Уайым-қайғысын айтып, көңілін босатты. ~ Бұған құдай келген-кеткендерінде ішегінің бар қырындысына дейін ақтарып шер тарқатып қалатын бастас құда-құдағиды да қимапты. М.Жұм. ~ Жуық арада жойылып бітпесін білсем де, сойқан қылықтарға қарсы соғыс жарияладым: Мансапқор, жағымпаз, жалақор, жікшіл, парақор, жүзге бөлгіштерге нәлет айту барысында өзім де бір сыдырғы шер тарқатқан секілдімін. Х.Ерғ. ШЕРДІҢ ТИЕГІН АҒЫТТЫ (ӘҢГІМЕНІҢ, ТІЛДІҢ т.с.с. ) Ұзын-сүре әңгімеге кірісті. ~ Түтіндей булыққан іштегі шердің тиегін ағытып, көпке мұңын шаққандай үш-төрт ауыз өлең айтты. С.Көб.~ Екеуі Нарғазыны тірідей жоқтап ұзақ жылады. Кеудені кернеп, кептеліп қалған шердің тиегін ағытып жіберді дейсің. К.Қаз. ~ Ақсұр шапанын арқасына желбегей жамылып, ақ күмістей сақалын салалы саусақтарымен саумалап қойып, төр басында малдас құрып отырған ол небір әдемі әңгіменің тиегін ағытып еді. Д.Әш. ~ Белгілі ақын Сабыр Адаймен кездесе қалған сәттерде өткен-кеткен әңгіменің тиегін ағытатынымыз бар. О.Көш. ~ Дәмді тағам, бапты шай талай тілдің тиегін ағытты. М.Сүн.
