Posted in

КӘР (КӘРІН) ТӨКТІ (ШАШТЫ)

Ашуға мінді, қаһарланды, Айбат шегіп, ызбарланды. ~ Жуан-жуан ту құйрықтан жасап жапсырғандай едірейген қара мұрты сол бір жылдарда бүйідей түксиіп, кәр төгіп кетіп еді. Ғ.Мүс. ~ Балағаздарға барды салып, кәр төккен себептері сондайдан туған. Ел жүрегін шайлықтырам, түңілтем дейді. М.Әу. ~ Мамозы шаңылдаған бітім бермес, жанжалқой үнімен тынбай бұйрық беріп, қолындағы бүктеулі қамшыны білеп, кәр төгіп тұр. Ж.Ахм. ~ Оспан бұл жолы қатты кәр төгіп келген еді. Біз ол кісінің бір жолғы ашуын тілеп алдық. Ж.Шәк. ~ Иса өзі де тісін ақсита қайрап алып, темірдей қатқан қос шеңгелін қасқырдың алқымынан босатқан жоқ. Керіп тіреп, қылқыңдырып жатып айқайға басып, кәр шашып тұр. М.Әу. ~ Ата сақалы аузына түскен адам, жазушы деген дардай аты тағы бар. Соншама кәрін төккені несі?! Д.Рам. ~ Қайдар сұрланып, шалға кәрін төккенмен, қарындасқа келгенде тілі байланды. Қыздың кірісетін жұмысы ма бұл? Б.Май.