Тағдырға мойын ұсынды. * Үшінші сағатта: – Жеміс жұлғаным, менің Тағдырдың заңына көнгенім, – деген сөз шығарды. Төртінші сағатта: – Тағдырдың дегеніне көнбегенімнің өзі көнген болып шықты, – деді. А.Байт. * Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! І.Ес. * Әйтпесе мұның жары Ақтан емес, осы Есімхан болатын-ақ реті бар еді. Олай болмады, өмір өз дегеніне көндіргені. Ө.Ахм.
Автор: Админ
ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗҒАНЫН (ЖАЗУЫН) КӨРДІ
Болған іске мойын ұсыну; пешенесінен көру; маңдайға жазылған тағдырға бас ию мағынасында. * Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. І.Ес. * – Ақтай алдына салып айдағанынан- ақ безгенмін бұл жаннан, – деп тынды ақырында. – Артымда шулап қалар балам жоқ. Шешем мен кішкене інім тағдырдың жазғанын көрер! Т.Сәук. * Ал менің айтарым, өмірде жолым болып келеді. Тағдырдың жазуы шығар, қайда жүрсем де ылғи бір жақсы адамдарға кездесіп отырдым. Қ.Қайс. ~ Тағдырдың жазуы солай, жасарын жасап, асарын асап, бұл дүниені шайқап өткен Әбілпейіздің өліміне өкініш жоқ. Ш.Рах.
ТАҒДЫРДЫҢ ІСІ
Жазғанның мойынға артқаны. ~ «Өмірін берген Құдайым, ажалын да беріпті. Тірлік арты өлмек-ті, сабырлық қылсақ керек- ті», — деп тағдырдың ісіне амалсыз мойынсұнып, қайғысын ақылына жеңдіріп, жанына уақыттық жұбаныш тапқан. Д.Рам. ~ Жаттықтырушысы Бағдат Кәменұлы бұл қайғылы оқиғаның тағдырдың ісі екенін, оның өзі үшін өмірін қиған Мейіржан үшін де өмір сүруі керектігін шәкіртіне тү-сін-діріп бақты. Н.Жаз. ~ Тағы да қазақтың ежелгі көнбістігіне салып: «Тағдырдың ісі шығар?!.» — деп, жылы жауып, жыл сайын жазда Қытайға емделуге келеміз… Қ.Ғабд.
ТАҒДЫРДЫҢ КЕРМЕСІНЕ КЕЗ БОЛДЫ
Басына іс түсті, қайғыға душар болды. ~ Тағдырдың кез болып тұр кермесіне Тайпаланған талай жорға, талай тұлпар Тағдырдың кез болып тұр кермесіне Солардан жаным – тәнім ардақты емес, Орынсыз күйзелейін мен несіне?! А.Байт. ~ О бір сүйегіне басылған, кетпес таңба ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде, Ақбілек сорлыда не жазық бар? Өз еркімен барған емес, тағдырдың кермесіне кез келді. Бұл алмаса оны кім алады? Ж.Айм. ~ Бір кезде Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашылған. Бергі заманда үшкөл үй тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештерін қыдырып, бұл кезде топырағы күлтөбеден бұйырған. Ж.Айм.
ТАҒДЫРДЫҢ ҚҰРЫҒЫ
Жазғанның кесапаты. ~ Ара- арасында Монғолия мен қазақ даласына да олжа түсіруді көздеген жорықтар жасап отырды. Бірақ қанша көкжал болғанымен, тағдырдың құрығынан ол да құтыла алған жоқ. Қ.Жұм. ~ – Қайтейін, тағдырдың құрығынан құтылам ба. Жалғыз- ақ өтінішім – кесілген аяғымды сақтап қой, өз қолыммен жерлеймін. О.Бөк. ~ Қаншырдай қатқан Тағдырдың құрығы төніп, шаншылмай қалған Боз үйдің уығы болып!.. А. Исаб.
ТАҒДЫРДЫҢ САЛҒАНЫН КӨРДІ
Басқа түскенді көрді. * Амал қанша, білгенімен не шара, мына шаруаны тастап қайда кете алады. Тағдырдың салғанын көреді де. С.Шайм. * Інім, қазақ өлшемей сөз айтпаған: «Адам жақсылыққа жарылмайды, жамандыққа өлмейді» деген, тағдырдың салғанын көрерміз. Б.Қыд. * Алдым қараңғы. Қайтейін. Тағдырдың салғанын кезінде көрерміз. Т.Ахт. * Күдер үзіп, елге қайтып, қалған ғұмырында тағдырдың салғанын көріп жүрер еді де… Ш.Айт.
ТАҒДЫРДЫҢ СІЛЕСІ
Басқа түскен ауыртпалық; жазғанның айдауы. * … қалың көштің алды қайда жеткенін, соңы қайда қалғанын біліп, болжап келе жатқан салихалы елбасылары бар да шығар, апталарға, айларға созылған «ақтабан шұбырындының» ұзақ сапарында тағдырдың сілесіне қалған елдің, малдың өңі көрден шыққандай. Ғ.Біл.
ТАБАНЫНАН ТОЗДЫ
Босқа жүгіріп, сенделіп, әуре-сарсаң болды, шаршап-шалдықты. ~ Сөйлесе кетсе бір жерде, Ағыны қатты аңқылдап. Оязға кірсе, өзгеден Мерейі үстем жарқылдап. Елің бұзық болған соң, Ояз жатыр шартылдап. Табаныңнан тозасың, Құр жүгіріп тарпылдап. Абай. * Байбосын кешке дейін төрт ешкісін іздеп әуре-сарсаңға түсіп, табанынан тозды. С.Жүн. * Айтылған нұсқауды табанынан тозып жүріп, бір жақты қылған соң, өкпесін қолына алып, көршіге қайта келген. Н.Дәу.
ТАБАНЫҢДЫ ЖАЛТЫРАТ
Құры, жоғал. ~ Бойковқа ашулы көзін қадады. — Айтқанымыз айтқан, осы істің, арты насырға шаппай тұрғанда, табаныңды жалтырат, Бойков. С.Ом. ~ Енді көп мыжыма. Алды-артыңды абайлап сөйлемесең табаныңды жалтыратып, ертең осы уақта Ақкөл шекарасының рғы жағында тұрасың!.. Ш.Рах.
ТАБЫТТАЙ ТЫНЫШТЫҚ
Жым-жырт үнсіздік, өлі тыныштық. * Басында оқыс бір ой оралды да, Өмірбек сескеніп қалды: табыттай тыныштық пен қараңғылық басып тұрған мына үлкен үй кімге құтты мекен болған? С.Шайм. ~ Бір сәт табыттай ауыр тыныш-тық орнады. Әзірейілдің алып көлеңкесі көз жетер жерді басып қалғандай болған осы тығырық-тан Ерүміт алып шықты. А.Әк.
