Posted in

СӨЗ СЕМСЕРІ

Уытты, өткір сөз. ~ Лапылдаған осы мен өрттімін бе, Арыстандай ыңыранған дерттімін бе? Шыға келер майданға ат ойнатып, Сөз семсерін суырған серттімін бе? Неге менен кей адам қаймығады, Жау көргендей жүрегі шайлығады? Т.Әл. ~ Осы киімдері тәнімен бірге жанын да түлетіп жібергендей Мәдидің әнімен өзі де шалқып келеді. Ішінен Текеш пен Текежанға сілтейтін сөз семсерін де сайлап келеді. Ә.Әб.

Posted in

СӨЗ СЫҢАЙЫ

Айтар ойдың бағыты, нобайы, астары. ~ Ал апамның қазіргі сөз сыңайынан Әлимаға алдын ала араша түсіп отыратынын жақсы сездім. Менің ұрысуыма ендігі жерде жол бермейтіні анық еді. С.Мұр. ~ Сөз сыңайы соғыс сарыны, ел жайы секілді. Үйдің иесіне ауылдағы әрбір түтіннің хал-жайын баяндайды. К.Қаз. ~ Мен шын кейідім. «Осыншама іш тарлықтың не керегі бар? Кешегі соғыс жылында да өлгеміз жоқ. Енді дүниенің шеті көріне бастады. Бөліп-жарып ала бермей ме». Жоқ, кемпірімнің сөз сыңайы бөлек. С.Жүн.

Posted in

СӨЗ СЫҢАЙЫНА ҚАРАҒАНДА

Айтылған сөздің астарына үңілсек д.м. ~ Пакетті Бәйкен жіберіпті. Тез қайтыңдар дейді. Мен оған қыс түскенше бола тұрамыз, бітпей жатқан жүмыстар бар деп жаздым. Сөз сыңайына қарағанда, әлде біреулер арыз айтқан тәрізді… — Ноғайбек маған сынай қарап біраз тұрды. Б.Тоғ. ~ Соны Әуезов үйден оқып келіп, Байкенжинге пікір айтқан, кеңес берген; қашан, қалай және қайда қорғайтынын шешкен. Сөйтсе де сөз сыңайына қарағанда Әуезов Байкенжиннің бітірген ісіне онша риза емес. З.Қаб. ~ Ұлының қалжадай дәстерлеп көтеріп келген түшпарасынан да дәм татпай қайтарып тастап, ол аз болғандай: — Осыдан өле қалсам, әкеңе бір ауыз тіл тигізсең, мен көрде де тыныш жата алмаспын! — деп салды. Сөз сыңайына қарағанда шеше мен ұлдың арасында әке туралы бір гәп болса керек. Қ.Ысқ. ~ Сөзінің арасына кітаби лұғаттарды көп кірістіріп, аздап шағатай, татар тілдерін араластырғаны болмаса, бұл кісі де қазақша жатық сөйлейді екен. Сөз сыңайына қарағанда, Ешен– Сейіт қазаққа жақын, сүйегі — қожа, өзіміздің Түркістан төңірегінде өскен көрінеді. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ ТАЛАСТЫРДЫ

Салғыласты; дауласты, сөз жарыстырды. * – Мынау не дейді, әй? Кіммен сөз таластырып отыр? Қиғыр қылыш бір жарқ етсе. Сәлде қайда, басы қайда қалар. Р. От. * Жаулығын көпірте тартып, көрінгенге ақыл үйрететін ауылдың бәйбіше билері жұрт көзінше мұнымен сөз таластыруға сескенеді. Ж.Нәж. * … о бастан абырой-атақтары орайлас екі жігіттің ежелден емін-еркін тілдесіп, кейде сөз таластырып, бедел жарыстырып жүретінен хабардар … О.Сәрс.

Posted in

СӨЗ ТИМЕЙДІ

Артынан өсек ермейді. * «Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл.

Posted in

СӨЗ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫ

Әңгіме барысын өз қалауынша өрбітті. ~ Бұл отырыста сөз тізгінін ұстап, әңгімені өрбітіп отырған — Рамазан Шәнішев. Қ.Жұм. ~ Тыңдар құлақ бұныкі де, көбіне сөз тізгінін ұстап отырған Қосымхан. Т.Сәу. ~ …жасының жеткендігі де, белдің құяңы да емес, соңғы жылдары әкесінің орнына сөз тізгінін ұстаған Бекболат пен Абылай арасындағы қырбайлық болатын. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ ТОЛҒАУЫ

Сөйлеу мәнері. ~ Мына жана тағайындалған еңбек комиссарының сөз толғауынан, өз жауаптылығын тереңдей түсініп, жаңа жұмыс тәртібін ретке қоюға шүйілгенің сезінді. С.Бег. ~ Жүріс-тұрыс сөз толғауына қарағанда бірбеткей аңқылдаған жігіт тәрізді. С.Бег.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІ

Негізгі ойы, айтпағы. * — Ыраштай… Әлгінің сөз төркінін көрдің бе? « Ісегін дейді ғой. Анау кескен томардай аяғымен тақымына басып алмақ. Нағыз ер… М.Сүн. * Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес. І.Ес. * Ұзын составтың бас жағындағы бір вагоннан ақырын әнгімелескен кісілердің күбір-күбір даусы естілген соң, Дьяков ішке басын сұқты. Сөз төркініне қарап мұндағы қазақ жігіттері екенін білді. Ә.Нұрп. * Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Дос.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҒЫЛДЫ

Айтқан сөзді жөн тапты; айыбын мойындады. * Сөзге жығыла білген халықпыз. К.Сег. * Берік бұл сөзге жығылды да, бұрылып жүре берді. Б.Тоғ. * Бүгінгі жол кезіп бара жатқан бесеуіміздің қайсыбірімізге күндердің күнінде ісі түсуі де ғажап емес қой. Әйтпесе менің сөзіме жығылып, айып төлегеніне өзім де сене алмаймын-ау. К.Сег. ~ — Тақсыр, еркек адам бала таппаса, еркек қой қоздаушы ма еді? — дейді Қарашаш сұлу. Сонда хан сөзге жығылып: «Ой, тіліңді тәңір кессін!» — деген екен. Қаз. ерт.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҚТЫ

Сөзбен жеңіп, ыңғайына көндірді. ~ — Торғай да бұтаны қорғалайды. Сенің еліңе келіп елді ғой, қорғамайсың ба?-деп жеңіпті. Сөйтіп, Найман елін сөзге жығып, қайтыс болған адамның жарты құнын өндіріпті. Р.Кар.