Тойып алып, маужырап, монтиып ұйықтап жатқан марқа секілді. ~ Бүктетіліп жатқан бел Сүтке тойған марқадай. Бұйра қою қарағай Белге біткен шалқалай. Су жеп қойған жұмыр тас Түйір-түйір малтадай. Арнада өзен қылықты Қылмаңдаған қалқадай. М.Жұм. ~ Көрген сайын Жәкеңді Күліп қайттым жадырап, Сүтке тойған қозыдай Бөгіп қайттым маужырап. Кенен. ~ Сол Көбейсін жасында өте сүйкімді, өзінің былдырлаған балдай тәтті тіліне кімді де болса күлдірмей қоймайтын, шашы тас бұйра. Сүтке тойған қозыдай томпиған бала болды. Ү.Жәл.
Автор: Админ
СҮТКЕ ТОЙҒАН МЫСЫҚТАЙ
Қалғып-мүлгіп, сүлесоқ күйге түскен адам хақында. ~ Сөйтеді де, басын ойға, арманға, қиялға толтырып, онсыз да қатпар- қатпар әжім арасына кіріп кеткен жымысқы қысық көзін бір жола жұмып жіберіп, бірге оқитын қатар-кұрбыларының ортасында сүтке тойған мысықтай пырылдап, қалғып отырады. З.Қаб. ~ Оның сүтке тойған мысықтай құнтиған, құлпырған сағатын көргің келсе, шаршы топқа шақырып алып: «Ал, Мыршеке, бүгінгі әңгіме былай, кәне, осы туралы ой-пікіріңді ірікпей бір көсіл!» деші, жоқ мұрты тікірейіп, жоқ сақалы шошаңдап жөнеледі бағана. Ғ.Қаб. ~ Бағдад шаһарынан келген шайқы, шілдей арық, қу мұрт, ақ сұр кісі Арыстанбаптың шырақшысы отыр. Пайғамбардың үрім-бұтағы көзін ашып-жұмып мүлгіп қалған. Сүтке тойған мысық іспетті. З.Шүк. ~ Бірақ әріптес әпкелер бұл жолы әдепкі әдеттерінен жаңылыпты. Сумкадан шыққан зәру заттарға сүтке тойған мысықтай сүлесоқ қана көз тастайды. Н.Ақ.
СҮТПЕН БІТІП, СҮЙЕККЕ СІҢДІ
Анасының сүтімен бойына сіңген қасиет туралы. ~ Айтса айтқандай, Ақтай бидің немересі Қылаң Қанжығалыұлы қарша- дайынан жетім қалса да көрінгенге көзін сүзіп көзге түртті болмай, сүтпен бітіп, сүйекке сіңген қайсарлығының арқасында қасақана өр серпіп өсті. Ш.Рах. ~ Қаншама күндер бойы қайғымен қан жұтып үн-түн жоқ тұнжырап, іштей күйзеліп, ауық- ауық астыртын жылап, ауыр-ауыр ақырын күрсініп, кәрі ата мен ененің қабағына қарап ерте тұрып, кеш жатып, таусылып бермес үй күйбеңімен бір де мезет тыным алмастан қызмет қылып шаршап, түні бойы аунақшып ыңқылдап шықса да ешбір жанға бет беріп, ауыз ашпаған Маусымжанға тіл бітті. Сүтпен бітіп, сүйекке сіңген мінезіне басты. Ш.Рах.
СҮТПЕН ЕНГЕН (БІТКЕН) ҚАСИЕТ
Тумысынан бойына сіңген мінез хақында. ~ Бала күшік сияқты тез ширап, ерте жетілді. Сүтпен енген қасиет сүйегіне сіңді. Қажырлы, қайсар, суыққа да, ыстыққа да төзімді. Т.Сәу. ~ Қаншама күндер бойы қайғымен қан жұтып үн-түн жоқ тұнжырап, іштей күйзеліп, ауық-ауық астыртын жылап, ауыр-ауыр ақырын күрсініп, кәрі ата мен ененің қабағына қарап ерте тұрып, кеш жатып, таусылып бермес үй күйбеңімен бір де мезет тыным алмастан қызмет қылып шаршап, түні бойы аунақшып ыңқылдап шықса да ешбір жанға бет беріп, ауыз ашпаған Маусымжанға тіл бітті. Сүтпен бітіп, сүйекке сіңген мінезіне басты. Ш.Рах.
СҮТТЕЙ АҚ (АППАҚ)
Ниеті таза, көңілі адал, ойы түзу адам туралы. ~ Ант ішемін атыңмен: Тіпті арамдық етпен деп, Тұмсығына шертпен деп Енді тышқан затының! Сүттей аппақ ниетпен Бір өзіңе ант берем: Енді өмірімде ет жемен! М.Жұм. ~ Оның ерте шығуы, Садықтың Хауассимен көңіл қосуы тәрізді, бір жат жағдайдан тұран лажсыз шешім секілді көрінді де турды. Ақбаянның жүрегі сүттей ақ, күні туса Садық құтылған жат жағдайдан о да құтылады, біз әлі кездесеміз деймін. І.Ес.
СҮТТЕЙ ЖАРЫҚ
Күндізгідей жап-жарық. ~ Сүттей жарық айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай әлдеқандай өзгеше «таңды» сезеді. М.Әу. ~ Кісі бойламайтын тереңге сүңгіп, үйрекше малтыған сері, әріректегі қалың қоғажайға дейін барып, су бетінде ойнақ салған еді. Бұл уақытта ай биіктеп, дала сүттей жарықтанған. С.Жүн. ~ Сол ән мен музыка жаныма қанат бітіріп, жайраңдап далаға шықсам, ай сүттей жарық, ауа қымыздай тәтті екен. Ә.Нұрш.
СҮТТЕЙ ІРІДІ
Берекесі кетті, шырқы бұзылды; өмірінің сәні кетті. * Неше күнгі, неше түнгі бар толғаныс, бар күйзелісін осы бір сауал сүттей ірітіп жіберді де, ақыры, Жөгер сәтті бір түнде астына көлігін, қанжығасына азығын байлап беріп, ұлын меңіреу орманға қуалап қоя берді. Қ.Ысқ. * Жайлауға келген соң Телжанның бойы серги бастады. Көкесі: «Биылша енді оқымайсың», — деп көңілін де жайлап қой ды. Бірақ бір апта өтпей-ақ сол жайлы көңілі тағы сүттей іріген. Малшыларды аралап жүрген бөлімше бастығы көкесіне бір жапырақ хат тастап кеткен. Д.Әш.
СҮТТЕЙ ТАЗА
Күнәсіз, кіршіксіз, саф таза. * Тез өзгеріп, түн жиегін түре серпіп, тамаша ашық мамыр айының аспаны білінгендей. Сүттей таза аспанды, кең әлемді таң шапағы сәл қызғылт сәуле нұрлантып келе жатқандай… М.Әу. * Қызыл еріндерінде сәл ғана сыпайы жымию бар. Бұл жүзден уыз жастықтың сүттей таза, момын адалдығы нұр атады. Абай оған "қарағым" деп амандасты. Әкелік бейілмен жылы достық аңғартты. М.Әу. ~ Анадан сүттей таза туғанменен, Әр жерде аузын былғар арланбаған. Кісінің сімтігінен сақта құдай, Бүлдірер елдің ішін оттап ұдай. Н.Айт. ~ Сүттей таза жан еді ғой десек те, Біреу оны қосар еді өсекке. Адал болсаң, сөз ергеннің несі айып? Өсек қуса, кел, жеткізбей қашайық! А.Шая.
СҮТТЕЙ ҰЙЫДЫ
1. Жарасымды, тату-тәтті өмір сүрді. * Қойтеке неге жасын жерге шертеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асық жарлар Ақбілек пен Бекболат неге айырылады? Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет? Ойланыңдар, бейуаздар! Ж.Айм. ~ — Неге өтірік болсын, кеше бәйбішелер де айтып отырды ғой, — деп Ұмсынай оған қарсы түсті. — Бетсіздігі де, сүттей ұйып отырған байын тастап… Шал деп, шалды құдай жаратпап па… Б.Майл. * Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Ш.Айт. ~ Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!! — Мен… ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ… еркінен тыс! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды! С.Ел. ~ Соның ар жағында сүттей ұйып отырған колхоз еді, бүгін келсем адам шошырлық: малдарын сатып, сойып, соқа-сайманын бүлдіріп, бірсыпырасы қолхоздан шығамыз деп әлекке түсіп жатыр. Б.Майл. 2. Бар ықылысын аударды, зейін салды, әр сөзіне күмәнсіз сенді. ~ Міне, Жұмасейіт қажының діншілдігінің беті осы еді. Басқалар мұның діншілдігіне сүттей ұйып нанса да, Кәтимә бәйбіше нанған емес. Қара тоқал да солай. Бірақ бұлар да сырт көзінде қажының «діншілдігіне» зәреден кір жұқтырып көрген емес. Б.Майл.
СҰЛҚЫН БАСТЫ
Аптығын, емеурінін басты. ~ Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел, Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын. Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда, Ерлердің иеленуге көшкен жұртын. Т. Ізт. ~ Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Дж.Лонд. ~ Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де шыдамайсың. Түсіндің бе? — Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Дж.Лонд.
