Posted in

СӘУРІК АЙҒЫР

Үйірге түсе бастаған жас айғыр. ~ Кең далаға кішкентай үйірін сыйғызбай, тырқыратып қуалап болатын сәурік айғыр бар да, қыдыр дарыған байдың кереге жал құтпан айғыры бар-ау. Мен де сені келешекте сол құтпан айғырдай үйіріне тыныш, ақылы алдында, ашуы соңында жүретін зәбірсіз жан бола ма деуші едім. Ә.Нұрп. ~ Құла жирен сәурік айғыр екі байталды алдына сала қуып ала жөнелді. С.Бег.

Posted in

СӘУЛІМ БОЛДЫ

Бой жетті. ~ Қыздар сәулім болғанда жүріс түзер (Халық әні). ~ Ой жағалап ойнақтаған шұнақ қара қасқа лақша ыршып- ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сәулім болғанына көзі жетті. Сәулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек. Ж.Айм.

Posted in

СӘУЛЕСІН ТҮСІРДІ

Нұрын сеуіп, жарықтандырды, елес берді, сезім сыйлады. ~ Екі шалдың сол қаяусыз қарым-қатынасы жастары алшақ жатқан Сүкең мен Сәрәлдің арасына да сәулесін түсіргендей. М.Қаб. ~ Адам жүрегіндегі жылылық бейне бір атып келе жатқан таң шапағаты секілді. Бүкіл дүниені нұрға бөлейтіндей адамдық ықылас ішкі әлемге де сәулесін түсіреді. Ә.Ысқ.

Posted in

СӘУЛЕСІН ҚҰЙДЫ

Нұрын төкті, жарық сыйлады. ~ Әлемге сәулесін құйып тұрған сұлулық падишасы Хансұлудың ай дидары! Тоймай қарайды Едіге, аспандағы сол дидарға. С.Ел. ~ Аспандағы ай сәулесі жер бетіне сүт сәулесін құйып тұр. Үйден шыққан Шөке іш құсталығын жалын атқан күрсінумен ортайтпақ. Б.Жұм.

Posted in

СӘУЛЕСІ ӨШТІ

Қараңғылық орнады. ~ Қыздың қиылған қасындай иілген имек Ай бұлт қойнына тағы да сүңги бастаған.Өлеусіреп сәулесі өшіп бара жатты. Т.Рыск. Ізі өшті, сөнді. ~ Үнінде немкеттілік, тіпті, жымысқы кекесін де бар сияқты көрінді. Қабағы томпақтаудөңгелекше жанары қысқа сәтке зілді ызғармен жалт етіп, ізінше сәулесі өшті. Ж.Шағ. ~ Жүректе сезімнің сәулесі өшпеді, Сен жүрсің елестей, Ұмыта алмасам кеш мені, Менімен егеспей. Қаңтарда жаурадым, қалтырап, Сезімді жүректе жылыттым.. М.Сүй.

Posted in

СӘУЛЕЛІ ҮМІТ

Тәтті қиял, арманға толы дәме. ~ Алдағыны Алла біледі ғой, әйтсе де көрер жарығымыз жаман болмас дейтін сәулелі үміт жүректеріне шуақ жүгірте ме, Тастыбаймен жылы- жылы амандасқандардың күнге, шаң- тозаңға тотыққан жүздерінде адам айтып жетізе алмас ерекше қуаныш белгісі бар. Қ.Жиен. ~ Пай-пай, тәтті қиялға берілгенде Қосымхан таң атқанша көз ілмейтін. Енді міне, Аманбаевтың жүрегіне жол тапқаннан бері сол сәулелі үміттің ауылы жақындап қалғандай. Т.Сәу. ~ Сүлдерімді сүйретіп сыртқа шықтым. Сәулелі үміт, арман, сенімнің бәрі Мәкеңнің күңгірт бөлмесінде қалып қойғандай. Көкірегім тоналған үйдей үңірейіп бос тұр. Т.Сәу.

Posted in

СӘУЛЕЛІ СӘТ (САҒАТ)

Ұмытылмастай жарқын мезет. ~ Жан-жүрегімде мәңгі сақтап, ұмытпау үшін емес пе?!. Әлде, сол сәулелі сәттерді ғұмыр бойы сағынып өтсін дедің бе?!. Д.Рам. ~ Оңаша жолығысқан сәулелі сәттерде азып, жүдеп кеткен Қайыбының кейпіне қарап, Ақбөбектің көзіне жас үйірілетін. Ү.Жәл. ~ Сонау қиырдан күн көрінген сол бір сәулелі сәтте бала Орган қарттың көңілді отырғанын байқап: — Ата! Қатты шөлдеп кеттім! — деп қысылмай күле сөйлеп, әкесіне де жалтақтап қарап қойды. Ш.Айт. ~ Жо– жоқ, оның да ашық, сәулелі сағаттары есінде… Сонау көктемде әкесімен бірге қорықшы Дәулет үйінде демалған күндері ше?! М.Сүн.

Posted in

СӘУЛЕЛІ КЕЗ (КҮН, ШАҚ)

Шуақты, нұрлы уақыт, бақыт пен қуанышқа толы күндер. ~ Тоқтап жүрек, жұмылып көз, Қашар қаны жанардың. Болып ұмыт сәулелі кез, Қараңғыда қалармын. Тамып көздің ыстық жасы, Жазықсыз гүл жұлынар. Т.Әл. ~ Сол сәт өткен күннің екінші бір елесіне ере берді ол. Сәуірдің сәулелі күндерінің бірі еді. С.Дос. ~ Ашық- жарқын, көңілді күндерді жақын достарымен бірге өткізді. Сол сәулелі шақтар оның қалғи бастаған қанатты қиялын шайқап, арманшыл асқақ көңілін көкке шарықтатып жіберді. Ү.Жәл.

Posted in

СӘУЛЕ ШАШТЫ

Жарық төгіп, нұрландырды. ~ Сұлудай қызыл шырай бітіп таңға, Алтынды ну сәулесін шашып маңға, Ойын сап жан иесі бар мақұлық, Жерде құрт, Көлде құстар, Тоғайда аң да. С.Мұқ. ~ «Бір түніңнің рахаты бүкіл ғұмырыңа сәулесін шашып тұрады», — дегені Жүзіктің шын сөзі екен. Б.Нұрж. ~ Абай керуенінің жез бұйдасын кейінгі ұрпақтың қолына ұстатып ғасырлық қарызынан құтылды. Мұхтар рухы сәулесін шашты. Ж.Шәк. ~ Мақал-мәтелдер сол себепті де сезімді селт еткізіп, ақыл-ойға сәуле шашады. Ө.Айт.