Posted in

БЕТІ АШЫЛДЫ

а) Әшкереленді; әлдебір жасырын сыры жұртқа жайылды. ~ Арада отыз жыл өткеннен кейін талай шындықтың беті ашылатынын, талай жабық фактылардың баспасөз бетінде жарияланатынын сол кездің студенті Бек білген жоқ. Б.Тоғ. ~ Қамбашы Құдайберген Қожаевқа тергеу жүріп жатқанда бұрын кездеспеген істің беті ашылды. Б.Қыд. ~ Бәлкім бір таңғажайып қабілетінің беті ашылар деген дәме де көңілімде жоқ емес-тін. Т.Әбд. ~ Деседе кейінгі буынға, тарихқа ақиқатты айту ойы осы деректердің тереңіне үңілтіп отыр. Шындықтың беті ашылғанына Майлыхан да қуанар деп ойлаймыз. Ж.Шәк.
ә). Беташары жасалған келін туралы. ~ Бірақ «Беташар» деп өлеңмен айтылатын ырымынан кейін келіншек беті ашылды, бұдан кейін жасырынбайды. Ғ.Мүс. ~ Кешеден бері болған той түн ортасында әзер тарқады. Мақпалдың беті ашылды. Екеуміз бір тостағаннан жүзік, моншақ салған неке суын іштік. Н.Сер.
б) Тосын, тұрпайы мінез пайда болды. ~ «Тоңмойындығы болғанмен, тасыр мінезі жоқ еді, найсаптың беті ашылған екен. Өзін бір қамшының астына алып жынын басып тастамаса болмас», — деп, Алтынбай біраз ойланып отырған соң орнынан тұрды. Б.Тоғ.
в) Көзі ашылып, сауаттанды. ~ Көрінеу бас көтермесе де, кейбір жұмыстарға кедергі жасаған да жайлары болды. Әрине, олардың ұсақ-түйек енжарлық істегеніне жол берілген жоқ. Еркіндік сәулесін сезініп, беті ашылып совет тәртібін орындауға белсене аттанған кедейлер уәкіл тәртіпке бағындыра соққы беріп отырды. С.Бег.