Пікірін білдірді. ~ Рыжевпен сөйлескенде, бергелі келе жатқан распорын неге айтпағанына қайран қалсам да, ол жөнде сөз қоса қойғам жоқ. С.Мұқ. ~ Бектемір де сөз қосты. — Балта, "буынсыз жерге пышақ ұрманы" ұмытпа. Ал, Сәулетайға бас- көз болам дегенің жөн. Нағашысың. Бүгінде туған туыс емес, көңіл туыстырады. Жанашыр жүрек жақындастырады. С.См.
Автор: Админ
СӨЗ ҚУДЫ (ҚУАЛАДЫ)
Сөз өнерінің соңына түсті. ~ Түсінікті! — деді тілші. — Сені жалықтырып қойдым ба, балам? Ақын- жазушылар мен тарихшылардың қызба ауыруы болады. Олар ылғи сөз қуады ғой. Т.Рыс. ~ Қойшы, әйтеуір, не бастарыңды ауыртайын, мен құсаған кәрі-құртаңдардың көне түсінігінше — Құдай, ал, қағаз, сөз қуған сендер, әлгі не деуші едіңдер, ие, өмір, тағдыр атанған Құдайларың онсыз да бір-бірін баса алмай жүрген екі көкіректі, өстіп, егестіре, тақастыра түсіпті. Ж.Нәж. ~ Ол маған омыртқасына оқтау жүгірткендей оқшырая қарап тұрды да: — Өй, сенде бір… менің жазушы ағам сияқты сөз қуалап қалған пәле екенсің ғой, — дегені. Д.Қуат. Жел сөзге мән берді, құлақ тосты. ~ Құлдырап бағым қашқанда, Қуанған тобыр сөз қуған. Р.Ниязб.
СӨЗ ОРАЙЫ
Әңгіме барысы, сөз ыңғайы. * «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады. Т.Ахт. * – Халің қалай, Кәкібай? – Хал нашар, жолдас лейтенант. Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды. Т.Ахт.
СӨЗ ОРАЛЫМЫ
Сөздің қолданыс ерекшелігі. ~ Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Г.Бел.
СӨЗ ОРАМЫ
Сөз мәнісі, реті, ыңғайы. * Бір жап-жақсы әннің өлеңінде «мен сенің құдіретіңе түсінбедім» — деген жол бар. Сол туралы Әспет бір сөз орамында:» қандай аңғалдық! Түсінсе ол құдірет бола ма? Құдіреттің құдіреттілігі түсініксіздігі мен жұмбақтығында емес пе?.. Неліктен оған таңданып қамығады?» — деп еді. С.Шайм. * Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің … ішкі сазы мен ой-өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. БАҚ
СӨЗ ӨРНЕГІ
Ақынның, жазушының, шешеннің сөз қолдану ерекшілігі, көркемдік стилі. * Қазақ тілінің өз қасиетін сақтай отыра кейбір түсініксіз келген жерлерде Пушкиннің сөз өрнегін, өлең жолдарының жатысын да өзіне жақындаттық. І.Жанс. ~ Абай тілінің көркемдік бітімі, «өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмайтын сөз өрнегін толғауы тоқсан қызыл тілмен салудың құдіретін танытқан ұлы Абайдың сөз қолдану, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру тәсілдері мен тәжірибесі талданады. Р.Сызд.
СӨЗ АЯҒЫН (СОҢЫН) ЖҰТЫП ҚОЙДЫ
Айтар ойын түгел айтпай, тежеліп қалды. ~ Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да. — Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен… М.Қаб. ~ Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. С.См.
СӨЗ АЯЛҒЫСЫ
Сөздің қисыны, орайы, жөн-жоралғысы. ~ Пәле салу, өтірік шағым дегеніңіз құдай сақтасын, …айтпақшы «Құдай» деген сөзді не қылмаңдаршы, сөздің аялғысы ғой…— деп тағы бір сасқалақтап қалды. Ж.Айм. ~ – Жақсы, өздеріңнің халдерің қалай? – Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай міңгірлеуден басқа шарасы қалмады. Ә.Ыб. ~ Мынау әңгіменің әлпеті шым еткізіп жігіттің жүрегіне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзінің ісін жасыру үшін сөз аялғысы ретінде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Ә.Ыб.
СӨЗ БАЙЛАСТЫ (БАЙЛАДЫ)
Уәделесті, келісімге келді. ~ Түнеугүні Әбен ауылына барғанда, Ақбілекті басқа жерге бермек боп, сөз байласып қайтқан еді. Ж.Айм. * Шағала көлге ел жиі қонғанның бір пайдасын Қартқожа көріп, осы жігіттен бір мезгіл орысша сабақ алып жүрген. Күз осы жігітпен еріп, қалаға баруға сөз байласқан. Ж.Айм. * Шешіліп сөйлесе қойғанда оның ендігі жақтары ба-ла шақта сүйіскен, сөз байласқан Сұлтанбек болмауы әбден мүмкін. Қ.Ерг. * Естуім, сол біз сөз байлап қайтқаннан кейін Смайылды Әбен болыс шақырып алып ұрсыпты. С.Бег. ~ Қыран бүркіт адасты мекенінен, Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан. Ж.Молд.
СӨЗ БАҚТЫ
Жел сөзге құлақ түрді, өсек-аяң аңдыды. ~ Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылыпбір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа? Абай. ~ Соры қалың әкенің — кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі. Мақалмәтел. Сөз қадірін білу, жөн сөзді айыр білу мағынасында. ~ Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. А.Байт. ~ Қазақ сөз баққан ел дей-міз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. А.Өм.
