Сырт көз үшін жасалған ниетсіз, жалған ілтипат. ~ Ал сендерге бостандық беремін. Бостандық болғанда — бетің ауған жаққа жүре бер деген сарт мезірет емес, жаңа үкіметпен жанастырып кетемін, — деді. Ә.Тар. ~ Атып тастайтындай абыройы былғанған жоқ. Оған көкте құдай, жерде Балдамша куә. Менікі сарттың мезіреті. – Жә, қой оны, шаруаға көш. Н.Дәу. ~ Жігіттің мұнысы сарт мезірет екенін іші сезіп тұрғанымен, айтарға сөз таппай, сасқалақтап қалған. Н.Қам.
Автор: Админ
САРША (САРЫ) ТАМЫЗ
Шілденің шіліңгір ыстық кезі. ~ Осындай бірін–бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. І.Ес. ~ Талас алқабын жайлаған қырғыздар арасында бір аңыз бар. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Бір жігіт Талас өзенін көшіп өтпек болады. Ш.Айт. ~ Қырық күн шілденің сары тамызында қойды, өз қойымды түнде, ең болмағанда таңғы және кешкі салқында жаймақ ойым бар. С.Бақ.
САРША БЕСІН
Түстен кейінгі, екіндіге таманғы уақыт. ~ Сарша бесінде екі салт атты сар желіп Алабастың қойнауына кірді. Бірінің астында семізден қатқан қара аты бар, бірінікі торы байтал. Ж.Айм. ~ Мамырдың мамыражай сәті ғой. Күн демалыс-тын. Сарша бесін кезі болар. Арасында ұйыт—қыта соққан майда жел қа-й—ың, терегі аралас қалың ағ-аш жапырақтарын ақырын тер-беп, сыбдыр қақтырып қояды. М.Мұқ.
САРША ТАМЫЗ
Алтын күз таяп қалған уақыт. ~ Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. А.Байт. ~ Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз, Жанында қан, малында қалмаңыз. Оразаның күні еді сол уақытта, Бұл күнде оразаны не қыламыз! Ж.Жаб. * Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір, Сарша тамыз, сарғайттың-ау! Қаңсыдым. Сеңгір-үміт, селдіреме. Сенемін, (Мен де өзімше жақсылармен тең едім) … А.Түс. ~ — Неткен қайсар өзің де, Бір өлермен баласың! Сарша тамыз кезінде Қайда тартып барасың?! Ғ.Қай. ~ Сарша тамыз ішінде, Ыстық еді күн неткен. Жасыл барқыт пішінде, Жайқалып тұр ну біткен. С.Мәу.
САРЫ (САР) ЖАМБАС БОЛДЫ
Ұзақ жатқаннан, бір жерде отырғаннан мезі болды, жамбасы тесілді. ~ Біле білсе, сол ата-баба да бір жұртта сары жамбас боп шаңға көміліп отыра бермей, жанталасып малы мен жанына өріс іздемеп пе еді? Ә.Нұрп. ~ Сары жамбас болып, түгіне су өткен, қыстың аязынан әрең шыққан арық қойлар құйрықтары бүрісіп, қиқым сиқымды теріп жеген болады. Ж.Нәж. ~ Естерек Жаманбайұлы ақсақалға Сапырып тұр Желтоқсан ала шаңын, Мықыр аспан. Мүжік тау. Аласа қыр. Төсек тартып қалыпты сар жамбас боп, Іздеп келген алыстан қара шалым. С.Нұрж.
САРЫ АЛА ЕТЕК
Күнделікті күйбең тірлік, ауыр жұмыстан салақсып, сарытап болған әйел туралы. ~ Онысы өзге емес, сол қалың қойды ертелі-кеш тынымсыз бағып-қағу. Қозы алу, қозы салу, қой сауу, құрттаған, биттегенімен алысу. Шалдың айғайымен бірге секіріп тұрып түн ұйқыны төрт бөліп, қалғи-шұлғи жүріп, сары ала етек боп сарп ұру… М.Әу. ~ Он екі жыл бойында мынау әйелім Қатша шешеңнің Қызыл бәйбішенің қолында сары ала етек күң болып, отымен кіріп, күлімен шықты. Сол бәріміз кеше қасыңнан кеткенде немен шықтық? Екі қолымызды мұрнымызға тығып шыққанымыз жоқ па? М.Әу. * — Неге жығушы еді?! Көшеміз — дағы! Сарыала етек боп саздың үстінде отыра бермексің бе?! Бие байлайтын уақыт та таяп қалды. Қ.Ысқ. * Бірер балалы болған соң асау сезім жуасиды, арман болған махаббат ұмытылады. Ауылдың сары ала етек сарпылтаң көп бәйбішесінің бірі болып шыға келеді. Ә.Асқ. ~ Кейде жақсылығына жан жетпейтін жайсаң адамдар бір перзентке зар болып күстаналанып өтеді. Ал кейде ғой, адамшылықтан жұрдай, ақыл-зиыннан тұлдыр сары ала етек салпыаяқтарға күшігін шұбыртқан итпен бірдей үйіп-төгіп береді. Ш.Рахм.
САРЫ АЛА ТАҢНАН (ТҰРДЫ)
Таң қылаң бере (тұрып алды). ~ Сары ала таңнан тұрып ап, тірсегіңді суға кестіріп кетпен шапсаң, руың түгілі қатыныңның атын ұмытып қаларсың. Ә.Кек. ~ Сары ала таңнан тұрып, шабдар атына мініп, анадай жердегі шолғыншы төбеге шықты. Етекте тапалған төсектей мыж-мыж боп қираған қала жатыр. Ә.Кек. ~ Түнде дұрыс ұйықтай алмады; сары ала таңнан оянып ап, мазасыз ойға қайта шомды. Ш.Айт. ~ Орта ғана шаруасы бар, жақсыға да, жаманға да қосылмайтын Есен елулерді алқымдап қалған кісі еді. Сары ала таңнан сау ете қалған мылтықты, сұсты адамдарды көргенде зәре-құты қалмай, қорқып кетті. Ф.Оңғ.
САРЫ АЛТЫНДАЙ
Сап-сары, әдемі, бағалы. * Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі, тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіне ұнаған қалпында қалады да қояды. І.Ес. ~ Сол жарлардың бірінің төбесінде сары сырға боялған әдемі үй тұрады, сары алтындай болып жылтырайды. М.Дәул. ~ Сары құлынның сары алтындай болып жерге түсісімен бір аунап алып, лезде орнынан тәлтіректеп тұрып кеткеніне назарым түскен еді. Одан арғы тарихы ағайынға мәлім, — деп ол сөзін аяқтаған. К.Сег. ~ Әуелде адам мені тәуір бақты. Күнде қызылдатады. Кейде сапырып сары алтындай бал беретінін қайтерсің? Д.Қуат.
САРЫ АЛТЫНДАЙ САҚТАДЫ
Ерекше бағалады. ~ О, дүниеде бұдан тәтті тамақ бола қоймас. Әлде, Қырғыз атаның қолының сиқыры бар ма, мұндай шырын нанды сары алтындай сақтап, дәмін ұзағырақ татқымыз келеді. Қайран, қозы қарынның майы-ай! Ш.Мұр. ~ Гүл-гүл жанған тұрмысын, сары алтындай сақтап келген әйелін көрсетіп мақтанғысы келді ме, әлде бала жаста бірге оқыған жолдасымен дөңгелек стол қасында отырып, бір құмарын тарқата сырласқысы келді ме, әйтеуір ол қой жүніне ілінген тікенектей маған жабыса кетті. І.Ес. ~ Теңіз уақытымызды көңілді өткізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өзінің сары алтындай сақтаған құпия сырын да ақтартты. Ж.Верн. ~ Сары алтындай сақталған сөзім менің, Тағдырыңды жиі ойлап көз ілмедім. Сөз – бала ғой, Баладан анасының Қай уақытта көріп ең безінгенін?! С.Тұрғ. ~ Қанды көйлек жолдасты Сары алтындай сақтадым. Есет би.
САРЫ АЛТЫНДАЙ САЛМАҚТЫ
Аса маңызды, құнды. ~ Әдебиетіміз үшін де, адамдығымыз үшін де сарабдал ойлармен сары алтындай салмақтылық керек. Кеңеспен пішкен тон келте болмайды. Ж.Шәк. ~ Бейнесін берекетті Шалдарымның Санамда сары алтындай салмақтадым! С.Ад.
