Posted in

ҚАНЫ БАСЫНА (ТӨБЕСІНЕ) ТЕПТІ (ШАПТЫ, ШАПШЫДЫ, КӨТЕРІЛДІ)

Ашу қысты; ызадан жарыла жаздады. * Өзі толып, іші шығып келе жатқан бұл не десін: – Рақмет, – деді де қаны басына теуіп, ұяттан қызарып кетті. С.Досж. * “Кешіріңіз, сізді біреумен шатастырып алдым, жүре беріңіз”, – деді даусы зорға шығып. Сылаң қағып “Хаммер” жүйтки жөнелді. Сүйріктің қаны басына тепті. Ж.Аязбек. * «Боссың», – деді бастығы безірейіп тұрып. Басы зың етіп, көз алды қарауытып барып, әзер оңалды. … «Еркелігін» көтере алмапты. Келесі сәтте қаны төбесіне шапты. С.Нұғ.* Әлімбектің сөзі Бекназардың жетесіне сонда барып қана жетті. Қаны басына шапшып, желкесіне, маңдайындағы тыртығына дейін күреңітіп кетті. Тынысы тарылып барады. Ш.Айт.* Енді бір сәт Ақбас бүркіттің қайсарлығы мен өзінің мына дәрменсіздігіне жыны келген ол ызадан жарылып кете жаздады. Қаны басына шапшып, оң аяғымен Ақбас бүркітті теуіп жіберді. С.Дос. * Әліптің қызыл шырайлы өңі күп-күрең болып, қаны басына бір-ақ көтерілді. Ж.Шәкен