Posted in

СӘЛЕМ АЙТТЫ

Біреулер арқылы базынасын білдірді, бұйымтайын айтты, тілегін жеткізді. ~ Дәрменнен сәлем айтып,Сәмен, Сейіт сияқты Затонның Абайды жақын дос көретін бір топ кедейлері де, грузчик жұмыскері де келіп кетті. М.Әу. ~ Қалай, қабырғаңмен кеңестің бе? Құда тағы сәлем айтыпты. Жақ ашпадым. Ұртына жамау түскен бәтеңкемнің ұшымен жер сызғаладым. Н.Сер. ~ Бұл әңгімені естіген мен «онда маған басқа жерден үй соғып берсін» деп біреулерден сәлем айтып едім, құлақ аспады. Қ.Түм. Амандығын жеткізді. ~ Не жазыпты?— деді Әділбек, басын жоғары көтерместен өз ісімен болып. —Амандық… Бәріңе сәлем айтыпты,— дей салды ағасы босаң үнмен. Х.Ес.

Posted in

СӘЛЕМ БЕРУГЕ ЖАРАМАЙДЫ (ЖАРАМАДЫ)

Татымайды, теңі емес д.м. ~ Тау жақтағы бұрын саяжай болған үй екен. Екі қабатты демесең, көзге қораш, ортақол бизнесменнің коттеджіне сәлем беруге жарамайтындай. Т.Сәу. ~ Кісі басқан ізін білдірмей солай да жүреді екен-ау! Жазған хаттарыңда жолығуға тым асыққан адам сияқты көрінетінсің. Қасыма келіп тұрып сәлем беруге жарамағаныңа таңмын! Р.Рай.

Posted in

СӘЛЕМ ЖОҚ, САУҚАТ ЖОҚ

Әй-шәй жоқ, амандық-саулықты сұраспай д.м. * Таңғы шайын ішіп бола бергені еді. Аспаннан түскені де белгісіз, жерден шыққаны да белгісіз Сұржекей кіріп келді. Түсі өрт сөндіргендей. "Ауданға жүресің!" деді, сәлем жоқ, сауқат жоқ. С.Елу. * — Қайнаға, бұл да біреудің түтін түтетіп отырған үйі. Сәлем жоқ, сауқат жоқ, әкіреңдеп кімді басынасың. Ә.Нұрп. * ~ Тани кетті. Бет-аузын сақал-мұрт көмген режиссер. Өзі сияқты аула сыпырушы пақырларға мойын бұрмастан, сәлем жоқ, сауқат жоқ, кимелеп өте шығатын көкірегі аяққаптай неме. Н.Сам.

Posted in

СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫ

Алыстан сәлемін айтып, хабарын берді. ~ Түстік жақта асқақ Алатау алыстан сәлем жолдап, бәрін көріп, біліп басу айтып тұрғандай. Б.Қыд. ~ Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап: «Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды… Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» — деген. Ж.Ахм. ~ Қамысты аралдың иінінде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секілді елестейді. Андасанда айдынның етегін үтіктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтеді. Т.Сәук.

Posted in

СӘЛЕМ МЕЗІРЕТІН (МЕЗІРЕТ) ЖАСАДЫ

Ишарат жасап, сәлемдескен болды. ~ Төралқа үстеліне жеңіл көтеріліп қол қусырып, басын изеп сәлем мезіретін жасады. Д.Дос. ~ Машинаға дұрыстап көз салмай орнынан сұлқ көтерілді. Сүйретіле басып сыртқа шықты. Есік алдында ернін жыбырлатып сәлем мезіретін жасады. Ә.Кек. ~ Басын изеп, қос қолын алдына сілке лақтырып сәлем мезіретін жасады мейман. Д.Дос. ~ Тевкелев әшейін сәлем мезірет жасап салқын амандасты. Ә.Кек.

Posted in

СӘЛЕМ САЛДЫ

Келіннің дәстүр сақтап, ата-енесіне иіліп сәлем ишаратын жасауы. ~ Күләйна заттарын жиыстырып, көңілі жайлана атасына сәлем салды. – Рақмет қарағым, көп жаса, ал сендер неғып аяқ-асты көшіп келдіңдер, ә? Дұрыс қой, қой деген біз жоқ, тек алдын-ала ақылдаспай. Ш.Құм. ~ Ол ене де – сол шаңырақтың келіні, яғни шаңырақтан үлкен емес. Мен өз жеңгемнің қартайғанша сәлем салғанын көріп өстім. Міне, тәрбие деген. Ж.Баб.

Posted in

СӘЛЕМІ ТҮЗУ

Ықыласпен, риясыз көңілмен амандасады. ~ Әсілі, ара- тұра ғана араласатын сәлемі түзу адам түгілі, күнделікті бірге жүрген кісіні не толғандырып, қандай ауыр ойлар қамықтыратынын білу мүмкін бе?! Ж.Шағ. ~ Клара – қырықтың жуанішіндегі, қошқар құйрық, етжеңді әйел. Бар мүшесі орнында, көзінің оты сөнбеген, әлі де бір қағары бар қараторының сүйкімдісі. Қашанда сәлемі түзу, ақсия күліп, ары өткен-бері өткенде сүйкеніп Дөйшенқұлды қағытып жүреді. Т.Сәу.

Posted in

СӘЛЕМІН АЛДЫ

Берілген сәлемге ілтипатпен жауап берді. ~ Кеш болған соң ауылдың басты еркектері тыста жүр екен. Арқар өңгерген Бақтығұл қорасының алдына келіп, сәлем бергенде, болыс күлімсіреген жылы шыраймен сәлемін алды. М.Әу. ~ Ақ бозды аркасынан бір қағып атшы шалға жетектетіп жіберді де сонан кейін барып Бекеттің сәлемін алды. Қ.Ысқ.

Posted in

СӘЛЕМІН ЖЕТКІЗДІ

Біреудің тапсырмасын орындап, сәлем-сауқатын жеткізді. ~ Ол Бегеджі (Үлзейті) келінге: «Сіздің айдай жүзіңізді бір көруге құмартып, мені жеңгетайлыққа жіберді» – деп ханның сәлемін жеткізеді. Т.Жұр. ~ Бағана Әлиге Керімбек сәлемін жеткізген жастардың бірі ол екеуін алып, сол сайдың басымен асып түсіп, ары қарай Керімбек аулына жөнеліп кеткен. Ж.Ахм.

Posted in

СӘЛЕМШІ БОЛСАҢ ТӨРГЕ (ЖОҒАРЫ) ШЫҚ

Сәлем беріп кірген жанға ықылас көрсетіп, төрден орын ұсыну. ~ Әлікісәлем! Сәлемші болсаң төрге шық. Бейтаныс қонақ итінен төмен отыра беріп, солқ еткізіп етігін шешті, зірк еткізіп босағаға тастай салды. Ә.Кек. ~ Ақсақал үйде екен. — Ассалаумағалейкум! — Уағалейкумассалам! Сәлемші болсаң төрге шық. М.Алм. ~ Сәлемші болсаң жоғары шық, шырағым, — деді Балатай, аса елей қоймады, ерні ғана жыбыр етті. Қонақ кәдесін істеді де, төмен қарап әлде неге шұғылдана берді. С.Талж. ~ Даладан өзімсіне, екпіндей басып келсе де, төрде отырған бейтаныс адамды көріп, кепкасын жұмарлап қолына ұстаған күйі босағада тұрып қалды. — Сәлемші болсаң, жоғары шық. Мақтап жүреді екенсің, — деп Дәнеш орын ұсынды. Қ.Жұм.