Posted in

БІР БЕТКЕЙ

А) Айтқанынан қайтпайтын, икемге көнбейтін, тура мінезді. ~ Қандай орын беруді ревкомге тапсырыпты. Ревкомдегі — Балташ. Кім біледі. Балташ кедейшіл, бір беткей жігіт. Мұқашты Сартауға болыс қылып жібере ме? Ж.Айм. ~ Бұрын Төлеген Балташты: «Икемге көнбейтін, бір беткей, қазақ жайын білмейді»…— деп ішінен ұнатпаушы еді. Ж.Айм. * Бірақ өзге көп жайды екеуі де ірікпей, бүкпей ашық сөйлессе де жаңағы сұмдықты, жарылмаған уыздай, сорлы шерлі баласына айтуға, бір беткей Қодардың батылы да бармас еді. М.Әу. * Жас кезінде көп қиянатты өзінін мінезі арқылы көрген. Қайсар десе қайсар, өз айтқаны болмаса, жұрттың дегеніне көнбейтін бір беткей аңғал. І.Ес. * Мұның бір беткей мінезі бар, сосын өзгелердей бойкүйез емес, іске жан салып кіріседі ғой, – деп ашық құптап, қуанып жүрді. Т.Әбдік. * Елтайдың пайымынша, еңбек адамдары бір беткей. Жұмысқа кіріссе, тас-талқанын шығарады. М.Қаб.

Ә) Біркелкі созылған, бір-біріне ұқсас, үйреншікті. * Әлгіндей өлеңдері болмаса, әннің ырғағына да жетік емес, жолсыз жерде жүрген арбадай, текіректетіп, бір беткей қылып соғып отыр. Ж.Айм. * Бата қылған, «Қайырлы болсын» айтқан ағайынның аяғы сиреген соң, үйге ие табылған соң, ақсақал бір беткей шаруа жұмысына кірісті. Ж.Айм. * Шалғынды бір беткейде, самарқау жел сусылдап есе түскенде, мұрын жарғандай боп, жас бүлдірген иісі аңқиды. М.Әу. * Осы жонмен қатар-қатар, бір беткей созылып жатқан үш жотаны көрдік қой әлгінде?.. Үшеуі үш ауылға қыстау бола алады. Аралары шақырымға толмайды. Өзің бөліп бере бер. Ғ.Мүс. * Тамырекең Елеместі ертіп шығып, су ормайтын, тасқын, көшкін жүрмейтін бір беткейден тесіп шыққан иендегі бастаудың көзін ойып түсіреді де, қырық жамбыны көміп тастап кете барады. Ғ.Біл.