Posted in

СӨЗ ҚАТТЫ

Ойын білдірді, тіл қатты. * Адамның осындай дүние шеңберінен шығып, ойы он, санасы сан бөлінетін сәттерінде оған жай ғана тіл қатудың өзі қиын да, қиянат та. Б.Қыд. ~ Әншейінде де ойын сырт көзге шалдырмай, салқын тыңдап, бейтарап отыратын Ғабең бұл жолы да араласы жоқ алыстағы бір әңгімені құлаққа ілгісі келмегендей селсоқ қалып танытты да біраздан соң барып қабырғаға қадалып отырып, айдалаға сөз қатты. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗ ҚАШТЫ

Өсек тарады. * Айнабай өзі ат арқасына мініп жүрген соң қызын тәуір жігітке бергісі келіп Әбдірахманнан үміттенген: «…Әбдірахманның жайына қараймын ғой. Азын-аулақ мал берсе де үйлесер едік…» деп айтады-мыс деген сөз қашып жүрді. Б.Майл.

Posted in

СӨЗ ҚАШЫРМАДЫ (ҚАШЫРТПАДЫ)

Жөнсіз сөз айтпады. ~ Жанқожа мен Бекарыстан анадай жерде аттан түсіп, бері қарай жаяу жүрді. Екі жақ жамырай сәлемдеседі. Жаназа үстінде артық сөз қашырып, сыр беруге болмайды. З.Шүк. ~ Шай үстінде Тәңірберген сөз қашыртпады. Көптен бергі өзінің жабырқау қалпын бұзбай, қонақтардың кесесін алып беріп, «іш-же» деп отырған. Ә.Нұрп.

Posted in

СӨЗ ҚОЗҒАДЫ (ҚОЗҒАЛДЫ)

Әлдебір тақырыпқа қатысты уәж айтылды, әңгіме болды. ~ Ас үйде отырып, бірталай сөз қозғады: Ағасының жылы біткенін, аға өлсе жеңге мұра екенін, жеңгесінің төркіні келіп кеткенін, әжесінің кәрілігін, жалғыздығын, шаруаның кемдігін, ағасынан жетім балалар қалғанын, жеңгесі кетсе, үй үйліктен қалатынын… сөйледі. Ж.Айм. ~ Тұяқ кеткеннен кейін етік жайынан сөз қозғалса, Шекер Тұяқты аузынан түсірмей: — Шегебай қайда?! Тұяқтың бір шанышқанына да тұрмайды, — деп мақтап жүретін болды. Ж.Айм. ~ Осылайша тым сыпайы сөзімен сені қуып шығып, мұрнының дәл астына тарс жабылып қалатын есіктер болады. Соның ар жағында сен туралы сөз қозғап, мәселе шешеді. Өмірде жаным сүймейтіннің бірі осы. Б.Соқ. ~ Бәйтен Хадишамен арадағы соңғы әңгімеден кейін: «Бәрі де түсінікті, бұдан кейін қайтадан сөз қозғап, бітімге шақырудың ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ», – деп шешкен. Т.Әбд.

Posted in

СӨЗ ҚОНБАДЫ

Айтылған сөзді ұқпады, миына қондыра білмеді. ~ «Ханым– ау, ол айтқаның болмайтұғын, Әкенің ойына сөз қонбайтұғын. Досы — мал, дұспаны — адам, мейірімсіз, Рахымсыз ит емес пе, оңбайтұғын. Шәк. ~ Жақсыға көз қанбайды, Жаманға сөз қонбайды. И.Сап. ~ — Қой, сені әңгімемен тойдырып қойыппын ғой, — деп Нұргүл орнынан тұрды. — Картошка қуырайын. Қарын аш болса басқа да сөз қонбас. Н.Сер.

Posted in

СӨЗ ҚОСТЫ

Пікірін білдірді. ~ Рыжевпен сөйлескенде, бергелі келе жатқан распорын неге айтпағанына қайран қалсам да, ол жөнде сөз қоса қойғам жоқ. С.Мұқ. ~ Бектемір де сөз қосты. — Балта, "буынсыз жерге пышақ ұрманы" ұмытпа. Ал, Сәулетайға бас- көз болам дегенің жөн. Нағашысың. Бүгінде туған туыс емес, көңіл туыстырады. Жанашыр жүрек жақындастырады. С.См.

Posted in

СӨЗ ҚУДЫ (ҚУАЛАДЫ)

Сөз өнерінің соңына түсті. ~ Түсінікті! — деді тілші. — Сені жалықтырып қойдым ба, балам? Ақын- жазушылар мен тарихшылардың қызба ауыруы болады. Олар ылғи сөз қуады ғой. Т.Рыс. ~ Қойшы, әйтеуір, не бастарыңды ауыртайын, мен құсаған кәрі-құртаңдардың көне түсінігінше — Құдай, ал, қағаз, сөз қуған сендер, әлгі не деуші едіңдер, ие, өмір, тағдыр атанған Құдайларың онсыз да бір-бірін баса алмай жүрген екі көкіректі, өстіп, егестіре, тақастыра түсіпті. Ж.Нәж. ~ Ол маған омыртқасына оқтау жүгірткендей оқшырая қарап тұрды да: — Өй, сенде бір… менің жазушы ағам сияқты сөз қуалап қалған пәле екенсің ғой, — дегені. Д.Қуат. Жел сөзге мән берді, құлақ тосты. ~ Құлдырап бағым қашқанда, Қуанған тобыр сөз қуған. Р.Ниязб.

Posted in

СӨЗ ОРАЙЫ

Әңгіме барысы, сөз ыңғайы. * «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады. Т.Ахт. * – Халің қалай, Кәкібай? – Хал нашар, жолдас лейтенант. Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды. Т.Ахт.

Posted in

СӨЗ ОРАЛЫМЫ

Сөздің қолданыс ерекшелігі. ~ Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Г.Бел.

Posted in

СӨЗ ОРАМЫ

Сөз мәнісі, реті, ыңғайы. * Бір жап-жақсы әннің өлеңінде «мен сенің құдіретіңе түсінбедім» — деген жол бар. Сол туралы Әспет бір сөз орамында:» қандай аңғалдық! Түсінсе ол құдірет бола ма? Құдіреттің құдіреттілігі түсініксіздігі мен жұмбақтығында емес пе?.. Неліктен оған таңданып қамығады?» — деп еді. С.Шайм. * Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің … ішкі сазы мен ой-өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. БАҚ