~ Мақал-мәтелдер сол себепті де сезімді селт еткізіп, ақыл-ойға сәуле шашады. Ө.Айт.
Автор: Админ
СЕЗІМІ ОЯНДЫ
Сана-сезімі артты. ~ Әлде Мәскеуде университетте оқыған неміс әйелінің адамгершілік сезімі оянып, оғанжан ашырлық істеп жүр ме? І.Ес. ~ Бұл бағытта революциялық сана-сезімі жоғары орыс пролетариатының соңына қазақ елінің сезімі ояна бастаған алдыңғы қатарлы ұл-қызы ерді. І.Ес. ~ Төңкерістің тарихи алғашқы толқынымен бір аударылып түскенге дейін, жүрегінде алғашқы рет тап сезімі оянғанға дейін, Саналының кегі, ашулы түйіні, өзіне ғана жәбірлік еткен Бұзаубайда ғана болды. М.Дәу. ~ Мына жігіттің жанын сонша егілткен ол қандай қыз екен? Кімге арнап шығарды? Балғын қыздың көкірегінде бірінші рет қызғаныш сезімі оянды. З.Шүк. Көңілі түсті, сүйіспеншілік сезімі пайда болды. ~ Ауылдас болып, өзінің Байтабынға айттырылғанын білетінАқбөкен оған деген отты сезімі оянбаса да, біртүрлі жылы тартып, іштей оны өзіндік санап, жақсы көре бастаған. І.Ес.
СЕЗІМІ СЕЛТ ЕТПЕДІ
Немқұрайды күйін өзгерткен жоқ. ~ Борап, ұйтқып соғар тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің селт етпейтін сергелдең күй кешесің, әйтеуір, басынан кене шаққан адамдай мең- зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер. О.Бөк.
СЕЙІЛ-СЕРУЕН ҚҰРДЫ (ЖАСАДЫ, САЛДЫ)
Көңіл көтеріп, сауық құрып, сайран салды. ~ Е, колхоз бізді сейіл-серуен құр деп қостап шығарып отырған жоқ. Оны сен тегі шам қылма, Оспанқұл, білдің бе? — деді. М.Әу. ~ Ал мұны бастан кешпей сауық-сайран, жеңіл-желпі сейіл-серуен құру — серілікке жатпайды. Өйткені серілік басқа, секектеу басқа!.. И.Сап. ~ Сол шектеулі сызық арқылы өтетін қозғалыс екі жақты болды, жұрт көңілдестік танытып, әуелі бір топқа, сосын екінші топқа қосылып, әрлі-берлі сейіл-серуен құратынды шығарды. В.Расп. ~ Өздеріңіз де білесіз, бұл арада телегей-теңіз шалқып, үлкен кемелер жүзеді әлі, жұрт сейіл-серуен құрады… В.Расп. ~ Біздің барған кезіміз соғым уақыты еді. Олар жеңіл шанаға қос-қос ат жегіп, сейіл — серуен салады екен. С.Бег
СЕЙІЛ ДЕ СЕЙІЛ, СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕЙІЛ
Ер жігіт кез-келген жағдайда ұнжырғасын түсірмейді д.м. ~ Мейлі енді, «жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деген. Көрмеген жеріміз ғой, көріп қайтармыз азар болса. Әйтпесе біздің адресімізді кім іздеп тауып алмақ. Ұзынағашқа келгеніміз де жаңа. Б.Қыд. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Марлен адам болды. Азар болса мені қамар, Владиленаны мықтағанда балалар үйіне берер. Ал Марлен азамат, ол үшін сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл. Б.Қыд.
СЕЙІЛ ҚҰРДЫ (ЖАСАДЫ, ЕТТІ)
Серуен салды, көңілін көтерді. ~ Күніне екі мезгіл лагерьдің ортасындағы барактардың лагерь қақпасы жанындағы тікен сым шарбақ ішіндегі тағы да сыммен қоршаған кең жерге сейіл құрып жүріп келеміз. С.Сей. ~ Шынармен өзен жағасында, орман ішінде сейіл құрып, оңаша тілге алмақ еді, сыр түймек еді. Т.Әл. ~ Осындай біраз сейіл жасап үйге қайтқанда, бұны тосып отырған күйеу «бір оңаша сөзім бар» деп бұны тысқа шақырды. М.Әу. ~ Ел орынға отырар шақта Мұхтар: — Жақа, мына көлді жағалап біраз сейіл етелік, — деп Жақанды ертіп далаға, қол жиегіне бет алды. С.Бег.
СЕКЕК АТТЫ
Ұшып-қонып, бір орында тұра алмады, секеңдей берді. ~ Саппен бірге аяғын аңдып басып, секек атып, өлеңдетіп келеді: « Бұ не деген: бұнт! … төңкеріс! Ән… күй, сырнай– керней… жылағың келеді… Әлі соғыс неге болмады?… Ұғымсыз бірдеңе… Жұрттың бәрі мәз – мейрам, тойдағыдай…» Ж.Айм.
СЕКЕК ҚАҚТЫ
Секіріп, секеңдеп, маза таппады. ~ Тап осыны күтпеген менің есім шығып кетті. Әлден уақытта сәл шегініп бұрылды да, секек қағып ерекше бір сәнменен біраз жерге дейін би леп барған ақ марал маған қарап тағы да тоқтай қалды. С.Ғабб. ~ Бұғынып қап, бұға қалып, секек қағып не қилы қимылмен көрер көзді алдаусырату — асқан шеберлікті қажет ететін машық екен. Ө.Кәр. ~ Бір уақытта сол жағында тұрған шоқ қамыстың ішінен салдыр-күлдір ете қалған дыбысқа жалт қарады. Секек қағып тұсауымен қамыс арасынан шыға келген торы атын көріп қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. С.Ғабб.
СЕКЕМ АЛДЫ
Сезіктенді; күдіктенді, қорықты. ~ Қай-қайсысының да бар сырын біліп ап, өз сөзімен өзін матап қояды. Сондықтан да бағыныштыларын ештеңеден секем алдырмай, еркін сөйлетіп бағады. Ә.Кек. ~ Ытқыған сайын бірер күн жоғалып, «әке-шешенің» ашуы басылғанда келіп, қой соңына әрең еретін болыпты. Бұл қашағандықтан Бекназар секем ала бастады. Қ.Шаб. ~ Әуелде қажасу қайтадан ұшықты ма деп секем алған Елтай мына кеңкілден кейін Сүкең мен шофер жігіттің әкесі — Сәрсенбінің төс қағысқан дос екенін ұқты. М.Қаб. ~ Қызының әп-сәтте өзгеріп, ерекше бір көңілді күйге енгенінен жанашыр ана түк секем алған жоқ. С.Жүн.
СЕКСЕУІЛДЕЙ ҚАТТЫ
Иілмейтін, сынбайтын, сіресіп қалған. ~ Екіжүзділік ездің еншісі деп білетін. Түз тағысындай мықты, сексеуілдей қатты еді. Б.Құр. ~ Оның бейнетқор қазақ екені күнге күйіп, желге тотығып көнтектелген бет-жүзінен, сексеуілдей қатты, қарулы қолынан-ақ көрініп тұр. Ш.Айт. ~ Жұмысқа тарағандар, Сырбайдың бұл қылығына әртүрлі баға берісті. -Мынауың сексеуілдей қатып қалған бірдеме екен қой!.. — десті біреулер, — мұнда әкелік жүрек жоқ екен ғой! С.Мұқ. ~ Парманбектің желге тотыған, көнтектелген бет-әлпетінен бейнетті еңбекті, сексеуілдей қатты, қарулы тарамыс қолдарынан талай жүген ұстағаны байқалып-ақ тұр. АҚ "Сексеуіл".
