Posted in

САРЫ АРҚА

Алысқа созылған ен дала, жазық өлке; кең жайылым. Поэтикалық ұғымға айналған теңеу. * Сары арқаны сайраңда, Жайыла бер жұлым көк. С.Мәул.

Posted in

САРЫ АТАН

Көш алдында жүретін, үлкен, жүкке шыдамды түйе. ~ Ақ қарабас ылақайына қызыл шашақ тағып, үкілеп, ат қып мініп, өзі құрбы балалармен жарысар еді. Жатқан сары атанның үстіне бала біткен жабылғанда, атан ұшып түрегеліп, балалар өркешіне, мойнағына жабысып «жығылдым, жығылдым!» деп шуласар еді… Ж.Айм. ~ Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып: – Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! — деді. М.Әу.

Posted in

САРЫ АУЫЗ

Қанаты қатпаған, тәжірибесіз. * Аталмыш әңгіме жүйесіне орынсыз қыстырылған, сарыауыздыққа салынғаннан басқа бітірері жоқ «қожайын» Дәулет атты кейіпкер туралы да осыны айту керек. Ш.Елеу. ~ Арман қазір қарын шашы алынбаған, сары ауыз бала емес. Бәрін түсінеді. Н.Кел. ~ — Әй, осы менің бойыма қараған кісі неше жаста деп ойлайды? деп сұраған. — Нешеде деуші еді? Он сегізге жете алмай жүрген сары ауыз дейді де. К.Сег.

Posted in

САРЫ АУЫЗ БАЛАПАН

Бұғанасы қатпаған, өмірді көрмеген, тым жас. ~ Жасы да үлкен, көргені де көп Сәдуақас мені сары ауыз балапан көреді де, қамқорлығына ала жүреді. С.Шайм. ~ Бәкеннің Алып Сарысы, оң жағында отырған екі үндемеске анда-санда көз қиығын тастап қойып, бір кездерде өзінің де осылардай тұйық болғанын, ештеңенің мәнін білмейтін "сары ауыз балапан" болғанын есіне алып, аналарға байқатпай жымиып қойды. Ә.Тар. ~ Казарманың ортасына орындық қойып, үстіне сары ауыз балапандардың бірі шығады да: – Господа офицеры! День прошел! – дейді салтанатты үнмен саңқылдап. Т.Сәук. ~ Ол осы бозкөденің түбінде жұмыртқа басып, ұрпақ жетілдірген, сары ауыз балапандарын ұшырған еді-ау. Ғ.Біл. ~ Айнала жүгіріп, бебеу қаққан сәбиімен істері жоқ. Әлден уақытта сәби бейне темірқанат сары ауыз балапанға айналды да, өз бетіне ұшып ұзай берді. С.Ғабб. ~ Жаңа салған ұясына жасау іздеп, өмірдің табалдырығынан енді ғана аттағалы тұрған бұл екі жан өндірдей жас еді, жігіт әлі жас бала тәрізді науша болса, қызды сары ауыз балапан десе болғандай. Дж.Лонд.

Posted in

САРЫ АЯЗ

Қақаған суық, аязды күн. ~ Танауымыздан ақ буды паровозша будақтатып, ұйқыға да кетеміз. Бір ғана жаманы — ертесіне тұрғанда қиын. Айнала қысқан сары аяз басыңды көтерсең — ақ бас салып, жылы төсекке қорғалата береді. С.Шай. ~ Сабыр, келін, сабыр! — деп шал сары қатынмен еріп осы үйге қаңтардың сары аязы кіріп кеткендей сеңсең тұлыбын қаусыратып алды. Қ.Ысқ. ~ Сұп-сұр бұлттардың алпы-салпы су етегі жер сыпырады. Сақылдаған сары аязда дыңылдап ән салатын зар жақ телеграф бағаналары үнсіз. М.Қаб.

Posted in

САРЫ АЯҢ

Аттың баяу, бірқалыпты, мардымсыз жүрісі. ~ Мүшелік жер сары аяңмен жүріп келіп, бірер шақырым жолды желіп алумен өндіріп келе жатқан қызыл нар аздан кейін артта қалды. Өзен бойынан ұзаған сайын жол да қуқылдана бастады. Х.Ес. ~ Салпаңқұлақтың сары аяңы үйіне жеткізді. Д.Дос.

Posted in

САРЫ БАЛАҚ ТАРТТЫ (САРЫ БАЛАҚТАНДЫ)

Сарғайып, пісіп қалды. ~ Осы бір жалпақ жазықта көзге ілінер де сол екеуі ғана. Қай бетке қарасаң да, болат доңғалаққа келіп соғылар сары балақ тартқан егін теңізі тұп-тура темір жолдан басталады да, көз ұшына дейін құлдырап арманға алысқа кете береді. С.Шай. ~ Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. І.Ес.

Posted in

САРЫ БЕЛ

Алыстан мұнартқан бел-белес; кең дала. * Сауыны боп зарлағанда боз інген, Шабыттанып самғағанда жас қыран. Сары белден салқын самал ескенде … Ж.Айм. * …Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында — сары бел. Сары белдің бауыры — сағым ба, әлде шалқар көл. Д.Әш. * Самал желді, сары белді, шалқар көлді, керіліп жатқан кер дала, асқақтаған асқар тау. Ә.Әбіш.

Posted in

САРЫ БИЕ САМАУРЫН

Үлкен жез самаурын. ~ Бұлар сол ретімен ақсақалға таяу жерден орын алды. Қонақтар амандасып, жайланған кезде үлкен көк дастарқан жайылып, бауырсақ шөмеле боп төгіліп, ақ тарелкамен екі жерден сары май қойылып, сары бие самаурын күжілдеп үйге кірді. Ж.Айм.

Posted in

САРЫ ЖАҒАЛ

Сарғыш реңді басымырақ аралас түсті. ~ Мұнда бір соғып кетсе болғаны, бұрын көргеннің бәріне алақтап, аралап жүріп алады, шыға алмай қалады. Ауылдың барлық қарала-сарала иттері мен сары жағал, көк жағал лақтарына дейін аралайды. Ғ.Мүс. ~ Өзімен бірге үні де өше бастапты. — Ааа, ууу, ааа? Өзімен қоса үні де келмеске кете бастаған Кербұғы сонау сары жағал таудың ар жағындағы үшпа басы аппақ қар теңдеп, мұнартқан шоқыға қарады. О.Бөк. ~ Күн бесіннен ауа бұлақ басында жатқан отар шымқынып жәйіліп, қыбырлап ере бастады. Арқаға қарай, әлгі өліктер жатқан ашық сары жағал алапқа таман беттеді. С.Ел.