Posted in

КӨҢІЛІНЕ ҚҰРТ САЛДЫ (ТҮСІРДІ, ТҮСТІ)

Қызықтырды, көңілін бұзды. * Жаңыл асқан сұлу болмаса да, осы төңіректегі талай сылқым мырзалардың көңілдеріне құрт салған Жүзбай байдың ерке-бұлаң тотысы еді. О.Сәрс. * Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл, сен көзге түссең әлдекімнің көңіліне құрт түседі, жалғыз жетімегіңді асырай алмай қаңғып кетерсің. Ә.Тар. * Нәпсісі әлсіздеу ер адамдардың көңіліне құрт түсірді. Оның ақкөңілділігін, жайдарлылығын әркім өзінше түсінді. Б.Сарм.

КӨҢІЛІНЕ ҚҰРТ ТҮСТІ

Ниеті бұзылды, жаман ой келді. ~ Бәрі жақсы басталып, жақсы аяқталатын еді, егер Бергеннің көңіліне құрт түспегенде. Екі келіншектің бірі жиырмалардан асып, отызға жетпеген ақ сары әдемі жан екен, үріп ауызға салғандай дейтіннің дәл өзі. Ә.Тар. ~ Емексіген соң көңіліне құрт түседі. Көңіліне құрт түскен соң тып-тыныш дүниесіне бүлік түседі. Ол бүліктің аяғы жақсы болмай, жігіт қай жарға ұрынып, нені бүлдірсе де бәріне ұрғашы кінәлі болып шығады. «Әйел жолы – жіңішке» деген сөз содан қалған. Е.Әл.