Әлдебір жамандыққа аяқ басты, өзін-өзі итермеледі. ~ Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз. Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де. М.Әу. ~ Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені, анау жуан езіп тастайды — ау! — дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. С.Мұқ. ~ Білгенімді бір қара көз бауырыма үйретсем, сол да пайда деп бармай қойды ғой! Өз дегені болмаса көнбейтін қыңыр адам. Бәлкім осы сор түртті ме екен. Т.Сәу. ~ Аудан секратары қарқылдап күліп кетті: — Иә, иә, менің құлағымның орнына сенің құлағың кететін шилі өзек деген ғой. Ха — ха — ха …Өзің де тыныш отырмадың емес пе? Сор түртті ғой. Әйтпесе саған сол күні тұк те жоқ еді. Ж.Сәм.
Автор: Админ
СОРАЙҒАН СОҚА БАСЫ
Жалғыз өзі; қара басы. * Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Ә.Нұрш. * Жұрттың бәріне сөйте ме екен, әлде тек мені ғана басына ма екен? Басы бос, ешкімі жоқ, сорайған соқа басы деп басынатын шығар. Қ.Түм.
СОРҒА МАЛТЫҚТЫРДЫ
Кесірін тигізді, кесапатқа ұшыратты, сорлатты. ~ Б а з а р б а й. Бірақ сен Шерниязға артық көріп Тимексің мені сорға малтықтырып, Жаныма со бір жерін қатты батат, Қаншама жұбатсаң да айтып тұрып. Ж.Айм.
СОРҒА ШОҢҚАЙТТЫ
Алдап, қорлап кетті. * «Ім-м!» – деді Сүгір бай ауылдардың басты адамдарын көргенде. – Мені табалап, сорға шоңқайтып кетпек қой!» Т.Әл.
СОРЛЫ ЕЛГЕ СОДЫР БАСШЫ
Болашағы жоқ елді арам ниетті басшы билейді. * Ойдай, заман-ай! Сорлы елге содыр басшы тап келіп, титықтап тұрмыз ғой, қалайда. Ә.Нұрп.
СОРЛЫҒА ТОҚПАҚ
Жолы болмас жоқ жерден таяқ жейді. ~ Қойға бір, қойшыға бір қарайды. Әйел дейін десе басында тымақ. Ол тағы бір тап берсе, мына отардан түп-түгел айырылуы мүмкін. Бұрынғы он жылының үстіне шімірікпестен қосып келіп жіберуден тайынбайды мұнда. Сорлыға — тоқпақ деген сол. Осы ой келгенде, жаңағы тәтті қиялдан түк те қалмай ұшты да кетті. К.Қаз.
СОРПАҒА (СОРПА БЕТІНЕ) ШЫҒАР
Бетке ұстар, елдің игі жақсысы. * Шәмшилерді аңдып тұрғандай-ақ ауылдың сорпаға шығар бозбалалары да, жас құдалар да лек-легімен келіп, төрді толтыра бастады. Ж.Айм. ~ Қонақтардың түскенін естіген соң, уездің сорпаға шығарымыз деп жүрген, шалбарларының тізесі қалталанған, пенжегінің артқы етегі жымырылған шолақ кемесерлер де Төлегендікіне Мекеден қажы келгендей ағылды. Ж.Айм. * Әкесі төрт ағайынды. Солардың сорпаға шығары, кенжесі — Жанпейіс. Еті тірісі де, жүрегі жұқасы да сол. Ү.Жәл. * Қабдолла, Қайдар тәйжі, Сейтнәби қатарлы күдікті саналған ел ағаларын ұстап әкетеді. Ендігі қалған сорпа бетіне шығар ықпалды адамдардың басына да бірінен кейін бірі тұтқындалу қаупі төніп келе жатады. Ғ.Біл.
СОРПАЛЫҒЫ БАР
Қоңды, жілігі татитын мал туралы. ~ Көкөзек шақта сорпалығы бар қой бүкіл ауданды сауын айтып сандалып іздесең де табылмайды. О.Бөк. ~ Демежан басқа лаж таппай, ондайларға мынадай кеңес берді. – Жілігі татитын, сорпалығы бар малдарыңды сойып алыңдар. Жұрт көже– қатықсыз аштыққа ұшырап жүрмесін. Қолда бар ағайын жоқтарына қарайлассын. Бас аман қалса, мал табылар… Қ.Жұм. ~ Сол аптобозға мінгендей асып–сасып үстіңнен секіріп жатқанда, бір көзіңді қысып алып шытырлатып құлата бер. Бірақ бәрін шетінен қыра бермей, жілігі татитын сорпалығы бар бітеу бүйендерін ат, – деп кетіп қалды. О.Әуб.
СОРПАСЫ АРАЛАСПАҒАН
Еш жақындығы жоқ, қаны бөлек. ~ Ұлпан Адам-атаның ар жағында болмаса, оның бер жағында хан тұқымына да, би тұқымына да сорпасы араласпаған батыр Артықбайдың қызы. Ұлпанда мырзалық та жоқ, сараңдық та жоқ, атақ құмарлық та жоқ, ерекше бір жинақтылық бар. Ғ.Мүс.
СОРПАСЫ ҚОСЫЛМАЙДЫ
Еш қатысы жоқ, мүлде бөлек, ұқсамайды. ~ Қарап отырса мына балалардың бір-біріне тартқаны жоқ, әкесіне ұқсайды-ау дегені шешесіне жоламапты, шешесіне тартқан-ау дегені Жаманеркекке сорпасы қосылар емес. Д.Дос. ~ Олар үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Бен Ладен оқиғасы мен Шығыс Түркістан мәселесін бір ұйымның ісі ретінде қарап, халықаралық ұйымдарға арт-артынан өтініштер енгізді. Ж.Шәк. ~ Онысы оның үстіндегінің, ол тағы өзінің үстіндегінің табанын жалап…Ең соңында тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа біреудің де … Әй, қойшы, қалай-қалай бұзылған адамдар-ә!…» деп басын шайқады. Ж.Сәм. ~ — Папам мен мамамның саған жасаған жақсылығын ұмытқан екенсің. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сені, туған балалары бізден кем көрмей бірдей ішіндіріп, бірдей киіндіріп еді. Құдайдан жетсін, құдай тапсын. Ә.Ыб.
