Posted in

ӨЛГЕН-ТІРІЛГЕНІНЕ ҚАРАМАЙДЫ

Не нәрсені де аянбай, жанын салып істейді. ~ Қоңырат етекті ел. Ұлы-қызы өлген-тірілгеніне қарамайтын намысқой келеді. І.Ес. ~ Олардың атына кір келтірмеу үшін өлген-тірілгеніне қарамайтын. Г.Сейт. ~ Қайта шабуылға шықты. Бұл жолы жігіттер арыстанша алысты. Өлген-тірілгеніне қараған жоқ. Арақтың буы мен кек араласқан соң неден тайынсын. Т.Сәу. ~ Қамау судың балығы бұлардың қашаннан бері зарығып күткен қызығы еді ғой; жұрт өлген-тірілгеніне қарамай қызығына түсіп кетті. Ә.Нұрп. ~ Жаралы арқар бөліне қашты. Үш аяқпен безіп барады. Қожанияз Ақбозды екі өкпеге тепкілеп өлген-тірілгеніне қарайтын емес. Н.Сәу. ~ Қарасайға ілескен қалың нөпір өлген-тірілгеніне қарамай жау шебіне тап берді. Шақ-шақ еткен қылыш, қарш-қарш қадалған найза, арс еткен, ыңқ еткен адам, опыр-топыр ат тұйағы жердің бетін быт-шыт, тас-талқан етіп жіберді. Б.Нұрж.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *