Posted in

ЕТЕГІНЕН ҰСТАДЫ

Тағдырын қосты; үйленді (тұрмысқа шықты). ~ Қыз айтты: «Құдай не бағыма, не сорыма кез қылған шығар. Алаштың азаматы ер жігіт көрінесің. Етегіңнен ұстадым». Ж.Айм. ~ Зәйкүл сөзшең қатын еді. Кей кездерде мені қалжыңдап өлең айтады: «… Қасымжан, серт байласқан сен емес пе ең, Ұстаған етегіңнен мен емес пе ем. Б.Майл. ~ Осы сәтте Елеусіз өзін сүйетін әйелді арман етті. Балуан-Шолақтың қойнына кіріп келген Ғалиядай бір ұрғашы етегінен ұстаса, басын соның жолына тігер еді. Ажарына, біліміне қарамас еді. Т.Әл. ~ Елдің мұнан жаман қыздары да қайдағы бір әдемі, жігітің қайсы десе мынау дейтіндей біреулердің етегінен ұстап кетіп жатыр. Ж.Сәм. ~ Текті қызы болғасын текті елінің, Текті әкемнің ұстаған етегінен. Р.Нияз. ~ Үйренген ортамнан, жылы ұямнан суырылып шығып, сол шала таныс жігіттің етегінен ұстап бейтаныс, қиян шетке аттандым. Т.Ахт.

  1. Соңынан ілесті, арқа сүйер көрді. ~ Енді сөзді қысқарт та, мына болыстың етегінен ұста. Бұған сендей пысық жігіт, атқан оқ, шапқан қылыш болуға жарайтын отты жолдас керек. Ұрлығыңды қойғызып, қасына алып жүру — болысқа да мақтан. Кеше талай үлкен жақсылардың қасында сендей талай тентек түзеліп, кісі болып кеткен. М.Әу. ~ Ақтан ағаң сені келсін деді. Қалың Кішкене Раманкұл мен Бәйділданың жетегінде кетті. Бәйділда Жанғазы төренің етегінен ұстаса, Раманқұл қара сарттың сарқытын ішіп, мұртын майлағанына мәз, қорасын малға толтырудың әрекетінде жүр. З.Шүк.