Бетті қаритын үскірік аяз. * Қыстың қызыл шұнақ аязында Іскендір елу шақырым жердегі қаладан Исақай ешенге бір қап көмір әкеп берген күндері болған. Сонда қарды бұрқыратып, жалаң аяқ жүреді; ол өмір бойы аяғына лыпа ілген жан емес. Ж.Айм. ~ Таңсыққұмар жұрт қаңтардың қызыл шұнақ аязында қыңқ етпестен тосын жолаушыларға ауыздарын ашып қарап қапты. Ә.Кек. ~ Өлкеге біткен өсімдік иіліп, басыменен жер соғып алас ұрды. Жаз өміріне қара дауыл өртімен қоса қызыл шұнақ аязын да әкелгендей боп кетті. Ғ.Сл. ~ Сұлтанмұрат терезеден басқа-көзге төпеп тұрған қарға, өз жалымен өзін сабап, өз құйрығымен өз сирағын тырналап, өлтіріп бара жатқан өкпек желге беттей алмай, теріс айналып, шаяндай шағып жатқан қызыл шұнақ аяздан дір-дір етіп бүрсең қағып тұрған председательдің атын көріп, бейшара жануарды аяп отыр. Ш.Айт. ~ Шіркін, ешкі түшкіріктің өзін жаңғыртып алып кететін қауыстың қызыл шұнақ аязы болар ма дейді. А.Сүл.
ҚЫЗЫЛ ШҰНАҚ САРЫ АЯЗ
Бет қаритын қатты суық. * Ақ десең түкірік жерге түспейтін бет жалаған қызыл шұнақ сары аяз бен екі үйдің арасы көрінбес алай-түлей түтеген ақ боран – осы өлкенің еншісі. С.Жүн. ~ Дәл сол сәтте ол маған үңгір емес ажал аждаһасының үңірейген аузындай болып елестеген. Қызыл шұнақ сары аязды күні тұла бойымды тер буды. К.Сег. ~
ҚЫЗЫЛ ШҰНАҚ ҚЫС
Қыстың ең суық кезеңі. ~ Алдымызда қылышын сүйреткен қызыл шұнақ қыс. Ж.Айм. ~ «Қызыл шұнақ қыстың басында келген бұлар әлі жатыр. Қазанның татарымын» – деп құран ақтарып отыратын шоқша сақал, шегір көз еркектің тап-тұйнақтай қора-қопсысының бұлар әбден есін кетіріп қобыратып бітті. Ә.Кек. ~ Пай, пай, Тағдыр, Тағдырекем, Қызықсың-ақ, бұзықсың-ақ! Қанша адамнан тандың екен, Қыс орнатып қызыл шұнақ? Жұб.Молд.
