Posted in

СӨЗ БЕРМЕДІ

Даурығып, дауласып, ешкімді сөйлетпей қойды. ~ Әсіресе Жантас бастаған топ самогон ауыздарына тиген соң тіпті елеуреп, ешкімге сөз бермей қойған. Б.Тоғ. ~ Өрекпіген топтың қарқыны оңаша екендіктерін білгендіктен бе, үдей өршиді. Әбден жінігіп алған, біріне-бірі сөз бермей, даурығады. Ә.Ыб. ~ «Бұл неге түспейді, неге әңгімесін айтпайды? Әншейінде елге сөз бермейтін тентек Бестайға не көрінген?» деп, әзіл-қалжыңы бар бір-екі жігіт ат тұрған жаққа жүрді де, жақындай берген-ді. З.Нұрт.

Posted in

СӨЗ БОЛДЫ

Әңгіме, жиналыс тақырыбына айналды.~ Жақсыбала қайнысынікінде отырғанда Қапез Қаратайды есіне алып, содан үйренген әнім еді деп, Шаншардың «Сырғалы еркем» әнін салды. Ән Қаратайды жоқтатты. Қаратайды жұтқан аштық сөз болды. Б.Нұрж. ~ Алматыда қор мүшелерінің бас қосқан үлкен жиналысы өтті. Келесі жылы болатын батырдың 300 жылдығына дайындық мәселесі сөз болды. Ж.Шәк.

Posted in

СӨЗ БОЛЫП ПА!

Айтуға да тұрмайды д.м. * Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік — ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал мен… жә қойшы, менің қай факультетте оқығаным сөз болып па екен! С.Шайм. * – Жо-оқ, мен үшін қам жемей-ақ. Ел бар емес пе, күн көру деген де сөз болып па, – деп өтірік күлген болды. С.Жүн. * Сонымен, атты қайдан табамын? Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы — менің малым. Б.Соқп. * – Мұның барып тұрған ақымақтық. Ранчоға бармақ өзінше. Сен тіпті атқа да міне алмайсың ғой. – Сол да сөз болып па?! Ат дегенің пәлендей қиын шаруа емес, оп-оңай үйренесің. Ф.Сэл. * – Сексен сегізінші жылы бес жүз мың киік қырылған! – деді Арпабаич, «тәйір-ай, сол да сөз болып па» дегендей нәумез үнмен. Т.Сәу. * Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғынсүргін, қамау-қапас —күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ АТАСЫ ӨЛЕДІ

Сөздің қасиет-құны кетеді, мән-мағынасы жойылады. ~ Бірте-бірте екпіндетіп, сөзінің аяғы өз-өзінен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенін өзі де сезген жоқ. Тас түйілген жұдырығын аспандата сермеп: – Осындайда айтпаған Сөз атасы өледі. Бабалардың дабысы, Дүлдүлдердің шабысы Құлағыма келеді. Жасығың неткен көп еді, Асылың неткен кем еді. Т.Сәу. ~ Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. И.Сап.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИДІ

Бәтуаға келді. ~ Ақырында пароход компаниясы жігіттердің айтқанын қылмауға лажы қалмай, амалсыз жүктің мың пұтына сексен сом беретін болды. Столовой, пәтер беруді бай «ойланайын» — деді. Сөз аяғы жерге тиіп, байға дегенін істеткен соң Орлов бастатқан екі артель келіп жұмысқа түсті. І.Жанс.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ТАМАМ БОЛДЫ (БАСЫЛДЫ)

Әңгіме бітті, сөз доғарылды. ~ Әзірше сөз аяғы болсын тамам, Осындай үркін-қорқын өткен заман. Санақтың қырық алтыншы жыл күзі бопты, Қағазда Сейітқаннан аз сөз қалған. БС. "Үркін — Қорқын". ~ Осымен сөз аяғы болсын тамам, Жазуға бұдан артық болмай шамам. Бір мұра арт жағымда қалу үшін Қиссаны жазды осылай Құрбан ағаң. БС. "Кезбе шал". ~ Сабыр ет, балам, сөз тыңда, Батамды саған берейін. Сөз аяғы басылсын, Содан кейін барарсың, Болсын құтты мерейің. "Қыз Жібек".

Posted in

СӨЗ АЯҒЫН (СОҢЫН) ЖҰТЫП ҚОЙДЫ

Айтар ойын түгел айтпай, тежеліп қалды. ~ Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да. — Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен… М.Қаб. ~ Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. С.См.

Posted in

СӨЗ АЯЛҒЫСЫ

Сөздің қисыны, орайы, жөн-жоралғысы. ~ Пәле салу, өтірік шағым дегеніңіз құдай сақтасын, …айтпақшы «Құдай» деген сөзді не қылмаңдаршы, сөздің аялғысы ғой…— деп тағы бір сасқалақтап қалды. Ж.Айм. ~ – Жақсы, өздеріңнің халдерің қалай? – Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай міңгірлеуден басқа шарасы қалмады. Ә.Ыб. ~ Мынау әңгіменің әлпеті шым еткізіп жігіттің жүрегіне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзінің ісін жасыру үшін сөз аялғысы ретінде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Ә.Ыб.

Posted in

СОРТАҢНАН КЕЛГЕН СИЫРДАЙ ОПТЫҚТЫ

Жанын салып қармады. ~ Қартқожа орнынан бір-екі рет ұмтылып еді, қолына еш нәрсе түсіре алмады. Ұрымтал жердегі озбырлар жұлып әкетті. Әйтеуір Имақанның қолындағы сүбеден қармаулырақ төрт-бес алып жіберді. Күні бойы қымыз ішіп, алысып-жұлысып, шабыттанып отырған жігіттер сортаңнан келген сиырдай оптығып, қырып барады. Ж.Айм.