Басы бәлеге қалған бейшара д.м. * … Әжем ғұсап мен де оны: «Әй, соры қайнаған сорлы…» — дей жаздап барып қалдым. Аянышты-ақ еді, апамның кейпі. С.Мұр. * — Ой, соры қайнаған сорлы. Одан да Совет өкіметінен кешірім сұрап, ұлыңның тілеуін тілесең етті,— деді Нұрлан. Б.Қыд. * Қалай үйретіп тастаған. Омарбектің түбіне жететін осы болады. О, соры қайнаған сорлы Омарбек. Алдияр дегенге әлдеқандай болады. Б.Қыд.
Автор: Админ
СОРЫ ҚАЙНАДЫ
Бақытсыздыққа ұшырады, басы бәлеге қалды, бейнетке тап болды. * Маңайды жын орнағандай қылды ғой! Мал, жанында билік қалды ма?.. Талай қыз мен сияқты соры қайнады ғой!.. Бірақ тап мендей болғаны жоқ шығар. Ж.Айм. * Жуандардың жылмаңдағанына мастансаңдар, кедейдің соры қайнағаны. Ж.Айм. ~ Әрекет қылмай дүниеде Жеткендер бар ма кемелге? Әзір бала байланды, Жастай соры қайнады, Жеткенше қашан дегенге. "Алпамыс б." * Енді, міне, соры қайнап, қаршадай күнінде, әке ұсталып айдауға кетсе, шеше мертігіп ауруға шалдықса — ол бейбақтың күні не болмақ?!.. С.Мұқ. * Мына сұлудан айрылма, тас кенедей жабыс, әйтпесе біреу сорыңды қайнатып қағып кетеді, – деді. О.Сәрс. * Түнге қалсаң, тау арасындағы шөп көмкеріп тастаған жалғыз аяқ соқпақтан адасып, соқыраңдап сорың қайнайды, тек астыңдағы атыңның жершілдігіне сенер едің. О.Бөк.
СОРЫ ҚАЛЫҢ
Бақытсыз, басынан сор арылмайтын адам хақында. ~ Соры қалың соққы жеген пышанамыз Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз. Құр дәрімен атқанға өлмейді, Өмірі мақтаншаққа нысанамыз. Абай. ~ Текті (ақырын жылап). Сорлы, шын-ақ сорың қалың, сор маңдай екенсің ғой. Маңайыңда жыламаған жан қалдырмағаның не? Я, құдай, әлде осының қарғысына ұшырадым ба? М.Әу.
СОРЫ СОПАҚ АСТАУДАЙ
Жолы ауыр, кесапат-кесірге көп ұрынатын адам туралы. ~ Дастарқанға телміріп тырс етпей қалған жігіттер, жұтынып қойып қылғынып отырған Мешелге бұрылды. Бәрінің көзінде, енең осы болса — сорың сопақ астаудай екен деген күлкі бар еді. Қ.Ысқ.
СОРЫ СОРПАДАЙ ҚАЙНАДЫ
Соры бес елі, қиындыққа белшеден батты. ~ Сосын амалсыз ыржиған боламын, түрім де жетісіп тұрмағанын сеземін. Аяғымды алшыдан тастап ұзағырақ отыра түскім келеді. Сорымды сорпадай қайнатқан осы сапарға несіне елп ете қалғаныма өкінемін… Ә.Асқ. ~ Қате кетіпті… Бірінші беттің ресми материалынан… Түнде кеш түскен мақала. Тақырыптан… Сауда бітті. Теңселе басып, кете барды. Расында да, сорлары сорпадай қайнапты. М.Қаб. ~ Ондағы қатындардың соры сорпадай қайнайтыны жайлы гу-гу әңгіме басталып кетті. В.Шук.
СОТАСЫН АРТЫҚТАУ СЕРМЕДІ
Артық кетті. ~ Жай ғана ұрынбай Оспанқұл сынды әпербақанның қолына беріп, сотамды артықтау сілтедім– ау осы» дейтін күмәнді ой кешелі– бері иектей бастаған. К.Сег.
СӨЗ АҢДЫДЫ
Өсек-аяңға үйір болды; дау-дамайға жақын жүрді, бәле іздеді. * Жасынан сөз аңдып, дәукес болып өскен Бәкір мінезі ұяң, ерінің бетіне ажырайып қарағанды әбес көретін қазақы, сыпайы әйелдің өзіне тиісіп … О.Сәрс. ~ Көрдім бүгін тауды да тозаңды да, Өтіп жатыр мың шындық көз алдымда. Өсекшіге бір тиым жасалмады, Сойқан салған сұмдарға сөз аңдыған. Д.Байт.
СӨЗ АРАЛАТТЫ
Әр нәрсенің басын шалды. * Күнікей бірталай қипақтап, сөз аралатқан болып отырып, Байманның қатыны бар-жоғын да сұрады. Ж.Айм.
СӨЗ АРАСЫНДА
Орайы келгенде айтыла салған әңгіме туралы. ~ Өзіміз болған соң сөз арасында айтқаным ғой, – деді Қаратай күліп. Д.Ис. ~ Сөз арасында профессор көп жылдардан бері әйелсіз тұратынын да айтып үлгірді. Р.Рай. ~ Айгүл мен Ләзәт Ақжазықтың күллі оқиғасын солар арқылы елден бұрын естіп алады: таңертең бір–бірімен амандасқан сәтте–ақ олар естігендері мен білгендерін бір–біріне лақ еткізіп сөз арасында–ақ ақтара салады. Б.Нұрж.
СӨЗ АСТАРЫ
Айтылған сөздің жасырын мағынасы, түпкі ойы. ~ Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды. І.Ес. * Даналардың ойы қашанда жұмбақ. Олар өздерінің емеуіріні мен сөз астары арқылы адамзаттың ойына мәңгілік ақыл азығын қалдырады. Т.Жұрт. ~ Сөз астарынан оның алымдылығы мен ақылдылығы аңғарылып тұрады. Айта да біледі, айтқанын орындай да біледі. Есім оған сондықтан сенеді. Б.Нұрж.
