Posted in

СӘНІ КІРМЕЙДІ

Көркі, құндылығы байқалмайды, бәсең тартады. ~ Енді біреулер бар — екі иығын жұлып жеп, ұрынарға қара таппай жүрген. Сөздерінше тұздықтап, боқтық араластырып сөйлейді. Онсыз сөздерінің сәні кірмейтін тәрізді. Б.Соқ. ~ Бастаңғылатып жататын жастардың ажары — Ақбөбек пен Қайып. Аққудай таранған Ақбөбек араларында отырмаса кештің сәні кірмейтіндей. Ү.Жәл.

Posted in

СӘНІН КЕЛТІРДІ

1. Көркін ашты. ~ Ауылға алыстан, әсіресе, таудан қарағанда–ақ жасыл ағаштың молдығына таң қаласың. Үйлерінің арасы қашық-қашық, әрқайсысының айналасы толған ағаш бақшасы мен картоп, қарбыз, капуста бақшалары. Көгал ауылдың сәнін келтіріп, көңілді қылады. Әсіресе тораңғы әдемі. А.Байт. ~ Бір қыздың қалыңмалына бергісіз еді.» Неке сақинасын қинала-қинала қиып салдырып едім. Сынамасы жоғары: 585-ші! Бетімнің сәнін келтіріп тұратын. «Алтынның буы болады» деген рас шығар, көп күле беретін болғам. Т.Сәу. 2. Мән-мағына берді, қызық қосты. ~ Жар қызығы, жастық өмір қызығы дегенді ұға ма! Өмірдің сәнін келтіріп, жарастықпен ұғысып табысқан екі аққу тәрізді біріне бірі жан қияр жұбайларды біреуінен біреуін зорлықпен ажыратып әкеткелі отыр. Б.Соқ. ~ Не деген шыдамдылық, не деген көрегендік, қанша жерден өңештері жыбырласа да той сәнін келтіретін «ащы суды» дастарханға жолатпаған. Енді еркіндік. Қ.Жиен.

Posted in

СӘП САЛДЫ

Назар аударды, ықылас қойды. ~ Бүгінгі әдебиетке сәп салар болсақ, елдің бәрі батысқа қарап маңырап жүргенде шығыстың желіне бетін берген бір ақын жұрттан өзгешелеу көзге түседі. Ж.Шәк. ~ Салпиған аңқау еріндеріне, сәл бүріскен кішкене құлағының қауметі астындағы қынадай қып– қызыл қалына да сәп салып, көз тоқтатты. Т.Рыс. ~ Әйтсе де, аз аялдап сәп сала қарап еді, мыналардың өз түйелеріне ұқсамайтынын аңғарды. М.Алм.

Posted in

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ (СӘТІНЕ)

Қазақ сәрсенбі күнін ерекше, қасиетті күн деп санауына байланысты, сәрсенбі күнгі іс, бастама әрдайым сәтті болады деп есептейді. ~ Ол ақырын ғана көзін ашып «Ә, келдің бе? Сені сарылып күткеніме көп болды. Кел, төрлет! Сәрсенбінің сәтінде сенің де ісің оңға басар» деді Ажалға, бұрыннан аралас-құралас жүрген адамдай бойындағы еркіндікпен. М.Рам. ~ Сәрсенбінің сәтінде туыстары ақ жол тілеп жолға шығарып салды. Құлжа қаласына түс ауа жетіп, арнаулы тексерілетін емханаға барды. Н.Абд. ~ Келесі күн сәрсенбі еді, "сәрсенбінің сәтіне" күйеу баланың екі ағасы, Нұрәли мен Балбала "Терең — Шатқалда" отырған орманшы Ботабайдың үйіне Бөрібай — Бөкеңнің "Волгасымен" келіп, бой жетіп отырған қызы Сәнияға құда түсті. Ә.Тар.

Posted in

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТТІ КҮНІ

Қазақ халқы сәрсенбі күнін көне замандардан жоғары бағалап, киелі санаған, бұл күні іс бастау, жолға шығу қашанда оңтайлы саналады. ~ Күліп жібердім. – Сәрсенбінің сәтті күні. – Сәрсенбі? Ол қашан? Жүрелеп отыра қап, кішкене саусақтарын бүгіп, біртіндеп санай бастадым. М.Қаб. ~ Сәрсенбінің сәтті күні Гүлнашты ұзатамыз деп отырған. Жол жабдығы толық қамдалып, аттану ғана қалған. Гүлнаш та іліп алар киім-кешегін киініп, қалған-құтқанын жиынтықтап, буынып-түйініп, өз үйінде күтініп отыр еді. Т.Әл.

Posted in

СӘСКЕЛІК ЖАҚ

Күн арқан бойы көтерілген кездегі күншығыс жақ. ~ Ойпаңда көк ала құрақты кішкене көлшүмек. Айнала төңірек ылғи белес. Күншығыс сәскелік жақта көгеріп, зеңгір тартып, Көкшетаудың басы көрінеді. С.Сей. ~ Бесін кезі, күн қоңыр бұйралау еді. Жол аузында түстеніп, дамылдап жатырмыз. Қалашылар осы жерде сәскелік жағына қарай, өз елдеріне жүрмек. С.Сей.

Posted in

СӘСКЕЛІК ЖЕР

Сәскеге шейін жетуге болатын қашықтық. ~ Арбаның дауысы шыққан соң, Көңілім тұрды ұнатпай. Ішім жаман мұздады. Бөрі көрген ылақтай. Тап Жолекке келгенде, Жан тапсырады ұзатпай. Бұйрық болды Алладан, Сәскелік жерге шыдатпай. Намаздыгер шағында, Дауысы шықты арбаның. А.Байт. ("Төлебай") ~ Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын, Болады сәскелік жер аулы жақын. Есітіп дабылыңа сенің қанық, Шақыртып алдырайын көрсең мақұл. "Қыз Жібек". ~ Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды. Сонда сәскелік жерден есіткені-ау… З.Шүк. ~ Жалғыз інім Жанғазы совхоздың қойын бағады. Осыдан сәскелік жерде Тасқұдықтың ойпаңында отыр. Ә.Тар.

Posted in

СӘСКЕЛІК КЕЗ (ШАҚ)

Күн арқан бойы жоғары көтеріліп қалған шақ. ~ Поезд Алматыға күндіз сәскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр. Б.Соқ. ~ Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне Тұйыққа келіп отырмын. Бұл сәскелік кез. Көше қаңырап бос. Кәзір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бәрі жұмыс басында. Б.Соқ. ~ Сәскелік шақ. Шілденің аптабы белең алған. Бесқанат қоңыр үйдің кел бетке қараған іргелігі мана түрілген еді. М.Сүн.

Posted in

СӘТ-САҒАТЫ ЖЕТТІ

Уақыты келді. ~ Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Ә.Нұрш.