Posted in

ЖАҒАСЫ ЖАЙЛАУҒА КЕТТІ (ЖҮРДІ)

1.Тым еркінсіп кетті, алаңсыз, бейжай күн кешті. ~ Дүкен атаулы мұнда демалыс орны: төменгі қабатта фонтан, гүлзар, алқа-қотан орындықтар, шай ішемісің, кофе ішемісің, жеңіл тамақпен жүрек жалғайсың ба –тәбетің білсін, кондиционер – қырық градустың үстіндегі қапырықтан соң жаның жай табады, бірақ жағасы жайлауға кетіп шалқайып жатқан ешкім жоқ. Қ.Ысқ. ~ … мамыра тірліктің қамымен жағасы жайлауда жүрді де, «апыр-ау, осы біз қайда барамыз?» деген сұрақтың жауабын іздемей мәре-сәре сайрандады. О.Бөк. ~ Кеше ғана жағасы жайлауға кетіп, көңілді жүрген Саурық бүгін әукесі салбырап, көзі қызарып ағаш атқа мінді. Ә.Шәр.
2.Денесі болбырап, алқам-салқам күйге түсті. ~ Белгібай бір жәшікті алып кіріп еді, Көкен оны иығына қойып алып, орыстың «Камаринскаясын» шертіп, өзі домбыраға биледі. Үйдегі қымызға бөккен адамдардың жағасы жайлауға кетіп, аузынан сілекейі ақты да қалды. І.Жанс. ~ Үрдіс жүрістен күннің ыстығынан денесін ұйқы буып келе жатқан Ұлтарақтың жағасы жайлауға кетіп, ат үстінде қалғып келеді. Ә.Шәр. ~ Үстел жанына жаман кірпіштейін төрт бұрыш қара чемодандарды тігінен қойып отыра қалды да, терлеп-тепшіп, шай ішті. Содан буы бұрқырап, жағасы жайлауға кетіп, есік алдына шықса, еңкіш келген ақ бас кемпір тұр. М.Қаб.