын нұрландырып, жарық шашты. ~ Басында зиратыңның оқыдым жыр, Құранның қоңыраулы үні татымастай. Жанары күйіп кеткен кекті жардай, Кешқұрым күңгірт сәуле төкті арай. Т.Әл. ~ Ал сенде қандай көргендік бар? Жан – жағыңа қандай сәуле төгіп жүрсің? Артыңа арамдықтан, қызғаншақтықтан, көре алмастықтан бөтен не қалдырмақсың? І.Ес. ~ Жер–Ана жаңа босанған жас анадай балбырап, бусанып жатыр. Аспан–Ата ту алыстан адамзатқа мейірлене қарап, ай мен жұлдыз айналаға үнсіз сәуле төгіп тұр. С.Дос. ~ Аппақ Айдың жүзінен тозаңытқан сәуле төгіліп, әлгі алаңды бозамық шуаққа шомдыратын. С.Сағ.

Posted in

СӘУЛЕ СЕПТІ

Айналасына жарық түсірді, сәуле шашты. ~ Күн жазира шөлістан тынысын кеңейткендей, көкірегіне сәуле сепкендей. С.Ел. ~ Ай сәулесі оның жатын орнына әлі де аппақ сәулесін сеуіп тұр. Баяғы көркем сурет мүлдемге ғайып болған. Ж.Шәк. ~ Жан түкпіріне сәуле сеуіп көкірек қуысында рауандап таң атқандай. С.Ел. ~ Кеудеңдегі шамыңмен өзгелердің жанына жарық түсір, нұр сыйла, сәуле сеп! Ең үлкен парыз-қарызың осы!” И.Сап.

Posted in

СӘУЛЕ ҚҰЙЫЛДЫ

Жарық түсті. ~ Ақ мамық төсек үстінде ұйқы көрмей тек Жәнібек хан отыр. Сопақтау келген сарай терезесінен ай сәулесі құйыла түсіп тұр. І.Ес. ~ Күн сәулесі құйылған тапал терезеге қарап еді, түнгі жауын ашылып, дала сергіп қалған екен. С.Жүн.

Posted in

СӘУЛЕ (СӘУЛЕСІ) СӨНДІ

Қараңғылық орнады. ~ Күнәнің куәсі боп қалмау үшін, Күн батып, сам жамырап, сәуле сөнді. І.Жан. ~ Күміс білезігіне терезеден созылып түскен сәуле сөніп жанады, сөніп жанады; қолы қалтырай ма, қалай? М.Қаб. ~ «О, опасыз… Қадір– қасиетсіз. Сүйем… Сүйем дегенің сүмдығың ба еді? Көңілімдегі бір сәуле сөнгендей болды». Жанқалтамнан шылым алып, тартпақ боп сырт айналдым. Сіріңкем лып ете сөніп қала береді… М.Сүн. ~ Кішкене таң боп атамын Сәулесі сөнген баулардан. Сені іздеп келе жатамын Аңырып тұрған таулардан. Ө.Нұрғ.

Posted in

СӘУКІМ САЛДЫ

Ойын-сауық құрды. ~ Анау Ермекті жорға мінгізіп тұрып, бұлаңдатып қоя берді. Күнде той, күнде думан, үнемі сәукім салумен жүреді. Б.Қыд. ~ Өзі Іленің арғы жағына өтіп кеткенде белбеуінің ұшы Іленің бергі жағында жатады дейтін атақты Дәурен сал отыз жасына дейін үйленбей салдық құрып, сәукім салып жүре беріпті де, содан бір жылы аржақтағы Жалайыр Күшіктің Төрінбегінің Нұрқа атты қызына ғашық болып, көңіл қосыпты. Б.Қыд.

Posted in

СӘУЕ КӨРДІ (БЕРДІ)

Аян алу; алдын болжау. * Жаңбыр тиген көл беті тары бөрттіргендей шымырлап, әлгінде сәуе көріп жатқан кемпірдің ұйқылы жүзіндей тыржыңдайды. Ғ.Біл. * Ту сыртынан иелік ететін бір киелі күш сәуе бермесе, олардың атажауы қаршыға, сұңқар бағыт сілтемейді. Ғ.Біл. * Тұра қашып жөнелуге асығып отырсаңдар, көп тостырмаспын, Алладан келген сәуе бар, бір жұма жатып өлемін, өлсем орным ата-бабам Ырғызбай зираты болсын» деген өтіл-өсиеті еді. Ғ.Біл.

Posted in

СӘТІН САЛДЫ

Жолы болды, сәті түсті. ~ Тек жаратқан өзі кеңшілігін берсін де. Сәтін салса, тәуір боп кетермін. Т.Сәу. ~ Бірақ тағы ескертемін. Біздер көрінбей сендер де қылп етпеңдер, тек осы шартқа берік болыңдар. Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. М.Әбдіх.

Posted in

СӘТІН САЛҒАНДА

Орайы болғанда. ~ Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. М.Әбдіх. ~ Бекет танымайтын біреудің бет-аузын арендаға алмай-ақ қойдым деп телефонға жоламай рацияға отырған. Сәтін салғанда директор кабинетінде болып шықты. Қ.Ысқ.

Posted in

СӘТІМЕН КЕЛДІ

Уақытында, орайымен болған уақиға туралы. ~ Қой, ауыз ауыртпайық. Аман болсақ әуселесін әлі-ақ көресің. Сәтімен келген жем де дәтке қуат. Жүр, мал келмей тұрғанда қораға тасып, жайғап алайық. М.Қаб. ~ Сәтімен келген қонақ екен. Біраз ойын-сауық жасап, қона жатқызып жібергенің мақұл!— деп, шайдан соң тысқа шыққан Мұсабайға ақыл салған. М.Әу.

Posted in

СӘТІ ТҮСТІ (КЕЛДІ)

Орайы келді, жол болды. ~ Бұл ауылға келіп көруге сылтау таба алмай жүруші ем. Бүгін сәті түскен сияқты. Тек енді сен ағаңа қол ұшын бер. С.Жүн. ~ Енді біз дос болайық қияметтік, Өзіңді кездесер деп үміт еттік. Тап бүгін сәті түсіп жолықтық біз, Мақсатқа ойлап жүрген ақыр жеттік. Н.Әбут. ~ Атқарушы шалға. ілесіп бара жатып Санат біздерге қарап қалтасын ұстап, жымыңдап көзін қысып қойды. Онысы, сәті түссе бүгін де бауырсақты толтырып әкелем ғой дегені еді. Ө.Кәр. ~ Сол күні суда атып келе жатқанда, "Біткен сағатым осы" деп ойлаған. Бірақ өлімнің құшағында болса да, сәті келіп қана аман қалды. М.Әу.