Бүтін жері қалмаған, өрім-өрім, тоз-тозы шыққан. ~ Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды. І.Жанс. ~ Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзіне жығыла жабысқаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Ж.Шәк. ~ Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім, жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. С.Жүн. ~ Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса – бір бұттан кем шықпас, – деп кіжініп қоятын. Қ.Най. Әбден күйзеліп, шаршып-шалдыққан, қиналған. ~ Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Ш.Бейс.
