Күн арқан бойы көтерілген кездегі күншығыс жақ. ~ Ойпаңда көк ала құрақты кішкене көлшүмек. Айнала төңірек ылғи белес. Күншығыс сәскелік жақта көгеріп, зеңгір тартып, Көкшетаудың басы көрінеді. С.Сей. ~ Бесін кезі, күн қоңыр бұйралау еді. Жол аузында түстеніп, дамылдап жатырмыз. Қалашылар осы жерде сәскелік жағына қарай, өз елдеріне жүрмек. С.Сей.
Автор: Админ
СӘСКЕЛІК ЖЕР
Сәскеге шейін жетуге болатын қашықтық. ~ Арбаның дауысы шыққан соң, Көңілім тұрды ұнатпай. Ішім жаман мұздады. Бөрі көрген ылақтай. Тап Жолекке келгенде, Жан тапсырады ұзатпай. Бұйрық болды Алладан, Сәскелік жерге шыдатпай. Намаздыгер шағында, Дауысы шықты арбаның. А.Байт. ("Төлебай") ~ Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын, Болады сәскелік жер аулы жақын. Есітіп дабылыңа сенің қанық, Шақыртып алдырайын көрсең мақұл. "Қыз Жібек". ~ Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды. Сонда сәскелік жерден есіткені-ау… З.Шүк. ~ Жалғыз інім Жанғазы совхоздың қойын бағады. Осыдан сәскелік жерде Тасқұдықтың ойпаңында отыр. Ә.Тар.
СӘСКЕЛІК КЕЗ (ШАҚ)
Күн арқан бойы жоғары көтеріліп қалған шақ. ~ Поезд Алматыға күндіз сәскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр. Б.Соқ. ~ Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне Тұйыққа келіп отырмын. Бұл сәскелік кез. Көше қаңырап бос. Кәзір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бәрі жұмыс басында. Б.Соқ. ~ Сәскелік шақ. Шілденің аптабы белең алған. Бесқанат қоңыр үйдің кел бетке қараған іргелігі мана түрілген еді. М.Сүн.
СӘТ-САҒАТЫ ЖЕТТІ
Уақыты келді. ~ Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Ә.Нұрш.
СӘТІ ТҮСПЕДІ
Орайы болмады, ыңғайы келмеді. ~ Жаман сөзге аузы бармай, үнсіз қалды. Аздан соң амалсыз әңгіме желісін жалғады.— Мектептен соң жұмыс, оқу, тағы жұмыс… Әзір командировканың сәті түспей жүр. М.Қаб. ~ Хан қалың қолды бұл жолы да Айдосқа басқартты. Ақжолтай бидің сапарына үлкен дәмелі еді. Бірақ, Жаңадария бойын күшпен бағындырудың сәті тағы да түспейді… З.Шүк.
СӘЛ (ЕНДІ) БОЛМАҒАНДА
Аз кешіккенде. ~ Сандықтың іші тым тар болғандықтан, бойымдағы бар қасиеттен, күштен айырылдым. Күн көзін көрмегендіктен, соқыр бола жаздадым. Енді болмағанда, аштан да өлер едім, – деп, үшеуіне де тиіспейді. "Қ.Ертегілері". ~ Енді болмағанда бригадирге қоңырау шалуға сәл-ақ қалған. Бері бұрылған қоңыр қорапты мәшинені көргенде уһ деп бір дем алды. Дереу қақпаны аңқитып ашып тастады. Қ.Жиен.
СӘЛ ДЕ БОЛСА
Аз да болса. ~ Кандидаттығын 25 жаста, докторлығын 30 жаста қорғапты. Уақытқа сәл де болса белгі қалсын деп кітап жазыпты. Д.Дос. ~ Осылай күніге жарты қорап темекіні түгеседі, бұл жағымсыз иістен сәл де болса қашуға сеп болады деп есептейді. Ж.Шам.
СӘЛ НӘРСЕГЕ
Жоқтан өзгеге. ~Әшейінде сәл нәрсеге жылап жібергіш әйел -дердің дымы шықпай қалған-ды. Сол ес таптырмаған бойда екі арбаны жетектеп бір шетке әкетті… Ж.Ахм. ~ Ортасында сорайып өскен сасырдан су мылтық жасап, бірін-бірі сумен атқылады. Сәл нәрсеге мәз, риясыз шаттанып күліседі. Т.Сәу. ~ …сен көз айырмай қанша аңдысаң да, бірақ әлгі сұғанақ ұры жанар енді қайтып көрінбепті; есесіне бұл тыныштықтан айырылды; сезікті көңіл секем алғыш; сәл нәрсеге күдіктенеді. Ә.Нұрп.
СӘЛЕМ-САУҚАТ СҰРАСТЫ
Амандық білісті. ~ Әлиялар құшақтасып сәлемдесіп болған соң, Халима жеке келіп, қолымды алып, сәлем-сауқат сұрасты. З.Нұрт.
СӘЛЕМ АЙТ
Сәлемімді, сөзімді жеткіз д.м. ~ Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке: «Баласы Ұлы жүздің, разымын, Түспедің бірің ара бұл тентекке! Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. І.Жанс. ~ Ертеңгі елге біздің отбасымыздың кешірмесі тамаша бір тәлім болар, — деп бір тынды да, — Бикенге сәлем айт, — деп Бөкеден бетін бұрып кетті. Б.Жұм. ~ Ежелгі тәртібімді бұзбайын да, Өлең жаздым, Алматы, Сіз жайында. Сәлем айт терек-ұлға, қыз-қайыңға! Әр көшеңіз — әуен ғой әлеуметтік, Сіз Бас шумақ болғанда, біз — Қайырма. Е.Аш.
