Қартайып, күш-қайраттан айрылған. * Е, е… Байекесі- ай, ендігісі екеуміз де күлге шөккен кәрі бурамыз ғой, – деді Қалиасқар жеңіл күрсініп. Ә.Асқ. ~ Рас, кейінгі жылдары көршілеріме де қатынаудан қалып ем. Не сұрайсың, жапырағы түсіп, бұтағы сынып сида болған кәрі еменнен қуат қайтқан. Көз көрмейді… Сырқаттана беретін болдым. — Е-е! Күлге шөккен кәрі бура болдық қой. Ә.Нұрп.
КҮЛГЕ ШӨККЕН КӘРІ БУРАДАЙ
Күш-қуатынан айрылған д.м. ~ Ендi Құнанбай ел сөзiне араласпай, үйiнде жатыр. Күлге шөккен кәрi бурадай, тыным алып жатып едi. Керегi не бiрақ, ұлық пен бақ әлi осының соңында екен. М.Әу. * Бұл күнде күлге шөккен кәрі бурадай от басында ошақтың бұтын құшақтап отырып қалған зейнеткер ағасына, тым құрыса, айында, жылында ат басын бұрып амандық-саулығын біліп кетуге жарамаған ініні атарға оғы жоқ еді; ат ізін салмай, аралары суып кеткеніне бұ да қысылып жүрген-ді. Ә.Нұрп. ~ Әйтпесе, сұлтан атаулыны бар беделден айырып, оқалы шапандарынан басқа ештеме қалдырмай, билік атаулыдан жұрдай еткенде, күлге шөккен кәрі бурадай артын көтере алмай, шоңқиып отырып қалған тобан аяқ Шыңғыс бүкіл Көкше өңірінің зиялыларын бастап, той ақсақалы болып келер ме еді?! С.Жүн. * Ертеде ел тізгінін ұстаса да, бұл кезде күлге шөккен кәрі бурадай пеш түбінде отырып қалған жүзден асқан қарияға барып ақыл сұрапты деседі Ә.Нұрп.
