Қалың қараңғылық. ~Түн қойнауынан суырыла шыққан жалғыз көзді жалмауыз сықылды ысылдап-пысылдап ұмтылған поездың тақылдаған таңдайы Дарханның миына шеге боп қағылып, жүрегі лоблыды. О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮНЕК ОРНАДЫ
Айналаны меңіреу қараңғылық. қара түнек басты. * Дастарқан басына тағы да түнек орнағандай болды. Б.Тоғ. ~ Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. М.Мағ. ~ Бәрі қосылып ән шырқады: — Айды құлатып жерге таптаймыз, Орманды жолбарыстан сақтаймыз, Патшамыздан әмір болса, Дүниені бүркеп тастаймыз. Жолбарыстың жолы болмайды, Жүрген жеріне түнек орнайды. Тамаша! Тамаша! М.Әбдіх.
ТҮН ҚОЙНЫНА СІҢДІ
Қараңғы түнде жолға шығып, көрінбей кетті. ~ Екеуі аяқтарын жіті басып, әне- міне дегенше түн қойнына сіңіп кеткен. Қ.Жұм. ~ Тұншыға өксіп қалбақтаған көлеңке түн қойнына сіңіп алыстай берді…Т.Сәу.
ТҮНЕК ТҮНДЕЙ ТҮНЕРДІ
Қабағы қарс жабылды, ашулы кейіп танытты. ~ Түнек түндей түнеріп, қара күйе жаққандай қарайып, сыр бермей сазарып отырып қалған кемпір мен шалдың сыңайын таныған қу келін оларды немересімен алдарқатты, ес жиып, етегін жауып, алты жасқа аяқ басқан Қуанышты балдай тілімен, шекердей қылығымен беріп кететінін айтқанда Мәлике сылқ етіп жібіп кетті. Ғ.Біл.
ТҮН ҚҰШАҒЫ
Түпсіз қараңғылық. * Қатшагүл артына қайта-қайта қарағыштап, Жаңылға ілесіп қараңғы түннің құшағына сіңіп барады… О.Сәрс. * Асылып — ақ Шолпанға түн құшағы, Қалуға таңмен бірге тырмысады. М.Мақ. * Түн құшағында мүлгіген елес, Қараша гүліндей солған. … Түн құшағында мүлгіген елес,– Өрмекші тоқыған тордай. Т.Таңж. * Еділ түннің құшағында күрсініп. Әлденендей қалың ойға шомады. С.Мәул.
ТҮНЕМЕЛ ҚЫМЫЗ
Екі тәулік сақталып, сапырылған, пісуі әбден жеткен қымыз. ~ Бүгін, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгі оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды. М.Әу. * Тай қазандар асылып, саба-саба түнемел қымыз әкелінді. Ә.Шәр. ~ Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. С.Жүн.
ТҮН МАУЖЫРАП ТҰР
Мүлгіген тыныштық жайлаған түнгі уақыт. * Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап Тыныш жатқан тұнық су. М.Жұмаб. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк. ~ Біз атқа мінгесіп келе жатқанда түн маужырап, дала мүлгіп жатқан кез еді. Ш.Айт.
ТҮННІҢ ЕТЕГІ ТҮРІЛДІ
Таң қылаң берді. * Айнала әлдебір жұмсақ нұр, таңғы сәуленің бояуымен әсте- әсте айқындана көрініп, түні бойы дүниені тұмшалаған қапас қараңғылық ақырындап сейіліп бара жатқан ғажайып сәт. Қаракөлеңке атаулы күн батысқа қарай елеусіз ғана сырылып, түннің етегі түріліп келе жатыр. Ж.Шағ.
ТҮН ПЕРІСІ
Мифологиялық кейіпкер. ~ Шолпысы сылдырап, түн перісіндей биязы қозғалып басып, майда самал үлбіреткен торғын шымылдық ішіне кіріп кеткен айдай сұлу тәкаппар жарына мың мәрте риза. С.Ел. ~ Жүрегі атша тулады. Жанынан жылжып өткен түн перісі дерсің. Бағы ма, әлде соры ма байғұс Қозбағардың? С.Ел.
ТҮНСАТ ҚЫЛДЫ
Қызды түнде жасырын, жедел ұзатып немесе шығарып салу. ~ Құрман: Гүлжанды қашып кетті қылып, Сағит ауылдарының ешқайсысы білмей қалған болмақ па?.. Жоқ. "Түнсат" қылып ұзатып шығарып салатын кісілер бола ма?.. Мұғалім: "Түнсат" қылмақ. Сағиттың. кіші шешесінен туған Кенжебек деген бала һәм Қыстаубай деген жігіт, — деді. С.Сей.
