Posted in

СЕС БІЛДІРДІ

Айбат қылды, суық қабақ танытты. ~ Ұрты салбыраған қызыл қабақ Әзімбай жуан ақтаяқты өткір қара пышақпен жонып отырып, үялмастан ернін шығарды да, мырс етіп күліп қоңды. «Сенгенім-ақ» дегендей, ішінен жауыққандай сес білдіреді. М.Әу. ~ Он жетідегі қыздай уылжуын… Ықсан да жігіттің төресі. Қой бұ жолы мынаған ол жайлы сес білдірмейін; ыңғайы жаман екен — байым келеді деп өліп-өшіп отыр, үркітіп алармын. Аңысын аңдамаса болмас»,— деп ойлады Сәлима. М.Сүн. ~ Үстіне кең халат киген әйел бұларға тақап келіп, саусағын безеп сес білдірді. Т.Әбд.

Posted in

СЕС КӨРСЕТТІ

Қорқытпақ болып, желкесін күдірейтті. ~ Механик, электрик боп істейтін, орыс, хохолы аралас, бес-алты еркек бар еді, желкелерін күдірейтіп ашықтан-ашық сес көрсетуге көшті. Т.Сәук. ~ … Ботпай екі серігінің ерегісін естіп, қолындағы қамшысын көтеріп, сес көрсетті… О.Сәрс.

Posted in

СЕСІ ҚАЙТТЫ (АЗАЙДЫ, ЖОҒАЛДЫ)

Ашуы басылып, зілі қайтты. ~ Люда екеуі Сәнияны жылатып тынғанымен, Ленаның қайсарлығына "тұмсықтары тиіп", сестері қайтып, айтарын айта алмаған соң Құралай іштей мүлде қатая түскен … Ә.Тар. ~ Күші қайтты ма, сесі азайып әруағы қашқаны ма? Қалаға келсе- ақ құты қашып, берекесі кететіні қалай? Алдымен анау күшік шәуілдеп балағына жармасты. С.См. ~ Жортуын жасаған талай түндерде тобықтан ұрғызып, томардай қулағанында да дәл қазіргідей тоқайраған жоқ екен. Сүлдесі ғана қалып, сесі жоғалған. С.См.

Posted in

СЕСПЕЙ ҚАТЫРДЫ (ҚАТТЫ)

Алып ұрды; естен тандырды. * — Обиып отырған жеріңде сеспей қатырайын ба осы, Қобыландыны білмесең, қай жерің қазақ, ей? М.Қаб. * Өзінің түрі адам шошырлық. Құдды ана жылғы Айбаршаның кейпі. Қоразбай қорқа бастады: мына тас маңдайына тисе ғой, сеспей қатады. Б.Тоғ.

Posted in

СЕТЕР ҚЫЛДЫ

Ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған малды ешкім мінбейді, еркімен жібереді. * Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!.. Қ.Тол. * – Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер қып жылқыға жіберейік. Қ.Тол.

Posted in

СӘБЕТ САЛДЫ

Қолқа салды. ~ Ендігі бір заматта Қалдарбекке сәбет салғаным бар. Біздің әйелдің алғашқы, тетелес сіңілісін ұзату ыңғайына байланысты. М.Мағ.

Posted in

СӘБИ СЕЗІМ

Балалық, соны көңіл, уыздай жас сезім. ~ Соларға құлағын да қызыға түріп, көзін де қызыға тіккен Жандостың әсерленгіш сәби сезімін қатар келе жатқан әкесінің: — Балам, қалай, шаршадың ба? — деген дауысы бөлді. С.Мұқ. ~ Жым-жырттық басқан сәби сезімнің тұп-тұнық тайыз айдынына сол жұлдыздар тас лақтырып, темір қанат қиял-ойымның қауырсынын жетілдірді. Т.Бер. ~ Кешір мені, өз жаныңа кеш келем, Көкірегімнен сәби сезім өшпеген. Қ.Бұғ. ~ Осынау сәби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып тұрдым да, әжеме тіл қаттым: — Ал мені қалай үйлендірмексің? Б.Мом. ~ Қиналу емес, қайта соншалық риза боп, күнәсіз, пәк сәби сезімнің нұрын ажарынан байқатып, о дүниеге өзгеше момақан мінезбен аттанып кеткен. Т.Рыск.

Posted in

СӘБИ СҮЙДІ

Перзентті болды. ~ Ол фәниден ерте кетті. Үйленіп те, сәби сүйіп те жалған дүниенің ләззатын көре алған жоқ, рахатын кейінгілердің сыбағасына қалдырып, уайымын өзімен бірге ала кетті… Қ.Ысқ. ~ Жанға ашпаған сырым бұл… Жалғыз ғана сәби сүйген әйелде не арман бар? Сен екеш сенің не білгенің бар еді? Ғ.Сл.

Posted in

СӘБИДЕЙ ПӘК

Күнәсіз, саф таза. ~ Әй, адал да аңқау көңіл – ай! — Сәбидей пәк жан екен! – деп аласа бойлы жирен шашты мосқал адам үш саусағымен сіңбірініп қалды да, шәркейімен табанының астындағы майда топырақты бұрқылдатып қойды. С.См. ~ «Шарасыз шығасыға» қаламақы қойса құтыламын ғой». «Ауруханада қалай шыдап жатыр екенсің‚ сәбидей пәк Сұңқарым…». Қ.Түм.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСТІ

Әбігер болып, мазадан айрылды. ~ Табысудың, қайтадан достасудың жолын іздейді. Жолымбет көп сергелдеңге түседі. «Неге бүйттім» деген ой ішін жегідей жейді. Н.Әбу. ~ Әлдеқайдан машинасымен құйындатып, Алтын тіс жетіп келді. — Ойбай-ау, қонағымыз жоғалып, сергелдеңге түсе жаздадық қой. Жападан-жалғыз не ғып жүрсіз? Той басталғалы жатыр,— деген. Т.Әл. ~ Бақытгүлдің ұйқысы келер емес, бүгін келуге уәде беріп кеткен күйеуі әліге жоқ, көзін қаншалық жұмса да, миы тынымсыз жұмыста, отағасының дала безер болғанына налып, сан оймен сергелдеңге түсіп жатты… Н.Абд. ~ Жаз бойы сергелдеңге түсіп, өзіне дамыл бермей, уайымнан түтігіп кеткен Нұрдәулет, Торғай даласында және одан шет алыс жерлерде сенделіп жүре берді. С.Дос. ~ Қайып біраз уақыт зорлықпен айырылып, сергелдеңге түсуі — қас дұшпанға тілемес тағдыр тәлкегі болды. Ү.Жәл. ~ . Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. І.Ес.