Құмары қанды, шері тарқады. ~ Бірақ, бәрібір тұтас көлді сарқыса да сарығы басылып, кенезесі кепкеннен, дүлей шөлден арылар түрі жоқ. Е.Зейіп. ~ Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең тартып тұра қалды. Қ.Тол.
Автор: Админ
САРЫҚ БАСТЫ
Құмарынан шықты. ~ Сен өзің қалай, тартпайды екенсің осы! Шылым деген құр сарық басу ғана емес, сол сарық басудың шырайы мен шырқы ғой бір. Л.Тол. ~ Көк шалғын, көк орайлы, әсем гүлді, Бір теңіз шалқып жатқан көлге келген. Су жұтып, сарық басып отырғанда, Бір балық жақындапты шоршып көлден. БС "Кезбе шал".
САРЫП ҚЫЛДЫ
Барын сарқа пайдаланды, жұмсады. ~ Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Абай. ~ Бұл бұйрықты Хабалов та, Белецкий де орындамайын демейді. Бар ақылын, бар күшін сарып қылады, бірақ әлдері келмейді. С.Мұқ. ~ Таңданады сол тойға халық тұрып (қызық думан көрген бе жалықтырып!), жарқылдасып жүреді ағаларым жиған-терген дүниені сарып қылып! Ф.Оңғ.
САСЫҒАН ЕТКЕ БОРСЫҒАН МАЙ
Әр нәрсенің (әркімнің) өзіне лайығы бар д.м. ~ Мен сіздің сол указнай молдаңыз Сұрқожаңызбен сөйлестім. Керек болса сол өзі айтып отырған араб дін ғылымынан түк хабары жоқ. Қарасын да жете танып, дұрыс оқи алмайды. «Ағама жеңгем сай, сасыған етке борсыған май», ана Әбен сияқты надан болысқа, өзі сияқты қорқау надан серік керек. С.Бег.
САСЫҚ (АШ) КҮЗЕНДЕЙ ШАҚЫЛДАДЫ
Айқайға басты, өршелене салғыласты, шаптығып, шабаланды. Шаптығып бет бақтырмады, шабаланды. ~ Міне, бұл енді қазір қылыш асынып алған. Қолында қағаз. Сасық күзенше шақылдап, зекіп, кекетіп, большевиктерді қатарлап жатыр. С.Сей. ~ Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті. І.Ес. ~ Қадалған жерінен қан алар шақар еді. Шеке тамыры шоттиып, қып-қызыл боп сасық күзенше шақ-шақ етті. С.Елу. ~ Татар тілмаш аш күзенше шақылдайды. С.Смат. ~ Сасық күзен секілді шақылдама, Сенен бұрын туғанмын, тіліңді тарт. Шөже.
САСЫҚ АУЫЗ
Өсек тасып, әр нәрсені қоңырсытатын, бәтуасыз адам. ~ Жалмұқан осы тұста басын көтеріп алып, шын ба, рас па, не айтып отырсың дегендей, көзі жасаурап кетті. — Сен болсаң алмай жатып, елдегі сасық ауыздарға қосылып, бірге байбалам салдың. Мені сыйламасаң да, өзіңді сыйласаң етті. С.Жүн. ~ …көре алмаған көп жаманның, тауы шағылған мәжнүндердің қолдары жетпеген соң кек алуды, мұқатуды көздеген "ауылдың сасық ауыздарының" нақақ жала, қаңқу сөздері де мазаны алып, берекені қашыра берген. Ә.Тар.
САРЫ БАЛАҚ ТАРТТЫ (САРЫ БАЛАҚТАНДЫ)
Сарғайып, пісіп қалды. ~ Осы бір жалпақ жазықта көзге ілінер де сол екеуі ғана. Қай бетке қарасаң да, болат доңғалаққа келіп соғылар сары балақ тартқан егін теңізі тұп-тура темір жолдан басталады да, көз ұшына дейін құлдырап арманға алысқа кете береді. С.Шай. ~ Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. І.Ес.
САРЫ БЕЛ
Алыстан мұнартқан бел-белес; кең дала. * Сауыны боп зарлағанда боз інген, Шабыттанып самғағанда жас қыран. Сары белден салқын самал ескенде … Ж.Айм. * …Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында — сары бел. Сары белдің бауыры — сағым ба, әлде шалқар көл. Д.Әш. * Самал желді, сары белді, шалқар көлді, керіліп жатқан кер дала, асқақтаған асқар тау. Ә.Әбіш.
САРЫ БИЕ САМАУРЫН
Үлкен жез самаурын. ~ Бұлар сол ретімен ақсақалға таяу жерден орын алды. Қонақтар амандасып, жайланған кезде үлкен көк дастарқан жайылып, бауырсақ шөмеле боп төгіліп, ақ тарелкамен екі жерден сары май қойылып, сары бие самаурын күжілдеп үйге кірді. Ж.Айм.
САРЫ ЕЗУ
Жұмыртқадан жаңа шыққан балапан. * Балапандар сары езу, қораптарын жарады, Бақа-шаян, құрттар да, өсіп-өніп барады … М.Мақ. ~ Буылдыр сағым ішінде дедек қаға шырылдаған сары езу балапанның шошынған жан түршіктірер қорқынышын тап осы қазір тағы да қайыра сезініп отырғандай. С.Ғабб. Буыны қатпаған, өмірді көрмеген, шикі. * Ондайлардың көбі сол Одақ кезінде өсіп-жетілген, өзіне лайықтаққа отырған, ат-атақ алған, шен таққан шенеуніктер екені, соларға еліктеуші- солықтаушы сары езу жастар екені өкінішті. Ғ.Қаб. ~ Бұра тартып, Бұлдаған бірдемесін Кісімсінген немелер кімді елесін. Саясаттың сары езу сабаздары, Бір сөзіме тати ма күллі егесің?! Тікенектей қылтиған тірі Елесім, Сонша неге шалқайып, шіренесің? И.Сап.
