Бекерден босқа алданып, әлдебір болмайтын нәрсені көңіліне жұбаныш қылу мағынасында. ~ Елде егер жүрсек келмей, ұмытпассың, Сүйгенге сырттан кір сөз жуытпассың. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп, Қарумен сүйген жарың мауық бассын. С.Торы. ~ Тым құрса қолынан топырақ салғызса не етуші еді! Ауыра салысымен елге неге алғызбады? – деп айтады екен. Және де енді тұлыпқа мөңіреген сиырдай, бір томар белгісі қалмағанға қайтып шыдаймыз? – десіпті. М.Әу. ~ Құр тұлыпқа мөңіреген сиыр сияқты, босқа иегі қышып, текке арамтер болыпты. Д.Досж. ~ Бейбақ жаны бейне тұлыпқа мөңіреген сиырдай, ботасын көксеген аруанадай боздайды. С.Ел. ~ Оркестрдегі кәрі кларнетшіге "жаным" деп елжірегенін көрсең, тура тұлыпқа мөңіреген сиырдай. Ал кларнетті тумысында жаңа көрген болар, "сырнай" деп шатысты. Дж.Сэл. ~ Сөйткенше болған жоқ, ұзын составтың басындағы қаңқиған кәрі паравоз тұлыпқа мөңіреген сиырдай бірер рет ыңырсып алды да, ысылдап-пысылдап жылжып жүре берді. О.Сәрс. ~ Атаңа нәлет, қатынсыз күн де күн емес! – деді. – Тұлыпқа мөңірген тұмсадай үш мезгіл жұрттың түгініне исініп отырғаның! Қ.Ысқ. ~ Мұның бағасын бір кезде ұрғашы дейтін жұрағаттың көкірегіне танауды тығып жатып иісінен танушы едік, – деп тұлыпқа исінген тұмсадай шараптан шіри бастаған қызылшұбар мұның қолындағы желін қаппен бұрап – бұрап тастады.. Қ.Ысқ.
