Posted in

СӨЗГЕ ЕРДІ

Біреудің сөзіне, өсегіне еріп, соның айтқанымен жүрді. ~ Ол бұрыннан Есүкей барымен анда-дос адам болғандықтан, Темүжін, Хасар екеуі де оны әкесіндей құрметтейтін еді. Бірақ Уаң хан Торы өсек сөзге еріп, ойына арамдық кірді. Ж.Шәк. ~ Мен бір өлең жазамын көз көргеннен, Туа жат боп, өзімнен өзгермеген. Календардан бұйырмас жалғыз парақ, Алып– қашпа ғаламда сөзге ергенмен… Т.Әл. ~ Мәмбетниязға айт, «келтегін тастап, телпегімен келсін. Құшағын айқара ашып, ашусыз келсін. Жел сөзге ермей келсін.» Тап осылай де. С.Дос.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҒЫЛДЫ

Айтқан сөзді жөн тапты; айыбын мойындады. * Сөзге жығыла білген халықпыз. К.Сег. * Берік бұл сөзге жығылды да, бұрылып жүре берді. Б.Тоғ. * Бүгінгі жол кезіп бара жатқан бесеуіміздің қайсыбірімізге күндердің күнінде ісі түсуі де ғажап емес қой. Әйтпесе менің сөзіме жығылып, айып төлегеніне өзім де сене алмаймын-ау. К.Сег. ~ — Тақсыр, еркек адам бала таппаса, еркек қой қоздаушы ма еді? — дейді Қарашаш сұлу. Сонда хан сөзге жығылып: «Ой, тіліңді тәңір кессін!» — деген екен. Қаз. ерт.

Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҚТЫ

Сөзбен жеңіп, ыңғайына көндірді. ~ — Торғай да бұтаны қорғалайды. Сенің еліңе келіп елді ғой, қорғамайсың ба?-деп жеңіпті. Сөйтіп, Найман елін сөзге жығып, қайтыс болған адамның жарты құнын өндіріпті. Р.Кар.

Posted in

СӨЗГЕ КЕЛДІ

1.Тілі икемге келді; әрең сөйледі. ~ Его плакоротие бұл кезде үйде отырушы ма еді, жоқ, кеңсесінен табасыңдар, бірақ кіре алсаңдар, – деп сөзге келді. С.Жүн. ~ Ерні әрең қимылдап, Әбутәліп сөзге келді: – Кешіріңіз, жеңіл киіммен шығып кетіппін. Үйге жеттім, енді жылынамын ғой. Ш.Айт. ~ Оттама, әй, сен оттама, – Досмағанбет бар күшін жинап әзер сөзге келді. – Ақтамақтан аулақ, пәлекет. Н.Дәу. 2.Дау шығарды, тілдесті, бір-біріне ауыр сөздер айтты. ~ Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ КЕСТЕСІ

Біреудің сөйлеу, жазу ерекшелігі, стилі. * Аударғандағы алған жолымыз — мүмкіндігі болғанша Пушкиннің өз үлгісіне жақындау. Ақынның сөз кестесін, образын, ақындық рухын сақтап аудару. І.Жанс. * Дауысының ырғағын бұзбай түйдектүйдек шабыттана сөйледі. Кешелі-бергі әсердің бәрі көркем өріліп сөз кестесіне түсіп жатыр. Т.Сәу.

Posted in

СӨЗ ӘЛПЕТІ ЖАМАН

Айтқан сөзі жағымсыз, қорқынышты д.м. ~ Былай шыққан соң Газбеққара: — Әлгінің қыртып отырғаны не? — деді. — Сөз әлпеті жаман екен, «қарамайлық жұмыскер, ешкі сақал крестьян — халықтың досы емес» дегені не сөз ол? Осыны бізге оқып отырған кісіден не үміт, не қайыр? — деді Мәмбет. І.Жан. ~ Мінбедегі сөзшең сықақшының сөз әлпеті тегі жаман: Жазушылар одағы қасиетті храм, өнердің мұражайы, ұлтшыл аталып сотталған… саяси сенімсіз болған… қанаушы таптың сойылын соққан жазғыштардың жүретін жері емес. Аластатайық арамыздан, арыла жүрейік!.. Д.Дос. ~ Аздап жұтқан шараптың буы буыныма түсті ме, асқазаныма ел қондырып ішкі үйге өтіп нән креслосына мықшия отырып, бұл үйге қалай келіп қалғанымды топшылаймын баяғы. Ас үйдегілердің сөз әлпеті бөтен. Д.Дос. ~ Жомарттың сөз әлпеті қызға ұнаған жоқ. Осынша аяқ асты шарт сынуының себебін айтар деген үмітпен ол жүгіріп жеткен. Ә.Әл.

Posted in

СӨЗ ЖАРЫСТЫРДЫ

Айтысты, пікір таластырды, дауласты. ~ Екі жас өте көңілді. Сөз жарыстырып, ой таластырып отыр. Терезеден күн түскен шағын бөлме жып-жылы, жап-жаңа. Қорланбаған отау үйде қоқсыған іштеме жоқ, бәрі жинақы. Соғым еті әзір бар, тамақ тоқ. Үш күннен бері сусыннан езге дәм татпаған Сарыбаланың іші жалақтап ас сұрайды. Аузы асты жаратпайды. Кеңілі жылқы етіне соғады. Өз үйі жылқы соя алмаған. Қайыннан сұратуға арланады. Дәулеті төмен, көкірегі жоғары жас бір құмарын қосағына айтып қойды: — Шіркін жылқы! Мінсең қанат, ішсең шарап, жесең бал, ауырсаң ем. Ғ.Мұст. * Бірақ, күйеуі сияқты есіп сөйлейтін алдың-дұлдың әйелмен сөз жарыстыруды Жаңыл бойына шақ көрмеді. Жуас отырып қана жуадай ащы мысқыл айтты. С.Жүн. ~ Аламан айтыста бес жұп сөз жарыстырды. Бүгінгі бәйгеге ат қосқан талапкер ақындардың қай-қайсысының жүрекжарды жыр жолдарынан келешекке деген жарқын сенім, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік айқын байқалды. БАҚ.

Posted in

СӨЗ ЖЕТКІСІЗ

Сөзбен айтып жеткізу қиын. ~ Екі жастың ынтыққан, құмарлықпен кездескен жүректері де осы тынып тұрған мазмұнды тұн тынысындай, үнсіз лепке, емеурінге табынады. Бұндағы тіл — сөзбен айтылған күй емес, сөз жеткісіз жүрек тілі болуға тиіс. М.Әу.~ Қоршап ап Қаратауды қалың дұспан, Құрсаулап бейне қобыз бауырын қысқан. Қиянат куәсындай қол жеткісіз, Шаңқылдап құзар шыңнан бүркіт ұшқан. Т.Әл.

Posted in

СӨЗ ЖЕТПЕЙДІ

Ауызбен айтып сипаттау қиын д.м. ~ Патшам да, әміршім де сол, — яғни сонда ол, аз дегенде, принцесса болып шығады. Сүйкімділігін суреттеуге сөз жетпейді… М.Серв. ~ Қысылғанда қол ұшын берген мейірбандық, имандылық. Мұнысына сөз жетпейді. Мұндай жақсылықтың атын таппай әуре болдым. Ш.Мұр. ~ Сөйте тұра қарапайымдылығына да сөз жетпейді. Тәкеннің соры қарапайымдылығы еді. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗ ЖҮЗІНДЕ

Қағаз бойынша, заңға сәйкес. ~ Жауқазын мен Жібекті Сегізбай көшенің арғы бетінде басқа үйге шығарыпты. Бұнда жас тоқалы екеуі қалыпты. Бұл тек заңға томпақ келмес үшін сөз жүзінде бөлектену. Ал іс жүзінде олай емес. Б.Соқ. ~ Сондай машина Борандыға да келеді десті бастықтар. Бірақ ол уәде әзірше сөз жүзінде ғана болатын. Ш.Айт.