Тірлік нышаны жоқ жапан дала. ~ Айнала ішсе азайып, Көл суалмас демеңіз. Құрсағы құшақ байлардан Дәулет таймас демеңіз. Қурай бітпес құба жон Құлан жортпас демеңіз. Құландар ойнар қу тақыр Көлшік болмас демеңіз. Бұқар жырау. ~ Беті шалғай терістен, қиын қиядан, бұлт құшқан биіктен, шыңыраудың түбінен шыққандай “қиырдан жиылған” суреттер болады. Сондықтан толғауының ішінде “Құлан жортпас қу тақыр, қулықтан туған құлаша” бір мағынаны ұғындыру үшін қатар келсе, жоғарыда айтқан нобай белгі деп есептеу керек. М.Әу. ~ Бір уақытта шерлі дауысты әйел мұңлы әнді бастады. Құлан жортқан ен жайлау жерім қайда? Елде жүрген кешегі ерім қайда? Берсең тілек, Тәңірім, шын қалайын, Бір көрсетші көзіме, көгім қайда?! С.См. ~ Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің – Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Ә.Кек. ~ … су жағалай ұшқан аққудың сұңқылы да сұмдық, қуғыннан қуғын көріп, құлан жортқан, құба жоннан құлдилап құмға түскен кұралайдың қырыл-сырыл демі… Н.Дәут. ~ … маған келіп жау жаралаған қанынды жудың, маған түн жамылып тағдырың ластаған арынды жудың, құлан жортпас қу мекиенде бір қасық суға зар болып өзегің өртенерде, қойнымды ашып қол ұшын берген тағы мен… О.Бөк.
