Қолыңнан келгенін істей бер д.м. ~ Тоқтама, түгі… Ора бер! Көрейін мен бұдан келген керді!- деп, Әзімбай қамшысын сығымдап алды. Осы кезде Әбді мен Сержан, Асқар үшеуі «е» дескендей ытқып барып, орақшылардың жолына қарсы басып тұрыса қалды. М.Әу. ~ Солай ма? Ақыры жауап береді екенмін ғой, сенен келген керді бір– ақ көріп алайын… Жігіттер, жығыңдар мына иттің баласын! Қ.Жұм. ~ Ызаға булыққаны сонша, ол енді ентігіп, теріге жаққан идей майлы тер семіз бетіне шып–шып шықты. – Ә, залым! Сазайыңды берейін… Сенен келген керді кейін көрермін. Ә.Нұрп. ~ Бөжей оны қатты серпіп жіберіп, тоқтатып: – Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді көрермін! -деді. М.Әу.
Автор: Админ
СЕНЕН АЯҒАНДЫ ИТ ЖЕСІН
Сенен ештеңені аямаймын ғой д.м.* – Сенен аяғанды ит жесін. Не кием десең де дүние жетеді ғой. Көңіл қалдырар қияпат білдірмеші. Р.Рай. * … шеттен келіп алақан жайған мүсәпірмиллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Т.Сәу. * — Оу, ақсақалдар, ұсақ жоқ деймін, міне, көздерің көрсін. Бұйырмасын. Сіздерден аяғанымды ит жесін! К.Хамз. * − Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші,- деп, қабының аузын қайтадан шешті. С.Мұр. * — Ойбай- ау, болса сіздерден аяғанымды ит жесін. Қайтейін оны…— Жүсіп қарт бірді айтып, бірге кетіп тұр. М.Сүн.
САЯТ ҚҰРДЫ
Аңшылықпен айналысты. * Сонымен он екі би ордада жата берді. Хан ұлы түздің құланы мен киігін құртпай қайтпайтындай самиян далада саят құрып жүре берді. Ә.Кек. * Ойы — орыс елшісімен мәмлесі көңілдегідей шығып жатса, мынау домалақ төбенің бауырайының бәрін жер ошаққа толтырып, төбесіне кілем жайып, күллі ұлыстың ауызынан ақ май ағызып, Маңтөбенің атын Майтөбеге аудару, жер түбінен келген шаруасы діттеген жерінен шығып, дені жайылған құрметті қонақпен айлап саят құрып, Аманкөлдің айдыны толы құсы мен жынысы толы қабанын атқызу. Ә.Кек.
СЕБІ ТИДІ
Пайдасы болды, көмегі тиді. * Әдебиеттің күшеюіне осы күнгі ақындардың үлкен себі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңінің бәрі маңызды болып, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр. Бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады және Һәр ақынның беті Һәртүрлі. Ж.Айм. * − Ертеңіміз осы. Бәйге жариялап ек, облыс архитекторлары тез арада жасап берді. Қаланың бас архитекторы біздің жеткіншегіміз еді, сол кісінің себі тиді. М.Қаб. ~ Менің әкем мен Смағұл тәтем колхоз жұмысынан мойындары босаған соң жанбағысқа себі тиер дейді де, енді осыған жалданады. Б.Соқ. ~ Қайтайын десем көңілімде дық қалды: ол неге менің ауруымды сұраудың орнына бұл ауруханаға қалай түскенімді, кімдердің себі тигенін сұрай береді! Ә.Тар. ~ Зәуреш Ленинскіде жүргенінде, бірде хат арқылы Жомарт оған күнделік жаз деп кеңес берген. «Орысша жаз. Тілді жақсы меңгеруіңе себі тиеді. Ә.Әл.
СЕБІН ТИГІЗДІ
Көмегі, ықпалы болды, пайдасын тигізді. ~ Осы сапарымда Сәбең қазақтың жақсылары мен жайсаңдардың танып-білуіме, сыйлас болуыма көп себін тигізді. Ә.Нұрш. ~ Осман болса ол да бір күн барып қол ұшын бере алмай, аңдушының көзіне түсіп қалмау сақтығымен қазақ ауылында тығылып жатты. Бұлардың ісіне тек Қарымсақ көп себін тигізді. Ж.Ахм. ~ … қамшы сабындай қысқа тағдыр жолында азды-көпті себін тигізіп, көптеп көмектескен өлі, тірі жандардың демеуін анық сезді… М.Қаб.
СЕГІЗ БАТПАН
Өте ауыр, зілдей. ~ Жанындағы серіктерінде де үн жоқ. Қалай үндесін, бағанағы ауылдағы көрген көріністері екі иіндерінен сегіз батпан ауыр жүктей жерге жанши түсіп, бастарын көтертер емес. І.Ес. ~ Өлтірейін мен,— деді.— Менен күші әкемнің Бір батпандай артық-ты. Әкемнен күші мұның да сегіз батпан тартыпты. А.Байт. "ҚҚҚ".
СЕГІЗ КЕССЕ СІРКЕДЕЙ ҚАН ШЫҚПАЙДЫ
Безеріп, міз бақпайтын, қатыгез, сезім атаулыдан ада адам туралы. ~ Сегіз кессе сіркедей қан шықпайтын топас әкенің сорақы қылығына ішім күйеді. «Асықпай тұра тұр, Тоқсанбай, қыбыңды бір табармыз»,- деп сырттан кіжінемін. С.Ом.
СЕГІЗ ҚИЫРЫ ТҰТАС
Кемеліне келген, мақсат-мүддесіне жеткен д.м. ~ Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, “Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем! ”, – деп тұрған дер шағы. Т.Жұрт.
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ
Неше түрлі өнері бар, қолынан келмейтіні жоқ, жан-жақты адам туралы. ~ Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы, Өнері өзің теңдес сегіз қырлы, Шеберден мін алатын мініскермін, Ер шығар тоты құстай неше түрлі. Біржан сал. ~ Алтын сақина салған салалы саусақтарымен мақтадай ақ бөлкені үзіп аузына дамыл-дамыл салып, майлы жұмыртқаны жеп отырған Субай осы отырған жастарға белгілі кісі. Өзі шешен, іскер, қалаға да, далаға да бірдей, сегіз қырлы, жылпың жігіт. І.Жан. ~ Рас, Ақан серідей көрікті, сөзге де, әнге де ұста, сегіз қырлы жігіт ілуде біреу болмаса, жиі кездесе бермейді. С.Жүн.
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Неше түрлі істің тетігін білумен қатар, сан түрлі өнері бар, жігіттің сұлтаны. ~ Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт. Жорғадай тілі майда жүріс болса. Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз, Еткені берекелі жұмыс болса. Ақан Сері. ~ Мұхаммед – Қанафия жас кезінен – ақ сегіз қырлы бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Н.Әбу. ~ Әуезов кәдімгі қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін кісілікті Кісісі, Ұлы тұлғасы. З.Қаб. ~ Сәйгүлік аттардың, сайыпқыран құстардың бабын бес саусағындай білетін сахи саяткердің сегіз қырлы, бір сырлы білгір тұлғасы мүсінделетін көз алдында. Ғ.Біл. ~ Ал бір кезде күллі Россияны дүрліктіре жаздаған қолынан келмейтіні жоқ сегіз қырлы бір сырлы Василий Никитичтың отырысы мынау… Ә.Кек.
