Posted in

СЕНСІН БЕ, СЕНБЕСІН БЕ

Таң қалды, көргеніне сене алмай абдырады. ~ Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады. Сенсін бе, сенбесін бе… Ә.Кек. ~ Мұқатай қуанып. Қонағының көңілін қалай аулаудың ығын таппай, абдырай елпектеді. Ойнақшыған қоңыр көзі жалындап, сенерін де, сенбесін де білмей, ан-таң. Шынымен Әсетсіз бе? Қ.Тол. ~ Белсенділер сенерін де, сенбесін де білмей бір-біріне қарады. әлге созылған үнсіздікті ысқаяқ қара қайта бұзып: Қанша дегенмен өз еңбегімен емес, өзгені қанап үйренген бай-құлақтың қатыны емес пе, деді жымыңдап. А.Мек. ~ Терентий сенерін де, сенбесін де білмей біраз тұрды. Самұраттың шын сөзі тәрізді. Ал, ал. Түсіріп ал. Қораңа кіргізіп ал! Бұның тілін өзің білесің ғой. Ә.Тар.

Posted in

СЕҢ БҰЗЫЛДЫ

Өзен-судың мұзы еріді. ~ Сол ауырғаннан марттың аяғында – далада ойдым-ойдым қара жер көрініп,өзендерде сең бұзылып, мектепке бөгет бойымен айналып баратын кезде бір-ақ тұрдым. Т.Әбд. ~ Дәл қазір өзен тасып, сең бұзылып ерігелі Шу өткел бермек тұрсын, айғайлағаныңды естіртпейді. Б.Тоғ. Әлдебір игі өзгеріс, қозғалыс басталды. ~ Тізімге жазылу басталды. Сең бұзылғандай. Мерғалидан соң «меніде жаз» деген дауыстар шыға бастады. Кеңседегілердің көпшілігі тізімге тіркелді. Ү.Жәл. ~ "Балаларды бұзып жатыр, классиктерді ит жеме қылды" деп, жоғары жаққа домалақ арыз түсіпті. Оның да, менің де үстімнен. "Шыда, әзірге шыда, жуықта сең бұзылады, соған дейін сыр берме" дейді Арсекең. М.Қаб. ~ Жүсіп сақалын сипап, бата берді. Сол-ақ екен, сірескен мұздың іргесі сөгіліп сең бұзылғандай, отырған жұрт шуласып: – Бірігеміз, несі бар. – Екі қолға бір жұмыс. Біз де елміз, жұртпыз. Басымызды қосамыз. С.Жүн.

Posted in

СЕҢ ЖҮРДІ

Өзен-көл бетіндегі мұз еріп, қозғала бастады. ~ Көктемде мұз еріп, сең жүріп жатқан кезде Іле станциясынан біз жаққа баржа сүйреген пароходтар қатынай бастады. Б.Тоғ. ~ Сең жүріп аласұрған өзен арнасына ұзақ қадалып тұрамын да қоямын. Қияли адам секілдімін. Н.Сер. ~ Көшелерде адамдар сеңдей соғысады. Мәскеудің көшелері қыс бойы тоң болып сіресіп жатып, бүгін кенеттен сең жүріп, таудай-таудай тасқын толқындары тулағандай. Ш.Мұр. ~ Мезгіл март айы, Іледен әлі сең жүріп жатса керек. Б.Тоғ.

Posted in

СЕҢ СОҚҚАН БАЛЫҚТАЙ

Не істерін білмей абдырап қалды; әлсіреп, күштен айрылып, әрекетсіз қалды; не істерін білмей сасқалақтады. Биені желі басына айдап келіп, Иманқұлға сөйлесті де, Орманбас жылқышы құрығына таянып, сілейіп тұрып қалды. Ел сең соққан балықтай. Ж.Айм. * Ли- Танг- Пунг солай соқты. Дүние сең соққан балықтай аузын аш-ып, демі құрыды, құты ұшты. Ж.Айм. Бұрын бірін- бірі боқтап балағаттап жататын «уголовниктер» сол күні сең соққан балықтай болды. М.Дәул. Сең соққан балықтай есеңгіреп не істеп, не қоярын білген жоқ. Басы ауған жаққа қарай сенделіп жүріп келеді. Т.Сәук. * Ол сең соққан балықтай теңселіп, салы суға кетіп, есікке қарай жылжыды. Ә.Нұрш. * Сең соққан балықтай мына қазап сәтте бұл да болса аш көңілге азық. М.Қаб. ~ Студенттер біріне бірі адырая қарсып, аң-таң болып жүр. Бастары салбырап, сең соққан балықтай есеңгіреп отырғандар да бар. Б.Тоғ. ~ Бұрын көңіліне әлдене ұнамай қалса, бұрқылдап сөйлеп- сөйлеп алып сабасына түсетін, жер- жебіріне жетіп барып басылушы еді, енді сең соққан балықтай өзімен өзі мәңгіреді де жүреді. А.См.

Posted in

СЕҢ СОҚҚАНДАЙ

Мең-зең болып, есеңгіреу туралы. ~ Ертеңіне кеңсесіне де бармады. Бір күнде сең соққандай боп жүдеп шыққан түрімен ешкімге көрінгісі келмеді. І.Ес. ~ Студенттер біріне бірі адырая қарсып, аң-таң болып жүр. Бастары салбырап, сең соққан балықтай есеңгіреп отырғандар да бар. С.Ел. ~ Сең соққандай Қуан құп- қу боп тұрып қалды: «Уа, бұ қу тағдырға не жаздым- ей?! М.Сүн. ~ Қыз сол қалпы кете берді де бұл сең соққандай жол үстінде серейіп қала берді. Қ.Ысқ. ~ Кішкене балалар не істерлерін білмей, біресе пештің алдына үймелей отырып от жағып, масақ теріп, біресе терезенің алдына барып әйнекке тұрған қалың қырауды тырмалап, сыртқа сығалап сең соққандай күйде. С.Мұр. ~ Осыдан кейін не болғанын Болат онша жақсы білмейді. Ұзақты күнге сең соққандай мең-зең, шала ұйқы адамша сандалды да қойды. Тұла бойы қызып, басы айналды. Қ.Ысқ.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ БОЛДЫ

Бос әуреге түсіп, басы қатты, дал болды, ығыры шықты. ~ Ыстық көжесін бор- бор ұрттап, бойы жылынған соң, Соқпақбай отыра алмай, күшеніп жалтаңдай басып тағы жөнелді. Соқаң сергелдең бола тұрсын. Біз тор шолақтың ізін кесейік. Ж.Айм. ~ — Ел билігін, жер билігін алған соң, атамекендерін өз қандарымен бояп, қайда қаңғыртты? Өзіміз нағып келдік мұнда? Дүниенің бұлың- пұшпағына, қазақтың босқындары сергелдең болып кетті. Т.Рыск.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕРУЕН (СЕЙІЛ)

Бас аман, ден сау болса бәрі қызық д.м. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Сергелдең де серуен деген ғой. Жас кездеріңде бейнет көрсеңдер қартайғанда зейнет көресіңдер. Ж.Шәк. Менімен жақын сырласар, жанымды түсінер жолдастарым: «Сергелдең де серуен, қайшылықтардың ортасында өсіп жетілесің. Айтқаның ақиқат болса несіне қорқасың. Арың таза болса алған бетіңнен қайтпа. Көздеген бағытыңнан адаспасаң болғаны!» деп шабыттандырды. Ж.Шәк.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ ЖОЛ

Қалтарыс-қиындығы көп тағдыр соқпағы. ~ Өткен өмірімнен көріп отырсыздар, мен кішкене күнімнен-ақ сергелдең жолға түскен адаммын ғой. С.Мұқ. ~ Серке санды ат мініп сергелдең жолына түспегенмен селтеңдеп белсенді болған едік. Бірақ оның арты өкінішпен, өксікпен мұнасып, мұңға батқызып кеткен жайы бар. Б.Қыд. ~ Әкеме сауданың пайдасы аз уақытта ғана көрініп, көп жылдың бойына сергелдең жолдың бойымен қаңғырып киім-кешектен, төсек-орыннан, ыдыс-аяқтан жүдеген біздің үй, сыртына аппақ сүттей кигіз жамылумен қатар, кәзір жасау-жиһаз жағынан да, киіну жағынан да қазақтың ең салтанатты байына таласарлық. С.Мұқ.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛДЫ

Әуре қылып, ығырын шығарды. ~ Бір заманда дастарқанға тартылған тамағын әрең алып ішетін маңғаз әкемді сергелдеңге салып қойғаныма өкіндім, аптаға жақын жүріп аман келгенше береке таппадым. М.Мағ. ~ Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен. Ш.Мұр. ~ Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск. ~ Әли әйелі мен баласы жарты ауыз сөзден немесе қас-қабағынан түсінетініне іштей риза болса да, осынша сергелдеңге салған кеңес өкіметіне қаны қайнап-ақ тұр. Б.Тоғ. ~ Қоршаудағы әскерді сергелдеңге салып титығына жететін де, шыдам шегінен асырып ашындыратын да аса бір қиын ұрыс басталды. Т.Ахт. ~ «Махаббатымның маздаған шырағын тағдырдың қара күйесі өшірді ме? Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСТІ

Әбігер болып, мазадан айрылды. ~ Табысудың, қайтадан достасудың жолын іздейді. Жолымбет көп сергелдеңге түседі. «Неге бүйттім» деген ой ішін жегідей жейді. Н.Әбу. ~ Әлдеқайдан машинасымен құйындатып, Алтын тіс жетіп келді. — Ойбай-ау, қонағымыз жоғалып, сергелдеңге түсе жаздадық қой. Жападан-жалғыз не ғып жүрсіз? Той басталғалы жатыр,— деген. Т.Әл. ~ Бақытгүлдің ұйқысы келер емес, бүгін келуге уәде беріп кеткен күйеуі әліге жоқ, көзін қаншалық жұмса да, миы тынымсыз жұмыста, отағасының дала безер болғанына налып, сан оймен сергелдеңге түсіп жатты… Н.Абд. ~ Жаз бойы сергелдеңге түсіп, өзіне дамыл бермей, уайымнан түтігіп кеткен Нұрдәулет, Торғай даласында және одан шет алыс жерлерде сенделіп жүре берді. С.Дос. ~ Қайып біраз уақыт зорлықпен айырылып, сергелдеңге түсуі — қас дұшпанға тілемес тағдыр тәлкегі болды. Ү.Жәл. ~ . Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. І.Ес.