Posted in

ТАБАНЫН ЖАЛАДЫ

Құлдыққа түсті, жағымпазданды, жалынышты күйге түсті. ~ Табынар Құдайыңды таба алмастан, Табанын жалай бердің әр күштінің. С.Қали. ~ Тілмашты айтамын да. Кулактың баласы екен ит неме. Соғыс кезінде фашистердің табанын жалапты. М.Қаб. ~ Есің дұрыс па?!. Көрінеу көзге біреуді жығып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айландырып әкетіп барады. Қ.Ысқ. ~ Ел алдында асқақтап, аспандап кететін солардың патша чиновниктері алдында құрдай жорғалайтынын, табанын жалауға дайын тұратынын, арсыз намыссыздығын қатты мінейді. Т.Қож.

Posted in

ТАБАНЫН ЖАЛТЫРАТТЫ

Тайып тұрды, жоғалды. ~ Саяси кеңестің кеңсе табалдырығынан аттай бере жиын жоқтығын көрген жерде-ақ маңайында торуылдап жүрген бір сұмдықтың ныспын сезіп, дереу табанын жалтырату керектігін біле қойды. Ғ.Біл. ~ Жұртты билеп- төстеп қалған адамның аузынан жарым ырыс шығып тұрғанда табанын жалтыратқаны абзал. Б.Қыд. ~ Табанын жалтыратып тайып бергеніне қарағанда оның бұған қайтып орала қоюы да неғайбыл-ау. М.Серв. ~ … азаттық алған бойда Дон Кихот өз кәсібіне қайта кірісіп, табанын жалтыратып тайып тұра ма деп қорқатынын айтты. М. Серв.

Posted in

ТАБАНЫН ЖЕРГЕ ТИГІЗБЕДІ

Жаяу жүргізбеді. ~ Аузынан пәлендей адамым бар еді, көмектесе ғой деп шықты бітті, табанын жергетигізбей ала жөнеуге әзір тұрғанын жақсы түсінді. Дегенмен сырын айтпады. Р.Рай. ~ Бастық та тыным таппас беймаза біреу. Біресе ана мекеме, біресе мына мекеме… құдай оны да зыр қақтырып, табанын жерге тигізбей қойған. Н.Сам. Құрмет көрсетіп, шашбауын көтерді. ~ Үй толы жастар бұны «жиен» деп, көтермелеп, табанын жергетигізбей, қолданқолға өткізіп, төрге шығарған. Ү.Жәл. Алдына салып дедектетіп айдады. ~ Көз алдына қаһарлы шұнақ құлақ қара шал елестеуі-ақ мұң екен, қосмұңлықтың табанын жерге тигізбей алдына сап, айдай жөнелді. С.Дос. ~ Енді, міне… жуынып жатқан тыр жалаңаш кісілердің арасынан табанын жерге тигізбей дедектетіп жетелеп әкеле жатқан ағасын атарға оғы жоқ. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАБАНЫН ТІЛДІ

Жазалады, жұмысқа жекті, құлдыққа салды. ~ Асқақ басын иілтіп, Табанын тіліп құл етіп, Алдыма алып келіндер! М.Әу. * Төсек салғызып жатып қалды. Бүгін келген қонағын ертең табанын тіліп, қара жұмысқа қоспақ. М.Қаб. * Қызды енді қайта біреуге сатқанға дейін күң орнына жұмсап, баланың табанын тіліп қозыға салып қойса, аз олжа емес. Ж.Ахм. * … мойнына бұршақ салып Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы осы Жақыпқа дейін табанын тіліп отырып жұмысқа салған. Қ.Ысқ. * — Сол ант ұрғандар ғой, елдің ұл-қызын орысқа апарып напақа түсіріп, тірлік етіп жүрген. Шіркін солардың табанынан тіліп, қылтасын қияр күн болар ма екен, — деді тістене. Б.Жұм.

Posted in

ТАБАНЫНА КІРГЕН ШӨГІР МАҢДАЙЫМА КІРСІН

Саған келер зауал алдымен маған келсін, саған түскен қиындықты мен тартайын д.м. тілеу. * Көзі ілініп бара жатып, ауыз үйде күйбеңдеп жүрген қарияның сыбырын естіді. — Е, жаратқан алла, жанын жалдап жүрген жалғызымның табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін! Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! М.Қаб.

Posted in

ТАБАНЫНА САЛДЫ

Тізесін батырып қинады, құлдыққа салды. ~ Неғұрлым табанына сап тапап, жаныштап тастағысы келген сайын солқұрлым оған өзінің күші де, кұдіреті де жетпеді. Ә.Нұрп. ~ Е, хан ием! — деді аяр мыстан. — Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. А.Сей.

Posted in

ТАБАНЫНА ТАС БАТТЫ (ТІЛДІ)

Өмір зардабын көрді; мойнына ауыртпалық түсті. * Тікен кіріп, тас батты табанына, Тербетілді нөсер мен дауылында. З.Шілд. ~ Әлде Кенжекейдің: «Алты аяқты ала атың, қулық бие құлыны, табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе, алты күнге жарамас», — деп төмен баға бергендігінен бе екен. Ж.Қақ. ~ Сөйтіп, осы үйде бес жан тұрып жатты, бірінің табанына тас батса – бәрі ақсады, бірі ауырса – бәрі сарнады, бір жұлдыздың бес тармағы секілді сәуле де бәріне бірдей, тең тарады, бес бұтақты бәйтерек еді, кенет негізгі түпкі тамырды дерт жайлады, біреуді тексерем деп өз күнәсінің үстінен шықты. Ж.Нәж.

Posted in

ТАБАНЫНА ШОҚ ҚАДАЛДЫ

Тыным таппады, отыра алмады, шоршып түсті. ~ Занко үйге түнемеген күні Едіге кірпік ілмейтін: табанына шоқ қадалып, безіп кететін. Сенделіп жүргені жүрген: жүрегі лүпіл қағып, бір тыным таппайды, үйге мың кіріп, мың шығады. Еш затқа зауқы соқпайды, қолы да іске бармайды: нағыз делбе болып алатын. Т.Ораш. ~ «Мен кадрлық резервтен едім…» деген алғысөзімді естісімен-ақ, облыстағы атқамінер ағатайларды айтпағанда, аудан әкімінен бастап бөлім бастықтары бар, не керек жасы да, кәрісі де табанына шоқ түскен шайтандарша шоршып түсті. Е.Тол.

Posted in

ТАБАНЫНАН (АЯҒЫНАН) САРСЫЛДЫ

Жүре-жүре шаршады, титықтап, болдырды. ~ Уәли үйге дабырлай кірді. – О, батырлар, мында екенсіңдер ғой. Сендерді іздеп табанымнан сарсылдым ғой. Т.Ахт. ~ Әйтпесе, дәл осы бүгін дүниедегі бар жамандық бір басына үйіліп-төгіліп, жапан түзде аяғынан сарсылып тұрғанда басқа жақтан емес, тек бір жақтан, онда да үнемі сол жақтан ұрланып келе жатқандай болатын себебі не? Ә.Нұрп.