Ықыласпен, риясыз көңілмен амандасады. ~ Әсілі, ара- тұра ғана араласатын сәлемі түзу адам түгілі, күнделікті бірге жүрген кісіні не толғандырып, қандай ауыр ойлар қамықтыратынын білу мүмкін бе?! Ж.Шағ. ~ Клара – қырықтың жуанішіндегі, қошқар құйрық, етжеңді әйел. Бар мүшесі орнында, көзінің оты сөнбеген, әлі де бір қағары бар қараторының сүйкімдісі. Қашанда сәлемі түзу, ақсия күліп, ары өткен-бері өткенде сүйкеніп Дөйшенқұлды қағытып жүреді. Т.Сәу.
СӘЛЕМ САЛДЫ
Келіннің дәстүр сақтап, ата-енесіне иіліп сәлем ишаратын жасауы. ~ Күләйна заттарын жиыстырып, көңілі жайлана атасына сәлем салды. – Рақмет қарағым, көп жаса, ал сендер неғып аяқ-асты көшіп келдіңдер, ә? Дұрыс қой, қой деген біз жоқ, тек алдын-ала ақылдаспай. Ш.Құм. ~ Ол ене де – сол шаңырақтың келіні, яғни шаңырақтан үлкен емес. Мен өз жеңгемнің қартайғанша сәлем салғанын көріп өстім. Міне, тәрбие деген. Ж.Баб.
СӘЛЕМ МЕЗІРЕТІН (МЕЗІРЕТ) ЖАСАДЫ
Ишарат жасап, сәлемдескен болды. ~ Төралқа үстеліне жеңіл көтеріліп қол қусырып, басын изеп сәлем мезіретін жасады. Д.Дос. ~ Машинаға дұрыстап көз салмай орнынан сұлқ көтерілді. Сүйретіле басып сыртқа шықты. Есік алдында ернін жыбырлатып сәлем мезіретін жасады. Ә.Кек. ~ Басын изеп, қос қолын алдына сілке лақтырып сәлем мезіретін жасады мейман. Д.Дос. ~ Тевкелев әшейін сәлем мезірет жасап салқын амандасты. Ә.Кек.
СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫ
Алыстан сәлемін айтып, хабарын берді. ~ Түстік жақта асқақ Алатау алыстан сәлем жолдап, бәрін көріп, біліп басу айтып тұрғандай. Б.Қыд. ~ Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап: «Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды… Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» — деген. Ж.Ахм. ~ Қамысты аралдың иінінде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секілді елестейді. Андасанда айдынның етегін үтіктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтеді. Т.Сәук.
СӘЛЕМ ЖОҚ, САУҚАТ ЖОҚ
Әй-шәй жоқ, амандық-саулықты сұраспай д.м. * Таңғы шайын ішіп бола бергені еді. Аспаннан түскені де белгісіз, жерден шыққаны да белгісіз Сұржекей кіріп келді. Түсі өрт сөндіргендей. "Ауданға жүресің!" деді, сәлем жоқ, сауқат жоқ. С.Елу. * — Қайнаға, бұл да біреудің түтін түтетіп отырған үйі. Сәлем жоқ, сауқат жоқ, әкіреңдеп кімді басынасың. Ә.Нұрп. * ~ Тани кетті. Бет-аузын сақал-мұрт көмген режиссер. Өзі сияқты аула сыпырушы пақырларға мойын бұрмастан, сәлем жоқ, сауқат жоқ, кимелеп өте шығатын көкірегі аяққаптай неме. Н.Сам.
СӘЛЕМ БЕРУГЕ ЖАРАМАЙДЫ (ЖАРАМАДЫ)
Татымайды, теңі емес д.м. ~ Тау жақтағы бұрын саяжай болған үй екен. Екі қабатты демесең, көзге қораш, ортақол бизнесменнің коттеджіне сәлем беруге жарамайтындай. Т.Сәу. ~ Кісі басқан ізін білдірмей солай да жүреді екен-ау! Жазған хаттарыңда жолығуға тым асыққан адам сияқты көрінетінсің. Қасыма келіп тұрып сәлем беруге жарамағаныңа таңмын! Р.Рай.
СӘЛЕМ АЙТТЫ
Біреулер арқылы базынасын білдірді, бұйымтайын айтты, тілегін жеткізді. ~ Дәрменнен сәлем айтып,Сәмен, Сейіт сияқты Затонның Абайды жақын дос көретін бір топ кедейлері де, грузчик жұмыскері де келіп кетті. М.Әу. ~ Қалай, қабырғаңмен кеңестің бе? Құда тағы сәлем айтыпты. Жақ ашпадым. Ұртына жамау түскен бәтеңкемнің ұшымен жер сызғаладым. Н.Сер. ~ Бұл әңгімені естіген мен «онда маған басқа жерден үй соғып берсін» деп біреулерден сәлем айтып едім, құлақ аспады. Қ.Түм. Амандығын жеткізді. ~ Не жазыпты?— деді Әділбек, басын жоғары көтерместен өз ісімен болып. —Амандық… Бәріңе сәлем айтыпты,— дей салды ағасы босаң үнмен. Х.Ес.
СӘЛЕМ АЙТ
Сәлемімді, сөзімді жеткіз д.м. ~ Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке: «Баласы Ұлы жүздің, разымын, Түспедің бірің ара бұл тентекке! Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. І.Жанс. ~ Ертеңгі елге біздің отбасымыздың кешірмесі тамаша бір тәлім болар, — деп бір тынды да, — Бикенге сәлем айт, — деп Бөкеден бетін бұрып кетті. Б.Жұм. ~ Ежелгі тәртібімді бұзбайын да, Өлең жаздым, Алматы, Сіз жайында. Сәлем айт терек-ұлға, қыз-қайыңға! Әр көшеңіз — әуен ғой әлеуметтік, Сіз Бас шумақ болғанда, біз — Қайырма. Е.Аш.
СӘЛЕМ-САУҚАТ СҰРАСТЫ
Амандық білісті. ~ Әлиялар құшақтасып сәлемдесіп болған соң, Халима жеке келіп, қолымды алып, сәлем-сауқат сұрасты. З.Нұрт.
СӘЛДЕ САЛДЫ
Молдалықпен айналысты. ~ Мырылдады азандай, Сәлде салды қазандай, Тасбиқ алды қолына. Тап сопыдай сүмиді, Тап молдадай мүлиді, Кірді тәубе жолына. Кіргені оның қалайша? Кіргені оның былайша: Қазан сәлде қаңқиды. Таңырай мұрты таңқиды, Қос құлағы салпиды, Бір момын боп маңқиды. М.Жұм. ~ Сәлде салған мынау кім бастарына, Ақсақалдар ұсынбай ма жастарына. Қартайғанда, қыз іздеп, не қылады, Кәрінің қыз бара ма қастарына? М.Ж.Көп. ~ Ақ сәлде салып, ақ киім киген әулиенің атақ-даңқы тез-ақ тарайды. Суқараңғы соқырды құлан таза жазып, ақсақты құлындай ойнатып жібереді екен деп жұрт аңыз ғып айта бастайды. С.Ақт.
