Posted in

СЫРТҚА (СЫРТ) ТЕПТІ

1. Жақындатпады, шеттетті, бөтенсіді. ~ Анау жолғы маған ұры көргендей үрке қарайтын «сырнайкөз» қара жоқ, – ол журналистика факультетінде; ал «Ұзынтұра» осында, бірақ ол мені сыртқа теппейді, үйірсек. З.Қаб. ~ Ал, Қанат ше? Ол Айкүмісті сыртқа теуіп, сырғып, жасанды бір сырдың мінезге түсіп бара жатқан секілді. Ғ.Сл. ~ Әкем Байсалбай – өмірі ит мініп, ирек қамшылап өткен тақыр кедей. Іңгәлап жерге түскенде өмір мені өгей баласындай сыртқа тепті. М.Әбд. ~ Шіркін- ай, адамның жүрегі ең таза, ашық кезі осы шақ- балалық күндері ғой. Бірін- бірі жатырқауды, бөтенсіп сыртқа тебуді білмейтіні содан. Ж.Шағ. ~ Отызыншы жылдардың бас кезінде Қазақстандағы асыра сілтеушілік Шәкерімге сенімсіздікпен қаратты, сыртқа тепті, «бай», «қажы» деп шошынды. С. Молд. ~ Бұл күні менің қатын-баламнан басқа жақының қалмаған сияқты. Күні-түні келгенде, олардан да шошқа мінез көрем… Мүлде бір жат ортаға душар болған жандаймын. Ешкімге залал істемеп едім ғой, неге бәрі сырт тебеді?! М.Мақ. ~ Ниетімізді Алла оңғарды. Қанша дегенмен мұндағы керей, найман, уақ, төрелер де өз елің, жатсынып сырт тепкен жоқ, ілезде араласып-құраласып кеттік. Ш.Рах. 2. Ішке сыймады. ~ Мәмбетнияз ат үзеңгісінде шіреніп, біресе ілгері, біресе кейін ырғалады. Жалқын сары өңі де сан құбылып, ішкі толқуы сыртқа теуіп, ап–айқын білініп тұр. М.Әбд. ~ Алпыс екі тамырын қуалай әдеттегісінен әлдеқайда қатты аққан қанның ішкі қуаты сыртқа теуіп, қара сұр жүзі лезде алаулап шыға келді. С.Дос. ~ Қалғандай құлазыған ескі жұртта, Үрейлі үңірейген кешкі ымыртта. Қуарып Жарқынбайдың жүдеу жүзі, Іштегі қасіреті тепті сыртқа. Н.Айт.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *