Posted in

СҰРҚЫ КЕТТІ

Көркінен айрылды. ~ Жер тоңазып қонады аппақ қырау, Сұрқы кетіп сиықсыз боп қапты бау. Сықырлайды бұтақтар, сықырлайды, Жапырақтарын аяулы жоқтап тұр-ау. Бау. Үс. ~ Ғашық болған бір кезде өмір еді, Жұрттың неге көз жасы төгіледі. Күйі қашқан ауылдан Сұрқы кеткен Тас қоғамның келбеті көрінеді. Р.Нияз. ~ Көрсет мынау сұрқы кеткен бақшаны, Көрсет анау жапырақты сап-сары. Қандай салқын ызғар ескен іңірі, Қандай сұрқай бұл қаланың ақшамы. Ж.Әск.

Posted in

СҰРҚЫ ҚАШТЫ

Сәні кетті, қиюы қашты. ~ Үйленгендеріне жыл жарымнан асса да, оған тап осынша елжіреп көрмеген-ді. Сұрқы қашып, сиқы кеткен осы бір қораш еркекке неге мейірлене қалғанына өзі де түсінбейді. Ә.Кек. ~ Жан шошиды түрінен! Сұрқы қашты шындықтың – сумаңдаған тілінен уы тамып сұмдықтың. Т.Мед. ~ Тамырынан үзілген тал қуарып, Сұрқы қашты, Көктемеде көктер ме?! …Қонысынан безіп жатыр мына жұрт, Көшу-дағы бәсеке боп кеткен бе?! Б.Жет. ~ — “Келіннің аяғынан” деуші еді, сен келгелі біздің әулеттің сұрқы қашты. Сейсембай өлді, ата-енеңді жұттың, енді Жұмағалиды жалмап, бір шаңырақты құлаттың. Ең болмаса ұл да тумадың, ана шөп-желкеңді ал да төркініңе қараңды батыр! Кесірің өзіңмен кетсін аулақ!” — деп тепсініп ұрыс шығарған. Ш.Мам.

Posted in

СҮТ ПІСІРІМ (УАҚЫТ)

Халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15-20 минут. ~ — Ауылға жақындадық қой! — деді. — Жақындадық балақайым, жақындадық! — деп, дуана Ақбілекті тағы бір лықытып жауырынына таман шығарды. Сүт пісірім болған жоқ, тезек исі жұпар иісіндей Ақбілектің мұрнын жарған кезде: — Келдік, дуана-еке! Енді өзім жүрейін,— деді. Ж.Айм. ~ Сүт пісірімдей отырып, орнымнан тұрдым. Жүрдім… жым-жылас. Таң білінбей-ді… Ж.Айм. ~ Еріне басып Жүсекең келді. Есік алдына отырып шешініп, үсті-басын қағынудың өзі сүт пісірім уақыт алды. Б.Майл. ~ Басында ештеңе түсінбегенімізбен, сүт пісірім уақыттан соң оқиғаға қаныға бастадық. С.Им.

Posted in

СҮТ ҮСТІНДЕ ҚАЙМАҚ (БОЛДЫ)

Өзін өзгеден артық ссезінді. ~ Міне, көп үстінен жеген көбегендердің, «сүт үстінде қаймақ» атанғандардың ендігі ебі сол. Айланың киіз кітабынан алған сабақтары осы болатын. М.Әу. ~ Төлеш. Қайша кім осы күнде? Ол сүт үстінде қаймақ. Жұрттың бәрі оны төбесіне көтереді. Мен сол тоқалға бұл күнге шейін жаңғырық болғаннан басқа, не істеп едім? М.Әу. ~ Шолпан: Көз салып біздің күйге бойлаймысың? Әлі де тірімін деп ойлаймысың? Ерке қыз, сүт үстінде қаймақ болған Үйдегі желігіңді қоймаймысың? М.Әу. ~ Шолпан. Осы қуарған күйді тірлік деп білесің бе! Әлі де өліп болғам жоқ деп отырмысың? Болмаса сүт үстінде қаймақ болған ерке қыз бұрынғы серуенімнің бірі дейсің бе? М.Әу.

Posted in

СҮТ ШЫҚПАЙДЫ

Мән болмайды. * Алшағыр басын шайқады. — Әй, білмеймін, білмеймін… Жетпіс жеті бабаңды тексеретін бала екенсің. Түбің шикі,— Бұл әңгімеден сүт шықпайтынын ұқты ма, кілт өзгерді. М.Қаб.

Posted in

СҮТІН АҚТАЙ АЛМАЙ КЕТТІ

Ерте өліп, ана алдындағы парызын орындай алмай кетті. ~ Сонсоң Ана жас төкті еңк-еңк етіп, еңкілдеп, Тәңіріні тұрлаусыз жан екенсің деп тілдеп, жететұғын жеріме жеткізбедің мені деп, еңіреп есті жел үдеп, жылады Ана еңіреп: "Құлыным-ай, сүтімді ақтай алмай кеттің", — деп. Ж.Нәж.

Posted in

СҮТІН КӨККЕ САУДЫ

Қатты назаланып, теріс батасын берді, қарғады. ~ Мырзабек жақындай бергенде кемпір жаулықты жұлып қолына алды. Екі бетке тырнақты салып жіберіп тіліп тастады. Мырзабек «апа, не болды? деуіне қарамай, омырауын жыртып жіберіп, тозған торсықтай екі емшегін шығарып алды да, көкке сауып: «Көк көкаршын, көкаршын, Көкке жаяр құлашын. Мені бүйтіп жылатқан, Мендей болып жыласын!» — деп дауыс қылып көшені басына көтерді. Сөзін «тумай кет, тумай кет, ақ сүтімнен садаға кет, кешпеймін ойбай, кешпеймін». «Тоғыз ай, он күн көтергем, Көтерген екем бекер мен! Сүйткен құлыным мынадай, Енді қалай етермін!» деп жылады ол. Екі емшегін қолына ұстап, сүтін көкке атқан кемпір, жалынған баласының сөзін құлағына ілмей бозарып талып кетті. С.Мұқ. ~ Қаламқас (мұңайып). Жер аударылайын деп жатқанда мен қалып, жара үстіне у болып төгілуімнің мәні қалай болады? Олардың белін сындырып, анамның ақ сүтін көкке сауғызып, кетпес кекті батасын қалай жүктеп қалам? Құлынын тепкен құландай жүректеріне мұз құйып, қалай қаңғытып жібере алам? Т.Жар. ~ — Ақ сүтін көкке сауып тілеген анаңның, сақалынан сорасы ағып еңіреп, намазға жығылып, құлшылық еткен әкеңнің тілеуін Хақ тағала шын берген екен. Тура сол Жәнібек шабарманнан айнымайсың. Бар мінез, бар қылығың сойып қаптағандай! С.Жүн.

Posted in

СҮТКЕ ТИГЕН КҮШІКТЕЙ

Өзін кінәлі сезініп, жалтаң қақты, жүні жығылды, сүмірейді. * Айдын Иванның тобында сүтке тиген күшіктей болып екі ай жүрді. Өзінен әлдеқайда күшті пысықайлар ортасында бетегеден биік, жусаннан аласа еді. С.Дос. * Су ағатын сайсаланың бәріне тор жайып шаңқылдап казак орыстың тұрысы анау. Шығыста қара бурадай шабынып қалың жоңғардың тұрысы мынау. Бәрінің ортасында өз қонысында өзі сүтке тиген күшіктей боп қазақ жүр. Ә.Нұрп. * — Тый көз жасыңды! — деді,- Мына Қанатымды бауырыңа ал. Өзіңе тапсырам, ана Көктаспаң сүтке тиген күшіктей ғып жүрмесін, Онда екі дүниеде ырза емеспін. Көкесінің сол сөзі есіне түссе ноқталы құлындай тыпыршиды. Н.Сер. ~ Қазақша білетін орысым әлгі қатынды ала көзімен атып жіберді. Сол-ақ екен, ол сүтке тиген күшіктей сүмірейіп бөлмеден шыға жөнелді. К.Қаз.

Posted in

СҮТКЕ ТОЙҒАН МАРҚАДАЙ (ҚОЗЫДАЙ)

Тойып алып, маужырап, монтиып ұйықтап жатқан марқа секілді. ~ Бүктетіліп жатқан бел Сүтке тойған марқадай. Бұйра қою қарағай Белге біткен шалқалай. Су жеп қойған жұмыр тас Түйір-түйір малтадай. Арнада өзен қылықты Қылмаңдаған қалқадай. М.Жұм. ~ Көрген сайын Жәкеңді Күліп қайттым жадырап, Сүтке тойған қозыдай Бөгіп қайттым маужырап. Кенен. ~ Сол Көбейсін жасында өте сүйкімді, өзінің былдырлаған балдай тәтті тіліне кімді де болса күлдірмей қоймайтын, шашы тас бұйра. Сүтке тойған қозыдай томпиған бала болды. Ү.Жәл.

Posted in

СҮТКЕ ТОЙҒАН МЫСЫҚТАЙ

Қалғып-мүлгіп, сүлесоқ күйге түскен адам хақында. ~ Сөйтеді де, басын ойға, арманға, қиялға толтырып, онсыз да қатпар- қатпар әжім арасына кіріп кеткен жымысқы қысық көзін бір жола жұмып жіберіп, бірге оқитын қатар-кұрбыларының ортасында сүтке тойған мысықтай пырылдап, қалғып отырады. З.Қаб. ~ Оның сүтке тойған мысықтай құнтиған, құлпырған сағатын көргің келсе, шаршы топқа шақырып алып: «Ал, Мыршеке, бүгінгі әңгіме былай, кәне, осы туралы ой-пікіріңді ірікпей бір көсіл!» деші, жоқ мұрты тікірейіп, жоқ сақалы шошаңдап жөнеледі бағана. Ғ.Қаб. ~ Бағдад шаһарынан келген шайқы, шілдей арық, қу мұрт, ақ сұр кісі Арыстанбаптың шырақшысы отыр. Пайғамбардың үрім-бұтағы көзін ашып-жұмып мүлгіп қалған. Сүтке тойған мысық іспетті. З.Шүк. ~ Бірақ әріптес әпкелер бұл жолы әдепкі әдеттерінен жаңылыпты. Сумкадан шыққан зәру заттарға сүтке тойған мысықтай сүлесоқ қана көз тастайды. Н.Ақ.