Сәні кетті, өңі бұзылды, күшінен айрылды. ~ Сүреңі қашқан сұрғылт әлемде өңшең бір сұрғылт түсті аруақтарды аса жойқын дырау күш сенделтіп тентіретіп жібергендей. Ғ.Біл. ~ Шетелдік әріптестермен тілдескенде түйгеніміз, сүреңі қашқан Сирияның бүгінде суығы сейілген. БАҚ. ~ Мынау сол көлгірсуден құралған құрақ-құрақ жайдақ дүние. Сұрқы қашқан, сүреңі кеткен… С.Жет. ~ Рейд барысында көргеніміздей, аллеядағы егілген көшеттер мен гүлдердің сүреңі кетіп, қурап жатыр. БАҚ.
Автор: Админ
СҮРІКТІ МЕЗГІЛІ (МЕРЗІМ, КҮН, САҒАТ)
Ажалы келген сәт, маңдайына жазылған уақыт. ~ Әй, Досы, неге отырсың қалам тартпай, Бұ дүние өтер бастан шапқан аттай. Сүрікті мезгілді күн жеткеннен соң, Аллаға тапсырарсың аманаттай. Барында дәуреніңнің ойнап-күліп, Хикаят сөз қалдыршы кәрі-жасқа-ай. БС "Дариға қыз." ~ Есітіп бұл хабарды желікті ел, Шақырған соң сүрікті күні тойға кел деп. Дәмелі ат қтrіаlы жаратпаған, «Келмесең де ұлы жолдың бойында өл» деп. БС. "Ақбөпе". ~ … мына жұрттың басына түскен шарасыздық саған да түсіп ішіңнен тынып: "ажал шіркіннің түсі қандай суық",– деп көзіңді басқа жаққа бұрып әкеттің; сүрікті сағаты жеткенде бұл пәледен кім қашып құтылған… Ә.Нұрп.
СҮРІНГЕНДЕ СҮЙЕУ (БОЛДЫ)
Қате басқан кездерде қолдау көрсетті. * Бұдан жастау кезімде мән бермеуші едім, енді-енді аңғарсам, қысылғанда қол ұшын беретін, сүрінгенде сүйеу болатын аға да керек екен. Б.Тоғ.
СҮРІНДІРІП ЖЫҚТЫ
Әбден шаршатты. * … бес-алты жылқы, елу шақты қойдың қысқы азығын дайындаудың өзі-ақ ерлі-зайыптыларды сүріндіріп жығатын. О.Бөк.
СҮРКІЛ САЛДЫ
Қудалады, басқан ізін аңдыды, қыр соңынан қалмай қуғын салды. ~ Көрінбейтін көз нүктеге қадала–қадала… құрбылары жүгіре жосып сүркіл салған доп қуудан қалады, көрікті қызға хат жазылмайды, аштан–аш, жападан–жалғыз сірескеннен–сіресіп отырып күнді батырады. Д.Дос. ~ Жер басқаннан бері қыр соңынан қалмаған екі аяқтылардың талайын көрген. Жақыннан да, алыстан да. Соңына сүркіл салып қуғынға түсіргені, құзға қамап құрдымға құлатқаны еміс-еміс түйсігінде. Сол бітіспес жан алғыш- пен бетпе-бет келіп тұрғаны бір бұл емес. Ө.Кәр. ~ Жүрісі шұғыл. Соңынан сүркіл салып қаныпезер қарақшы қуып келе жатқандай, жанары шоқ болып жанып, танауы делдиіп өкпесі өшіп барып–келіп тұр. Д.Дос. ~ Қоңыз ұшақтағылар дүрбілі мылтықпен сүркіл сала оқ атып, әуелі бөлтіріктерін, сосын қаншығын қарауылға алды. Д.Дос.
СҮРЛЕУ ІЗ
Біреудің жүріп өткен жолы, артында қалдырған ізі. * Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен алаяқ атты алқына басып іздегем. Ж.Жақ. * Әйтеуір, мөлдір жанарлы бейкүнә қыздың басқа бір бағытқа жетелегені анық. Ол бағыт не? Арайлап атар махаббат таңымен жолықтыратын ақ сүрлеу ізі ме, жоқ, әйтпесе, талай бозбаланың бойын алдырып, "қап, әттеген-ай" деп, бармағын тістеткен баянсыз басылуы ма?.. К.Қаз. * Талай жандар шыдамай, Сергелдең боп сенделер. Тұрса тосып жүз қауіп, Өтем сүрлеу із тауып, Кім біздерге тең келер?! Н.Әбіл. * Сүрлеу із қалдырып далаға Пенделік арыммен арбасар, Мен емес, менікі қалаған Нәпсімен нәлетім қарғасар. Ж.Аман.
СҮРЛЕУ ІЗДЕДІ
Өзге жол табуға тырысты. * Осынау қым-қуат сабылған тіршілік көшінен өзгешелеу сүрлеу іздеуге мұршасы жете ме, сірә? Д.Досж. * Бұл тұста шыдай алмай Қарымсақ сөзге кірісіп: — Мына татар жігіттерінің арызы-ақ бәріне дәлел болмай ма? Даңғыл жол жатса сүрлеу іздеп сәуегейлену не керек? Ж.Ахм.
СҮТ АНА
Сәби анасының сүтіне тоймаған немесе әйел омырауынан сүт шықпағанда қазақ халқы сәби денсаулығы жақсы болып өсуі үшін өз сүтімен қоректендіретін әйелді іздестірген, оны "сүт ана" деп атаған. ~ Ақыры көптің дуалы аузының батасы қабыл болып, тәңірдің шапағаты тиіп, ханның әйелі жүкті болады да, ұл табады. Баланы сүт анаға бақтырады. Т.Рыс.
СҮТ БЕТІНДЕГІ (БЕТІНЕ ШЫҒАР) ҚАЙМАҒЫ
Елдің игі жақсысы. ~ …«Халық жауы» деп, сүт бетіндегі қаймағын жалмап-жұтып әкетіп жатқан зұлматтың мысық табандап бұларға да жақындап қалғанын ол кезде өздері әлі білмепті. Ш.Құм. ~ Туған халқыңды құрбандыққа қиып отырған бүгінгі сөзіңе қарап, сасық қоғадай жапырылған түріңе қарап, сені қазағымның сүт бетіне шығар қаймағы емес, қазан түбіндегі қаспағы ма деп қалдым. К.Сег.
СҮЙЕК СЫНДЫРДЫ
Әбестік жасады, ұятқа қалдырды. * Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабасынан қалған, осындай құл-құтанмен шатасып сүйек сындырған бұзықтарға істейтін ежелгі жазасы еді. І.Жанс. * Шүкір, Жібегің сүтіңді ақтады, жаман атын жайып, сүйек сындырған жоқ, бесігінің табын жоймай есігіне жетті, қайта қуану керек. Ж.Нәжім. * Бәрінен бұрын бөтеннің көзінше жаман қатындарша шаптығысып сүйек сындырғандарын айтсаңшы. Т.Сәу.
