Posted in

СЕҢСЕҢ БӨРІКТЕЙ

Үп-үлкен боп дудыраған шашқа қатысты айтылады. ~ Жүрегім атқақтап кеудеме сыймай кетті. Өй, жарығым сол! Сорайып өсіп кетіпті-ау өзі. Дудыраған қара шашы сеңсең бөріктей. Кәдімгідей жігіт болып қалыпты таралып. Т.Сәу. ~ Сол келіншек күлгенде сенсең бөріктей дудар басын шалқайта, көзін кейін қарай төңкеріп тастап, рақаттана күледі екен, ал оның өзі тынымсыз күле бергендіктен бе, көзі шел басқандай соқыр болып көрінеді екен. В.Рас.

Posted in

СЕПТІГІ (СЕП) БОЛМАДЫ

Көмектеспеді, пайдасы болмады. ~ Саңғал киізден сығалаған аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жайраңдаса да, телегей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ, жанын жанышқан қараңғылық қараңғы дүниені аңсатты. Ж.Айм. ~ Ерсіліқарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады. Ж.Айм. ~ Сансыз көп әскер төгіп, құртымдай айыропландар ұшырып, титімдей түтік жаудырып, қайткелі жүргенін қайдан білсін. Өкіметтің жарнамасы түкке де сеп болған жоқ. Ж.Айм. ~ Әкем марқұм айтып отырушы еді: "Жаманның мал табуға кемдігі жоқ, бірақ адамдыққа септігі болмайды, — деп. О.Сәр.

Posted in

СЕПТІГІ ТИДІ

Пайдасы болды, көмегі тиді. ~ Ұжым қабырғасы қайысса-дағы қалт-қалт етіп құламай қалды, бірден-бірге селбелесті, септігі тиді, соғыс біте шаруа қауымы да еңсесін тіктеп алды. Д.Дос. ~ Басын шайқайды. Әрине, ештеңенің қажеті жоқ. – Уақыт өткізуге септігі тиер, ертеңмен стол сағатымды әкелсем қайтеді? М.Қаб.

Posted in

СЕРГЕК ҚҰЛАҚ

Алғыр, зерделі, сақ адам. * Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ, «Бәлі» деп бас тұқырған төмен құлап. Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап, Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ. І.Жанс. ~ Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады. Б.Мом.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ (КҮЙ) КЕШТІ

Әуре болып, ығыры шықты. ~ Замана дауылы ала құйын ұйытқып соққанда сергелдең кешкен халық қайғысы еді. С.Ел. ~ Борап, ұйтқып соғар тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің селт етпейтін сергелдең күй кешесің, әйтеуір, басынан кене шаққан адамдай мең- зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер. О.Бөк.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ БОЛДЫ

Бос әуреге түсіп, басы қатты, дал болды, ығыры шықты. ~ Ыстық көжесін бор- бор ұрттап, бойы жылынған соң, Соқпақбай отыра алмай, күшеніп жалтаңдай басып тағы жөнелді. Соқаң сергелдең бола тұрсын. Біз тор шолақтың ізін кесейік. Ж.Айм. ~ — Ел билігін, жер билігін алған соң, атамекендерін өз қандарымен бояп, қайда қаңғыртты? Өзіміз нағып келдік мұнда? Дүниенің бұлың- пұшпағына, қазақтың босқындары сергелдең болып кетті. Т.Рыск.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕРУЕН (СЕЙІЛ)

Бас аман, ден сау болса бәрі қызық д.м. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Сергелдең де серуен деген ғой. Жас кездеріңде бейнет көрсеңдер қартайғанда зейнет көресіңдер. Ж.Шәк. Менімен жақын сырласар, жанымды түсінер жолдастарым: «Сергелдең де серуен, қайшылықтардың ортасында өсіп жетілесің. Айтқаның ақиқат болса несіне қорқасың. Арың таза болса алған бетіңнен қайтпа. Көздеген бағытыңнан адаспасаң болғаны!» деп шабыттандырды. Ж.Шәк.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢ ЖОЛ

Қалтарыс-қиындығы көп тағдыр соқпағы. ~ Өткен өмірімнен көріп отырсыздар, мен кішкене күнімнен-ақ сергелдең жолға түскен адаммын ғой. С.Мұқ. ~ Серке санды ат мініп сергелдең жолына түспегенмен селтеңдеп белсенді болған едік. Бірақ оның арты өкінішпен, өксікпен мұнасып, мұңға батқызып кеткен жайы бар. Б.Қыд. ~ Әкеме сауданың пайдасы аз уақытта ғана көрініп, көп жылдың бойына сергелдең жолдың бойымен қаңғырып киім-кешектен, төсек-орыннан, ыдыс-аяқтан жүдеген біздің үй, сыртына аппақ сүттей кигіз жамылумен қатар, кәзір жасау-жиһаз жағынан да, киіну жағынан да қазақтың ең салтанатты байына таласарлық. С.Мұқ.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛДЫ

Әуре қылып, ығырын шығарды. ~ Бір заманда дастарқанға тартылған тамағын әрең алып ішетін маңғаз әкемді сергелдеңге салып қойғаныма өкіндім, аптаға жақын жүріп аман келгенше береке таппадым. М.Мағ. ~ Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен. Ш.Мұр. ~ Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск. ~ Әли әйелі мен баласы жарты ауыз сөзден немесе қас-қабағынан түсінетініне іштей риза болса да, осынша сергелдеңге салған кеңес өкіметіне қаны қайнап-ақ тұр. Б.Тоғ. ~ Қоршаудағы әскерді сергелдеңге салып титығына жететін де, шыдам шегінен асырып ашындыратын да аса бір қиын ұрыс басталды. Т.Ахт. ~ «Махаббатымның маздаған шырағын тағдырдың қара күйесі өшірді ме? Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск.

Posted in

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСТІ

Әбігер болып, мазадан айрылды. ~ Табысудың, қайтадан достасудың жолын іздейді. Жолымбет көп сергелдеңге түседі. «Неге бүйттім» деген ой ішін жегідей жейді. Н.Әбу. ~ Әлдеқайдан машинасымен құйындатып, Алтын тіс жетіп келді. — Ойбай-ау, қонағымыз жоғалып, сергелдеңге түсе жаздадық қой. Жападан-жалғыз не ғып жүрсіз? Той басталғалы жатыр,— деген. Т.Әл. ~ Бақытгүлдің ұйқысы келер емес, бүгін келуге уәде беріп кеткен күйеуі әліге жоқ, көзін қаншалық жұмса да, миы тынымсыз жұмыста, отағасының дала безер болғанына налып, сан оймен сергелдеңге түсіп жатты… Н.Абд. ~ Жаз бойы сергелдеңге түсіп, өзіне дамыл бермей, уайымнан түтігіп кеткен Нұрдәулет, Торғай даласында және одан шет алыс жерлерде сенделіп жүре берді. С.Дос. ~ Қайып біраз уақыт зорлықпен айырылып, сергелдеңге түсуі — қас дұшпанға тілемес тағдыр тәлкегі болды. Ү.Жәл. ~ . Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. І.Ес.