Posted in

ҚАРА АЗЫҚ

Күнделікті тұтынатын, негізінен дәнді дақылдардан дайындалатын, ағарғаннан өзге тағамдар. ~ — Ана жақтағы ауылдар… кедейің бол, байың бол, бір ағарғанмен отыр. Қара азық емге жоқ. Тісіңе дән тимейді. Оу, оу, Бибіжамал-ау, теңіз… бұл теңіз ше… мына үй іргесінде шалқып жатқан көк теңіз бар-ау, түбі жоқ ырзық қой. Көктен салбырап түсіп тұрған несібең ғой… Пісулі асың ғой бұл! Тек шалқаңнан аузыңды ашып жат та, қылғып жұта бер!.. Жұтуға ерінбесең болғаны, — деп мұндағы бар шаруаға көңілі бітіп, ырза боп кетіп, — қатын, не қыласың, биыл бізге Құдайдың қарасуының кемі жоқ, — деп қатынының тізесін құшырлана басып-басып қойды. Ә.Нұрп. ~ Пейілдеріңе рақмет, бәтіреке. Ағарғаның болса, қара азығың да жетер, Қаншайым. Асығыстау едім, – деп, Байсұлтан шын ризашылығын білдірді. Ә.Асқ. ~ ~ Досқа қарасты жігіттер қазаннан ауысқан балықты қап-қап қып промсолға тапсырып, қолма-қол қант пен шайын алып жүр. Ішім-жем, қара азық та соларда. Мөңке ауылының іші күйсін дегендей олар қазір қақтаған балықтарын сыртқа шығарып жаутылдатып кермеге жайып қоятынды шығарды. Ә.Нұрп. ~ Соғыс зардабын елдің дендеп түсіне бастағаны да биыл жаз: қант-шай, қара азықтың көзі кеміді. Ә.Сар.