Posted in

СӨДЕГЕЙ-СОЛПЫ АДАМ

Қалай болса солай, бос тентіреп жүретін, іс-әрекеті сөлекет адам туралы. ~ Әлде, бар назарын малға салып, ары-бері жүрген сөдегей-солпы адамға онша ден қоймай ма, сөлбірейіп келе жатқан ұлына, әйтеуір, көңіл аудармады. Ә.Ыб. ~ Аудан әкімі елді қойша иіріп алып, кімде- кім бандылардың жақындарын, сөдегей- солпы адамдарды үйіне жасаса ауыр жазаға тартылатынын айтты. Т.Рыс.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ЖҮРІС

Жөн-жосықсыз, бейсауат жүріс. ~ — Сол тұспен шекараға қашатындар бар. Жақында сондай сөдегей жүрістен екі қашқын ұсталды. Ұтыдағы әскерлерден сол жақтағы шеткері төбелерге, Ұланбұлаққа қарауыл қойылатын болыпты. Қ.Шабд. ~ Сол Өтеген қоңыр күзде, таңға жуық таң асырған атын көше бойындағы алсын көгалға отқа қойып жүріп, Жұмабектің қызы мен Жолдыбайдың алма бақшасының арасынан бірге шыққанын көзі шалып қалады. Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыск. ~ Таңғы шайымды ішіп бола бере үйге ентігіп кірген баланың сөдегей жүрісі үйдегілерді елең еткізді. Мен қылп ете қалдым. Е.Мәт. ~ Ақыры сол құйындай ұйытқыған зымыран зардаптардың бірі әдепкі раундтың соңғы сәттерінде сөде-гей жүріс, сөлекет қимылдан аса ал-маған Доминикті жазық жерде жалп еткізіп, баудай домалатып түсірді. С.Пір. ~ Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыс.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ЖҮРІСТІ (АДАМ)

Бейсауат, күдік тудыратын суыт жүрісті адам. ~ — Құдай сақтайды ғой… — Сөдегей жүрісті, бөгде біреуді көрмесін де. Көзі түссе, саққұлақ машкерлер- ақ ұстап береді оны. Т.Рыс. ~ Сөдегей жүрісті адам, әрине, күндіз жүрмейді, апақ– сапақ кешкі ымыртты бетке алады. Ақшам үйіріліп, көз байланар шақта тосқауылда жатқандар талдың арасынан шығып, енді жарқабақтың астындағы көпірдің дәл аузына келіп тұрды. Қ.Жұм.

Posted in

СӨДЕГЕЙ ҚЫЛЫҚ

Адамның жөн-жосықсыз, қисынсыз, жағымсыз іс- әрекеті. ~ Естен шығаруға қаншалық тырбынғанымызбен, сондағы сөдегей қылығымыз көз алдымызда тұрады да қояды. Сол істен кейін адамдық деңгейіміздің құлдырап, қай тұсқа түскенін жете түсінгендей болдық. Қ,Әуб. ~ Әйеліме базарлыққа әкеле жатқан тонды жұлып алып: «Бұл кімдікі?» дейді. Мен сынықтан сылтау іздеп тұрған сөдегей қылықтарына күлкім келіп: «Менікі» деп жымидым. Сонда әлгі жігіттің: «Бұл қайдағы сіздікі, әйел адамдікі ғой» деп жабыспасы бар ма. Ж.Шәк.

Posted in

СОР ҚАТТЫ

~ Шүйде шашты қолыммен тінткілеп, төнгем кеп, Бір топ шашын шыңғыртып жұлып алдым шеңгелдеп, Итше ұлыды сор қатқан төмен қарап, өңмеңдеп. М.Мақ.

Posted in

СОР ҚҰМАР

Жолы ауыр, бейшара, сормаңдай адам туралы. ~ «Тұнығым ылай болды. Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды…» М.Әу. ~ Жақсылықтан үркесің, Жамандықтан безбейсің, Тауаның жүрсе шағыла. Қымыз құмар, сөз құмар, Сор құмар өңшең сорлылар! Дулат Баб.

Posted in

СОР МАҢДАЙ

Бақытсыз, қайғыдан көз ашпаған байғұс, сорлы жан. ~ Құдайым келтірген соң істі қырын, Кез келді сор маңдайға ақсақ Нұрым. Ашылмас тұман, айнымас бұлт жапты, Ал енді, кімге ұрынсаң, соған ұрын. С.Тор. * Үш әйел, үш баланың өлі-тірісі белгісіз. Оның ішінде Ақылжанымен қоса өз әпкесі Дәмелі бар. Малыбай жездесі басын тоқпақтап, жылап отыр. «Сор маңдай, сор маңдай» деп өзін-өзі ұрғылай береді… К.Қаз. * Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған, Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан, Өзін мәңгі бақыттыға балаған, Бұл не деген өр адам? М.Шах. * – Қор болдыңдар- ау! Тірі жетім, тірі жесір сор маңдай бейбақ болдыңдар- ау! Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. С.См.

Posted in

СОРҒА МАЛТЫҚТЫРДЫ

Кесірін тигізді, кесапатқа ұшыратты, сорлатты. ~ Б а з а р б а й. Бірақ сен Шерниязға артық көріп Тимексің мені сорға малтықтырып, Жаныма со бір жерін қатты батат, Қаншама жұбатсаң да айтып тұрып. Ж.Айм.

Posted in

СОРҒА ШОҢҚАЙТТЫ

Алдап, қорлап кетті. * «Ім-м!» – деді Сүгір бай ауылдардың басты адамдарын көргенде. – Мені табалап, сорға шоңқайтып кетпек қой!» Т.Әл.

Posted in

СОРЛЫҒА ТОҚПАҚ

Жолы болмас жоқ жерден таяқ жейді. ~ Қойға бір, қойшыға бір қарайды. Әйел дейін десе басында тымақ. Ол тағы бір тап берсе, мына отардан түп-түгел айырылуы мүмкін. Бұрынғы он жылының үстіне шімірікпестен қосып келіп жіберуден тайынбайды мұнда. Сорлыға — тоқпақ деген сол. Осы ой келгенде, жаңағы тәтті қиялдан түк те қалмай ұшты да кетті. К.Қаз.