Posted in

БЕТІНЕН (ЖҮЗІНЕН) БОЗДАҒЫ ШЫҚТЫ

Өңінің әрі кетіп, қаны қашты, жүдеу тартты, жабырқады. ~ Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет-әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар «бетінен боздағы шықты” дейді. Ж.Баб. ~ Ел басшысының жүзі көктемгі қыр беткейді елестетті. Қабырғадағы айнаға қарап еді, өз бетінен боздағы шығып кетіпті. Көзін тайдырып әкетті. Д.Дос. ~ Аш қойшыға нан керек, Боздағы шыққан бетінен, Тоңса да қойшы жан керек, Қалмайды қойдың көтінен. С.Сей. ~ Қарадық та, селт етпей жанарымыз, Алжығанға санадық Ананы біз. …Бораны ұлып, бетінен боздағы ұшқан, Сұлап жатыр далада жаралы күз. М.Мақ. ~ Түлігім жатқан тепсеңге Өгей шөп әкеп өсірдім. Өгейлік емей немене, Қамшысын жедім көшірдің. Боздағы шыққан бетінен, Жетімі құсап жесірдің. Н.Айт. ~ Жолдыбай көзін қулана сығырайтып, жүдеу жүзінен боздағы шыққан арық қызды, жас балаша тік көтеріп, маңдайынан сүйді. Т.Рыс.